Тараз қаласында құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді егіп, өсіру және есірткі құралдарын ірі мөлшерде заңсыз сақтау күдігі бойынша 36 жастағы тұрғын ұсталды.
15 қарасора бұтасы бар плантацияны полиция қызметкерлері ҰҚКД-мен “Қарасора – 2024” іс- шарасын бірлесіп жүргізу аясында анықтап, жойды.
Ұсталған азамат өз ауласында өсіріп, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді көп суарып, жақсы күтімге алған. Сондай-ақ күдікті тұратын үйдің аумағындағы сарайдан тыйым салынған заттар қойылған жасырын орындар табылды.
– Кептірілмеген марихуананың жалпы салмағы – 39 келі 670 грамм. Күдікті азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, сондай-ақ осы іске қатысты барлық мән-жай анықталып жатыр. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді жинауға, өсіруге және сатуға байланысты қылмыстардың жолын кесу бойынша “Қарасора” арнайы операциясы олардың белсенді өсуінің барлық кезеңінде, яғни маусым айынан қазан айының соңына дейін жүргізілетін болады, – деді Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.