Осыған орай облыс әкімдігінде кеңес өтіп, референдумды өткізуге арналған іс-шаралар жайы пысықталды. Жиынды ашып, жүргізген облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев өңірде референдумға дайындық жұмыстары күнтізбелік жоспарға сай жүргізіліп жатқанын сөз етті.
Айтуынша, өңірде дауыс беру құқығына ие 721 676 адам тіркелген екен. Тұрғындардың дауыс беруін ұйымдастыратын 508 референдум учаскесі қажетті жабдықтармен қамтылса, олардың 21-і жабық учаскелер санатында.
Облыстық және өңірлік БАҚ-та референдум учаскелерінің шекаралары, аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының құрамы жарияланған. Барлық референдум учаскелері мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімделген және қолжетімділіктің интерактивтік картасына енгізілген. Облыста мүгедектігі бар 38 723 дауыс беруші тіркелген. Олардың 7 677-сі дауыс беру кезінде ерекше жағдайды қажет ететін көрінеді.
– Жалпы облыста референдумға қатысатын 520 сайлау комиссиясы бар, сайлау комиссиясының мүшелері толық (3 616). Сонымен қатар кандидаттардың баспа үгіт материалдарын орналастыру және кездесу орындары (щит) референдумның үгіт-насихат жұмыстарына дайын.Облыста Орталық сайлау комиссиясымен 4 және облыстық сайлау комиссиясымен 3 қоғамдық бірлестік аккредитациядан өткен. Референдумды халыққа түсіндіру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімінің басқаруымен облыстық штаб және облыс әкімі орынбасарының басқаруымен өңірлік ақпараттық штаб құрылды. Референдум тақырыбын халыққа түсіндіретін 399 адамнан тұратын 11 халықтық штаб (облыстық, қала, аудандық) жасақталды. Оның ішінде 106 адамнан құрылған облыстық штаб, 293 адамнан құралған аумақтық штаб бар. Құрамына ғалымдар, физика ғылымдарының профессорлары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар енгізілді.Штаб мүшелерімен 5 қыркүйекте оқыту семинары өтіп, әдістемелік құралдар берілді.
Референдумды ұйымдастыру бойынша 2 желілік кесте әзірленді. Жалпы 1 282 іс-шараға 454 мың адамды қамту жоспарланған (сайлаушылардың 63 пайызы). Халықтық штабтың 1 069 іс-шарасымен 90 мыңға жуық адам қамтылады. Бүгінгі күні желілік кестеде жоспарланған (9-11 қыркүйек) 156 іс-шара өткізіліп, 14 мыңнан астам адам қамтылды. Сондай-ақ мемлекеттік органдарда 225 түрлі форматтағы іс-шарамен 364 мың адамды қамту көзделген. Жалпы желілік кесте бойынша 214 үгіт-насихаттық іс-шара өткізіліп, 41 230 адам қамтылды.
Халықаралық байқаушылар орталығы дайындалып, қажетті құрал-жабдықтармен, байланыс құралдарымен қамтылды. Тараз қаласы мен аудандарда 11 ақпараттық Сall-орталықтар 3 қыркүйектен жұмысын бастады. Байланыс мәліметтері облыс, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми сайтына орналастырылды. Жергілікті газеттерде 4-7 қыркүйекте арнайы хабарламалар жарияланды. Call-орталықтарына бүгінгі күнге 119 қоңырау шалынған. 109 бірыңғай диспетчерлік қызметі тұрғындарға референдум бойынша ақпарат беруде және сайлау учаскелерін анықтауына жәрдемдесуде.
109 қызметіне бүгінгі күнге дейін 55 қоңырау шалынған. Тұрғындардың өз учаскесін анықтайтын «Референдум Жамбыл» телеграм-боты іске қосылды. Бот арқылы 263 азамат өз учаскелерін анықтаған. Бұған қосымша «е-jambyl.kz» ақпараттық порталында осы қызметті ұсынатын онлайн-сервис іске қосылады. Облыста референдум күні тіркеуді растау жөніндегі 315 онлайн-сервис және Тараз қаласында тұрақты немесе уақытша тіркеуде жоқ азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыру үшін 5 жаңа сервистің жұмысы ұйымдастырылуда. Жалпы референдумға дайындық жұмыстары бақылауда, – деді Лесбек Құралбайұлы.
Жиын барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сөз алып, Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңына референдум өткізу барысында ҚР азаматтары, аккредитациядан өткен қоғамдық ұйымдар, коммерциялық емес ұйымдар, шетелдік байқаушылар мен халықаралық ұйымдардың, БАҚ-тың қатысуы туралы және қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша өзгерістер енгізілгенін тілге тиек етті. Референдумды әзірлеу мен өткізу жұмыстарына облыс бойынша 12 аумақтық сайлау комиссиясының 84 және 508 учаскелік сайлау комиссиясының 3 532 мүшесі қызмет көрсетеді екен.
– Облыс бойынша 508 референдум учаскесі құрылған. Оның 484-і әлеуметтік нысандарда, оның ішінде 370-і мектептерде орналасқан. Аймақтағы аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларындағы 99 бос орынға заң талаптарына сәйкес сайлау комиссияларының мүшелері сайланды, – деген С.Айдапкелов ҚР «Сайлау туралы» және ҚР «Республикалық референдум туралы» Заңының басқа да талаптарын бүге-шігесіне дейін түсіндірді.
Жиында Мұхтар Тілдәбекұлы барлық деңгейдегі комиссиялардың қызметі қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтап, сайлау процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуі тиіс екенін жеткізді. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайын да сөз етіп, байқаушының заңда бақылаушы емес, байқаушы деп атап көрсетілгеніне тоқталды. Ұлттық және халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері, бұқаралық ақпарат құралдарының референдумды әзірлеу мен өткізу барысын жариялау тәртібін тарқатып берді.
– Өздеріңіз білетіндей, алдындағы референдум 2022 жылы Ата заңға байланысты өтсе, 6 қазанда атом электр стансасын салуға қатысты референдум өтеді. Заң бойынша жеке тұлғаның да, заңды тұлғаның да қоғамда референдумға қатысты сауал жүргізуіне құқығы бар. Бірақ олар Орталық сайлау комисиясының мақұлдауынан өткен, мамандары сауалнама жүргізумен кемі 5 жыл айналысқан болуы секілді сауалнама жүргізудің талаптарын сақтауы керек.
Елімізде дауыс беру құқығына ие 12 миллионнан астам азамат бар. Десе де жергілікті атқарушы органдар барлық тізімді жинақтап, облыстық сайлау комиссияларына өткізуі тиіс. Ал олар Орталық сайлау комиссиясына өткізгеннен кейін белгілі болған нақты цифр қазақстандықтарға жария етілетін болады. Қазір барлық өңірде сайлау учаскелері дайын. Жамбыл облысы бойынша қандай да бір түйткілді мәселе жоқ. Бастысы біз дауыс берушілерге бар жағдайды жасап беруіміз керек. Дауыс берушілерге «Қазақстанда АЭС салуды қолда» немесе «қолдама» деп айтуға құқымыз жоқ. Ол әр азаматтың жеке ұстанымы, жеке пікірі, – деді М.Ерман.
Бұдан кейін облыстық прокуратура, полиция секілді құзырлы орган басшылары референдум кезінде қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етілетінін мәлім етті.
Облыс әкімдігінің тиісті басқарма басшылары да өздеріне қатысты міндеттер мен соның аясында атқарылатын жұмыстарға дайындық жайын баяндады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
АЭС тарихы тереңде...
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024