Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

50 азамат ата-ана құқығынан айырылды

50 азамат ата-ана құқығынан айырылды
Ашық дереккөз
Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде 2024 жылдың 7 айында жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 18,2 пайызға азайған. Алайда салада шешімін күткен өзекті мәселелер де баршылық.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, полиция қызметкерлері өңір аумағында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында көптеген іс-шара өткізіп, қылмыс саны біршама азайған.

Қ.Мәжікенов ұсынған дерек статистикалық тұрғыда көңіл көншіткенімен кейбір мәлімет ойландырмай қоймайды. Мәселен, кәмелет жасына толмаған балаларды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттемені орындамаған жүздеген ата-ана жауапкершілікке тартылыпты.

– Бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 160 отбасы анықталды. Сондай-ақ құқықбұзушылыққа жол берген 382 жасөспірім полицияның есебіне алынды. Девианттық тәрбиедегі мінез-құлқына байланысты 18 жасөспірім арнайы режімдегі мектепке орналастырылды. 50 азамат ата-ана құқығынан айырылды немесе шеттетілді. Бұдан бөлек 225 жасөспірім бейімдеу орталығына жөнелтілді, – дейді Қ.Мәжікенов.

Сонымен қатар полицияның есебіне алынған жасөспірімдердің саны өткен жылдың межелі мерзімінде 343 болса, 2024 жылы 382-ге жеткен. Ал бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын отбасылардың саны өткен жылы 155-ке жетсе, биыл 160-ты құрап отыр. Сондай-ақ бейімдеу орталығына орналастырылған жасөспірімдердің саны үшеуге артқан. 

– Сондай-ақ түнгі уақытта көшеде үлкендердің қарауынсыз жүрген  5 468 жасөспірім анықталды. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабына сәйкес ата-аналардың жауапкершілігі қаралды. Сағат түнгі 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 156 мекеме иесі заң аясында жауапкершілікке тартылды, – дейді Қ.Мәжікенов.

 

Қалай десек те жасөспірімдердің мәселесі қоғамды толғандырмай қоймайтыны анық. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары міндетті болғанымен ата-аналар да жауапкершілік жүгін сезінгені жөн. Олай болмаған жағдайда мәселе ушыға беретін секілді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар