Бұл ретте тараздықтарға ақылы қызмет көрсетіп отырған «Жамбыл су» мекемесі 1952 жылы құрылып, осы кезге дейін «Тараз су» атауымен қызмет көрсетіп келген еді. Қазіргі таңда онда 628 маман жұмыс істейді. Кәсіпорын ұсынған қызметтің нәтижесінде тұтынушылардың 82 пайызы орталықтандырылған ауызсумен және 53 пайызы орталық кәріз жүйесімен қамтылыпты. Қала аумағында 2 217 гидрант орнатылса, су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 784,036 шақырымды құрайды. Су құбырларының нақты тозу деңгейі 64 пайызға жеткен. Яғни 111,84 шақырымдық магистральдік су тартқыштардың тозуы – 77 пайыз. Көшелік су жүйелерінің ұзындығы – 427,47 шақырым болса, 62 пайызының тозығы жеткен. Ұзындығы 244,726 шақырым ішкікварталдық су жүйелерінің де 53 пайызы ескірген.
Жалпы су құбырының ғана емес, кәріз жүйесінің де жаңғыртылуы маңызды мәселенің бірі. Қала халқының саны өсуіне байланысты кәріз жүйесін жаңарту және кеңейту аса қажетті шаруа. Өйткені кәріз жүйесі қызметін талапқа сай ету қоршаған ортаны ластанудан қорғайды. Сонымен қатар тұрғындардың денсаулығын сақтауда да маңыздылығы зор. Жаңа технологияларды қолдану, тазарту қондырғыларын орнату және ескі жүйелерді қайта жаңарту жұмыстарын жүзеге асыру арқылы осы мәселелерді шешу – кезек күттірмейтін іс.
Тараз қаласында кәріз желісі құбырларының ұзындығы 307,034 шақырым болса, тозу деңгейі – 43 пайыз. Оның ішінде коллекторлар – 51,21 шақырым (тозуы – 55 пайыз), көшелік кәріз жүйелері – 98,77 шақырым (тозуы – 45 пайыз), ішкікварталдық кәріз жүйелері 157,054 шақырымды (тозуы – 31 пайыз) құрайды. Тараз қаласында шайынды суды тазалау кешенінің болмауына байланысты кәріз сулары жалпы көлемі 217 гектар болатын 104 бөліктен тұратын сүзгі алқабына жіберілуде. Мекеме теңгерімінде 7 бірдей кәріздік насос стансасы жұмыс атқаруда.Қуаттылығы сағатына 1 070 текше метрге тең. Қалалық сүзгі алаңына кәріз суларының тәулігіне бұру көлемі 68-70 мың текше метрді құрайды. Кәсіпорын теңгерімінде қосалқы 41 электр станса бар.
«Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 2023 жылғы жалпы табыс көлемі 2 миллиард 860 миллион теңге болса, шығын көлемі 2 миллиард 814 миллион теңгені көрсеткен. Жыл қорытындысымен қаржылық нәтиже 46 миллион 117 мың теңге пайдамен аяқталады деп күтілуде.
Кәсіпорын 2019 жылы 448 миллион теңге, 2020 жылы 227 миллион теңге шығын жұмсапты. 2021 жылдан бастап операциялық шығындарды оңтайландыру нәтижесінде 0,755 миллион теңге табыс тапқан екен. Оңтайландырудың арқасында мекеме 2022 жылды 1 миллион 114 мың теңге, 2023 жылды 46 миллион 117 мың теңге табыспен аяқтапты. Қазіргі таңда жұмысшылардың айлықақысына қатысты ешқандай қарызы жоқ. Жұмысшылар уақытылы еңбекақысын алып, салықтар да өз мерзімінде төленуде.2022 жылы 1 қаңтардан бастап жалақы 20 пайызға, ал 2023 жылы 17 пайызға көтерілгенін айта кетуіміз керек. 2024 жылы еңбекақы тағы да 21 пайызға көтеріліпті. Үш жылда орташа айлықақы 132 863 теңгеден 224 612 теңгеге дейін өскен. Еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі ережесін сақтау мақсатында мекемеде жұмысшыларға арнайы киім, аяқкиім, жуынатын сабын, сүт және түскі ыстық тамақ беріледі екен. Кәсіпорынның заманауи зертханасы ауызсу және кәріз су сапасының талапқа сай болуын бақылауда ұстайды. Айына 220 сынама алынып, 1 250 анализ жасалады.
Кәсіпорындағы техникалардың 30 пайызы 25 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келе жатқандықтан тозығы жеткен. Техниканы жаңарту ісі ұзақ уақыттан бері 2018 жылы ғана қолға алынған екен. Сол кезде 85 миллион теңгеге 10 жеңіл автотехника бюджеттен және «Еуропалық қайта құру және даму банкі» есебінен 122 миллион теңгеге 2 арнайы техника сатып алыныпты. 2023 жылы бюджет есебінен 6 техника 284,6 миллион теңгеге, кәсіпорынның өз қаражаты есебінен тағы да осыншама техника 239,2 миллион теңгеге сатып алынып, техника паркі біршама жаңаланыпты. Мекемеде 2023 жылға дейін 69 техника болса, қазіргі таңда 81-ге жеткен. Тозығы жетті деген 69 техниканың 21-інің зауыттан шыққанына 25 жылдан асса, 26-сының қолданыста жүргеніне он жылдан, 22-сіне 5 жылдан жоғары уақыт болған.
Кәсіпорынның сату басқармасы бойынша барлығы 112 адам жұмыс істесе, олар 113 917 тұтынушыға қызмет көрсетеді. Кәсіпорын қызметін тұтынушылардың 5 789-ы заңды тұлға (88 пайызында 4 929 абоненттің аспаптары бар). 108 128 жеке тұлғаның 91 пайызында 94 835 абоненттің аспаптары бар.
Тараз қаласында «Жамбыл суға» қарайтын 1 277 көпқабатты тұрғын үй мен 37 226 жеке тұрғын үй бар. Басқарма жыл бойы инвентаризация жүргізу нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық фактісін анықтапты. Заңды тұлғалардың жеке тұлға болып тіркелуіне қатысты 18 факт белгілі болса, жеке тұлғалардың сумен жабдықтау жүйелеріне заңсыз қосылуы бойынша 10 факт анықталған. Қала мейрамханаларында, дәмханаларда, сауналарда, моншаларда сарқынды суларды май ұстағыштарсыз кәріз желілеріне ағызудың 62 жағдайы тіркелген. Заңды тұлғалардың келісімшартсыз су алғаны бойынша 6 факт, жаңа салынған үйлердің сумен жабдықтау жүйелеріне заңсыз қосылуына қатысты 16 факт, барлығы 112 заңбұзушылық анықталған екен. 16 тұтынушы қызмет алу жүйесінен ажыратылған көрінеді.
2023-2024 жыл аралығында жеке тұлға мәртебесіндегі тұтынушылар саны 4 911 абонентке, заңды тұлға ретіндегі тұтынушылар саны 211 абонентке өсіп, табыс 213 миллион теңгеге артыпты. Сонымен қатар жылдық су беру көлемі 9,7 пайызға, кәріз көлемі 0,3 пайызға өскен. Дебиторлық қарыз 330 миллион теңге болса, кредиторлық қарыз 262 миллион теңгені құраған.
2021 жылы бақылаушының айлықақысы 70 мың теңге болған екен. Бүгінгі күнге олардың еңбекақысы 149 мың теңгеге жеткен. Сонымен қатар айына 5 мың теңге жолақысы төленеді екен. Қаржы түсімі жоспарын орындаған бақылаушыға 30 мың теңгеге дейін қосымша айлықақы беріледі. Яғни еңбекақы осы арқылы 184 мың теңгеге дейін көтерілген, қолына 149 мың теңге алады.
– Кәсіпорын жыл сайын өз қаражатынан тарифтік сметалар арқылы инвестициялық бағдарламамен жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Су желілерінің 2022-2026 жылдар аралығында атқарылатын жөндеу жұмыстарына тариф есебінен 1,7 миллиард теңге бөлу арқылы оған 52 шақырым болатын 44 көше енгізілді. Нәтижесінде тозуы 8 пайызға төмендейді.
Ал 2020-2024 жылдар аралығында атқарылатын кәріз желілерінің жөндеу жұмыстарына тариф есебінен 900 миллион теңге қарастырылып, оған 8,5 шақырым болатын 18 нысан енгізілді. Нәтижесінде тозуы 3 пайызға төмендетіледі. Кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан бұл көрсетілген жұмыстар жеткіліксіз, тозуды жылына 1,6 пайызға ғана төмендете аламыз. Ал физикалық тозу жылына 3 пайызды құрайды. Соның салдарынан бүгінде негізгі су құбырларының тозуы 71-75 пайызға жетіп отыр. Бір айта кетер жайт, Тараз қаласы әкімінің 2023 жылғы қаулысына сәйкес қаланың құрылысы аяқталған нысандары теңгерімімізге берілген еді. 124 шақырым су құбыры желісі, 12 шақырым кәріз желісі кәсіпорын теңгеріміне алынғаннан кейін су құбырының тозуы 64 пайызға дейін түсті.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тариф саясаты бағдарламасы бойынша сапалы жұмыстар атқарып, желілер тозығын азайту және стратегиялық тауардың қымбаттауына байланысты бағаны реттеп отыру – басты міндетіміздің бірі. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментіне 2024 жылға өтінім беріліп, ол мәселе қаралды. 1 наурыздан бастап нәтижесі шықты. Қазіргі таңда алға қойылған мақсат – құбырлардың тозу деңгейін төмендету. Оны орындау үшін бүгінде әзірленген 6 жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, оң қорытынды алынды.
2024 жылға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаменті және облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлескен осы жылдың ақпанындағы бұйрығы негізінде 2 көшеге қаражатты облыстық бюджет есебінен қарастыру үшін құжаттар тапсырылған болатын. Нақты айтқанда, Қазыбек би көшесіндегі (Әйтиев көшесінен Жамбыл даңғылына дейін) Ø400мм – 1150 метр су құбырын ауыстыруға 230,48 миллион теңге, Жансүгіров көшесіндегі (Тұрысов көшесінен Жамбыл даңғылына дейін) Ø355мм – 1020 метр су құбырын жаңасына алмастыру үшін 110,49 миллион теңге сұратылды. Қалған 4 көше бойынша құбыр ауыстыру жұмысын 2025-2026 жылдары орындау көзделіп отыр.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қолдауымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Ұлттық жобасы аясында әрбір елді мекенге ауызсу және желілерді жаңғырту бойынша берілген тізімге байланысты 15 нысанға жоба жасау үшін Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тізім берілді. Нәтижесінде 51 шақырым желіні жаңғырту, желілер тозығын 8 пайызға төмендету мәселесін 2024-2026 жылдар аясында шешуге қол жеткізілді. 2024 жылы 6 көшеге жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді кәсіпорынның бас инженері Шүкірғали Ахимов.
Бұған қосымша тозығы жеткен су жүйелерінің құбырларын кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту мақсатында «Әр елді мекенде таза ауызсу» ұлттық жобасы шеңберінде 2024-2027 жылдарға жоспарланған жалпы ұзындығы 105 шақырымды құрайтын 40 көшеге жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау үшін бюджет есебінен қаражат қарастыруға тиісті тарапқа өтініш беріліпті.
Соңғы жылдары ұңғымалардың дебиті жобадағыдан 50 пайызға төмендеген көрінеді. Ұңғымалар дебитінің төмендеуі жерасты суларын өндіру көлемінің азаюына әкелетіні белгілі. Сол себептен қосымша ұңғымаларды бұрғылау қажеттігі туындапты. Осыған байланысты Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан 2024 жылы жалпы саны 35 ұңғыма бұрғылауға жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Жоба құны 4,793 миллиард теңгені құраған.
2025 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыру қолдау тапса, құрылыс-монтаждау жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу көзделуде. Су тартқыштарды жаңғырту үшін 3 нысанға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқан көрінеді.
Су қабылдағыштардың қоршауларына, басқа да қорғаныс нысандарына құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ және құрылыс жұмыстарына қаржыландыру көздерін анықтау қажет болыпты. Осы қоршауы жоқ ұзындыққа бюджет есебінен 172,725 миллион теңгеге Г тәрізді 1 410 темірбетон плиталары 2023 жылдың қазан айынан бастап сатып алынып, қазіргі таңда 1 512 метр ұзындыққа 300 данасы орнатылыпты. Осы жылдың аяғына дейін толық қоршау жұмыстарын орындау жоспарланған. Биыл қосымша бюджет есебінен 72,450 миллион теңгеге «Дүкенұлы» сорғы стансасына ұзындығы 1 890 метрге 630 дана Г тәрізді темірбетон қоршаулары сатып алынып, жеткізілуде.
Тиісті талаптарға сәйкес «Жамбыл су» кәсіпорны нысандарында бақылау мұнарасын салу, күзет жарығын монтаждау, өрт-күзет дабылы жүйесін және бейнебақылау камераларын орнату, терроризмге қарсы қорғауды жақсартуды қамтамасыз етуі тиіс. Мүліктің меншік иесі Тараз қаласының әкімдігі болғандықтан «Жамбыл су» мекемесі монополист бола отырып, өзінің шаруашылық қызметін көрсетілетін қызметтерге белгіленген тариф негізінде жүзеге асырады. Мекеме мемлекет тарапынан бекітілген тарифпен жұмыс істейтін болғандықтан бюджетінде стратегиялық маңызды нысандарды қорғауға, инженерлі-техникалық қорғаныс құралдармен жабдықтауға және басқа да қаржы көздерін талап ететін терроризмге қарсы қорғау жүйесіне, стратегиялық нысандарды инженерлік-техникалық жарақтандыруға арналған шығыстар көзделмепті. «Жамбыл су» осы мәселені шешу үшін қаржылай қаражат қарастырмаған. Оған басты себеп – бұл шығындар қала халқының қалтасына ауыртпалық түсіретіндігі. Аталған мәселенің шешімі біраз жылдардан бері табылмай келе жатқан көрінеді. Соған қарамастан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті және басқа да құзырлы, уәкілетті мекемелердің жоспарлы тексерулері мен арнайы өткізілген іс-шараларының нәтижелері бойынша күзет жабдықтарының жеткіліксіздігі үшін ұйғарымдар жазылып, нұсқамалар беріліп, мекемеге айыппұл төлеткізу ісі жүргізіліп жатқан сыңайлы. «Жамбыл су» мекемесінің жұмыскерлері үнемі нысандарды тексеруді бақылауда ұстағанымен абсолюттік қорғаныспен қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр екен.
Кәсіпорынның қолданыстағы тарифтерін сөз етсек, 1 текше метр үшін орташа тариф 1 08,9 теңге болса, оның ішінде есептеуіш құралы бар тұрғындар үшін 71,43, есептеуіш құралы жоқ тұрғындар үшін 166,07 теңге. Жылу энергетика саласындағы кәсіпорындар үшін 74,9, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер үшін 232,89, басқа тұтынушылар үшін 181, 89 теңге. Жалпы республика бойынша кәріз қызметі үшін тарифтер бізде ең төмен бағада екенін көруге болады. Сонымен қатар суық судың бағалары да орташа өңірлер қатарында екені байқалады.
«Жаһандық сумен жабдықтау объектілерін басқаруға арналған «SCADA» жобасын жүзеге асыру үшін де қажетті қаражатты қарастыру өзекті мәселе болып отыр. Бұл бағдарлама атқарушы құрылғылардың жедел диспетчерлік бақылауын қамтамасыз етеді. Технологиялық үдерістердің айырмашылық мәнін жылдам өзгертуге арналған жүйе жарықтандыру кестелерін, сорғы жұмысының циклдарын, технологиялық параметрлер үшін белгіленген апаттық шектерді болдырмауға мол мүмкіндік береді. Бұл қаланың ауызсу және кәріз желілерінің апат салдарын уақытында бағалау және дер кезінде шешім қабылдауға септігін тигізеді.
Осы орайда «Жамбыл су» мекемесі 2023 жылы өз қаражатына 6 көшеге әзірленген жалпы сомасы 1,021 миллиард теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттамаларын сараптамадан өткізіп, оң қорытынды алыпты. Жобалардың жарамдылық мерзімі 3 жыл екенін ескерсек, 2024 жылға нысандарға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуді жергілікті бюджет есебінен іске асыруға қаражат қою мәселесін қарастыру өзекті. Тараз қаласындағы тозығы жеткен су жүйелерінің құбырларын кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту мақсатында «Әр елді мекенде таза ауызсу» ұлттық жобасы шеңберінде осы жылға белгіленген жалпы ұзындығы 51 шақырымды құрайтын 15 нысанға жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау үшін бюджет есебінен қаражат қарастыру көзделіпті. Осы нысандардың ішінен 2024 жылға 6 нысан зерделеніп, жобалаушы мекемелерге тапсырыс берілген екен. Нақты айтқанда, Асқаров көшесіндегі ұзындығы 3,96 шақырым нысанның жобалаушысы – «ТМ Жоба Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Абай даңғылы (5,6 шақырым) және Қойгелді (7,25 шақырым), Көшек батыр (3,58 шақырым), Желтоқсан (4,26 шақырым), Ниетқалиев (3,47 шақырым) көшелерінің жобалаушысы – «ПУС Шымкент» ЖШС. Сонымен қатар «ПУС Шымкент» ЖШС Тараз қаласының №4 (10,37 шақырым), №7 (28,15 шақырым), №10 (19,78 шақырым) аумақтық округтері бойынша су құбырлар жүйелеріне модернизация жобасын әзірлеуге кіріскен екен. Жобалардың әзірлену мерзімі 2024 жылдың соңында аяқталады. Осы жобалар сәтті аяқталса, 2025 жылға бюджеттен жалпы 86,42 шақырым су құбырларын ауыстыруға қаражат сұрау қажеттілігі туындап тұр. Жаңа салынған және басқа да нысандардың мекеме теңгеріміне беріліп, қызмет көрсету учаскесінің ұлғаюына байланысты арнайы техника алу қажеттілігі де туындап отыр екен. Бұл ретте 9 техникаға 360 миллион теңге қажет.
– «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны инвестициялық бағдарламаны сәтімен жүзеге асырып келеді. Осы жылдың жоспарында 334 миллион теңгеге ұзындығы 7 шақырым 386 метрді құрайтын су жүйесін ауыстыру енгізілген болатын. Қазіргі таңда 180 миллион теңгеге ұзындығы 5,875 шақырым су жүйесі ауыстырылды. Бұл шамамен жоспардағы жұмыстың 80 пайызы атқарылғанын көрсетеді.
Одан кейінгі бір мәселе – біз осындай жұмыстарды атқару барысында бұрынғыдай металл емес, пластик құбырларды ауыстыру, жаңа технологияны қолдану, заманауи техника мен жаңа құрылғыларды пайдалану секілді жұмыстарды жанама атқаруға мән беретінімізде.Кейде базбіреулер тарапынан біздің атымызға «Қолда бар қаржысын неге тек қана құбырларды ауыстыруға жұмсамайды?» деген сын айтылып жатады. Құбыр ауыстыру үшін құрал-сайман талапқа сай болуы керек. Трансформаторлық парк, автотехника паркінде де мәселе болмауы қажет. Осының барлығы да мекемеде кезең-кезеңімен, өз жүйесімен шешімін тауып жатыр. Өткенде біреу «Неге сіздер 7 шақырым емес, 12 шақырым құбыр ауыстырмайсыздар?» деген сұрақ қойды. Ондай ұзындықтағы құбырды ауыстыру үшін техника талапқа сай, жеткілікті болуы тиіс. Біз құрылыс компаниясы емеспіз, біз су тарату мекемесіміз. Сондықтан біздің техника тек қана құбыр ауыстыруға емес, күнделікті авариялық жағдайға жұмылдырылатынын түсініңіздер.Биыл жаңғырту жұмысына барлығы 620 миллион 843 мың теңге бөлінсе, оның 334 миллион теңгеден астамы су жүйесіне бағытталды. 43 миллион 829 мың теңгеге мекемені техникамен жабдықтауды көздесек, қазіргі таңда сатып алу жұмыстары жүргізілуде, жылыту маусымына қарай бұл жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Күрделі жөндеу жұмысына да 180 миллион теңге бөлінді. Оның 153 миллион теңгесіне татитын жұмыс аяқталды.Бұрынғы «Теміржол су» мекемесінен біздің теңгерімге 38 шақырым су желісі өтті. Оның 90 пайызының тозығы жеткен десек болады. Өйткені теміржолдың арғы беті мен бергі бетінен 5 800 абонементті қабылдап алдық. Оларды ауызсумен қамтамасыз ететін құбырлардың бұрын ауыстырылды дегенінің өзіне кемі 50 жыл болған. Мысалы, теміржолдың арғы бетіндегі су мұнарасы – 1925 жылы салынған тарихи нысан. Бұл маңда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін салынған су жүйелері де бар. Соның барлығын кезең-кезеңімен ауыстыру міндеті тұр. Қазіргі инвестициялық жоба бойынша 17 көшенің құбыры ауыстырылса, екі көшенің жұмысы бітуге жақын қалды. Бұдан бөлек ағымдағы жөндеу жұмыстары да бар. Ағымдағы жөндеу жұмысы жыл он екі ай бойы жүреді. Өйткені бір жерде апат, бір жерде тағы басқа жағдай орын алып жатады. Бұл жұмыс тұрғындардан түскен қаражат есебінен атқарылса, бюджет есебінен 21 жоба аясында үлкен су жүйелерін ауыстыру көзделуде. Қазір 18 бригада жұмыс істеп жатқанымен оның күші жеткіліксіз болып тұр. Өйткені жаңадан ықшамаудан, тұрғын алқап, саяжайлар қосылғандықтан құбырлар желісі бұрынғыдан екі есеге асып кетті, – деді Шүкірғали Ақымұлы.
«Жамбыл су» тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында сандық технологиялар негізінде 109 нөмірі мен «WhatsАрp», «Тelegram» мессенджерлерін, «eOtinish»-ті қолданады. 2023 жылы тұрғындардан барлығы 8 688 өтініш түсіп, қаралған екен. Кері байланыс өз деңгейінде орнатылып, әрбір шағымға жауап қайтарылып және түскен шағымдардың орындалуы бақылауда ұсталады. 2022 жылы құбырлардағы ақаулар саны 5 294 болса, 2023 жылы 5 755 ақау тіркелген екен. Шағым және ақауларды дереу жою үшін тәулік бойы су және кәріз желілері бойынша кезекші бригадалар жұмыс істейді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ