Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қызметте де, өмірде де қол ұстасып...

Қызметте де, өмірде де қол ұстасып...
Ашық Дереккөз
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде құстың қос қанатындай жарасып еңбек етіп жүрген ерлі-зайыптылар аз емес. Азаматтық қорғаныс саласы қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратындықтан осындай үлкен жауапкершілікті бір отбасында көтеріп жүрген жұптардың қызметі өзгелер үшін үлгі болады деп ойлаймыз.

Қызметте қатар жүрген отбасылардың бірі – Шынболат мен Жадыраның жанұясы. Азаматтық қорғау подполковнигі Шынболат Әзімбаев облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып еңбек етеді. 

Шынболат Берікұлы 1989 жылы 27 тамызда Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң Көкшетау техникалық институтында «Әскери іс, өрт қауіпсіздігі және адам құтқару» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Сондай-ақ 2013 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдайды. 2011-2013 жылдар аралығында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы №28237 әскери бөлімінде взвод командирі, тыл қызметі бастығының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеген. Ал 2015 жылдан бері Қордай ауылындағы №9 өрт сөндіру бекетінде және Меркі ауылындағы №11 өрт сөндіру бөлімдерінде қарауыл бастығы, Байзақ ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарып, аудан, облыс, тіпті республика көлеміндегі түрлі сипаттағы өрттер мен апаттарды жоюға белсенді атсалысып келеді.Сонымен қатар Шынболаттың білікті маман ғана емес, спортпен де белсенді айналысатынын айта кету керек. Армрестлингтен спорт шебері, дзюдодан спорт шеберіне үміткер және қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы секілді атақтарды иеленуі Шынболаттың мақсатына жетпей тынбайтын нағыз істің адамы екенін тағы бір айғақтай түседі. 

Шынболат 2011 жылы Жадыра Көбеевамен шаңырақ көтеріп, бүгінде асыл жары екеуі Мейірім, Айзере, Еркежан және Нұркелді есімді ұл-қыздарды тәрбиелеуде. Ал жұбайы Жадыра облыстық төтенше жағдайлар департаменті байланыс құралдарын басқару орталығында диспетчер болып еңбек етеді. Жадыра облыста «101» және «112» телефон нөмірлеріне келіп түскен өрт немесе түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабарды тез арада қабылдап, өңдеп, өртсөндіруші-құтқарушылардың шақырту аумағына жедел жетуін қамтамасыз ету міндетін мүлтіксіз атқаруда. 

Ерболат пен Жанар да азаматтық қорғау саласында абыройлы еңбек етіп жүрген жастардың бірі. Отағасы Ерболат Керімбаев Сарысу ауданының Ұ.Сыздықбайұлы ауылында дүниеге келген. 9-сыныпты бітірген соң  Тараз теміржол көлігі және коммуникация колледжінде білім алды. Содан бері №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде адамдардың өмірін құтқарып, тілсіз жау мен төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысып келеді. Ерболат өзінің болашақ жары, байланыс құралдарын жедел басқару орталығының диспетчері Жанар Назанованы кездестіріп, 2016 жылы жастар тағдырларын бір арнаға тоғыстырып, отбасын құрады.

Осылайша Ерболат пен Жанардың бірге қызмет жасауы отбасы болуға ықпал етті. Себебі олар жұмыс барысында көп уақытын бірге өткізе жүріп, отбасын құру туралы шешім қабылдаған. Әдетте қызметте де, отбасында да қатар жүріп, барлық уақытын бірге өткізу ыңғайсыздық тудырып жататынын айтатындар көп. Бірақ бұл олар үшін ешқандай кедергі болған емес. Қайта үнемі бірге жүру жұмыстарын жақсы атқарып, шаңырақта да шаттықты, береке-бірлікті сақтауға оң ықпалын тигізетін көрінеді.

– Кейде мен кезекшілікте болғанда, жолдасым үйде. Осылайша балаларға көңіл бөлуге мүмкіндік болады. Сондықтан еңбек демалыстарымызды бірге өткізуге тырысамыз, – дейді Жанар Назанова.

Қазіргі уақытта Ерболат пен Жанар Жанболат пен Муслим атты екі ұл тәрбиелеп отыр. Олар балаларына көп уақыт бөліп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, еңбекқорлықты, білімді болуды және салауатты өмір салтын ұстануды үйретуден жалыққан емес. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ортақ қызығушылықтары, бір бағыттағы көзқарастары бір. Әріптес ерлі-зайыптылар кез келген жағдайда бір-біріне қолдау көрсетуге дайын. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар