Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алаяқтардан айла артылмай тұр

Алаяқтардан айла артылмай тұр
Ашық Дереккөз
Технология дамыған сайын алаяқтардың да алдау әдістері жетіле түсуде. Жыл басынан бері елімізде 10 мыңға жуық онлайн алаяқтық оқиғасы тіркелген. Көбінесе азаматтар тауарларды интернет арқылы сатып алу кезінде алданған. Қулығына құрық бойламайтын алаяқтар жарнама парақшаларында сатып алушы немесе сатушы рөлінде кейіп танытып, банк қызметкері болып қоңырау шалып, азаматтарды сан соқтыруда.

Алаяқтық схемасы қарапайым: Бейтаныс, тіркеуде жоқ нөмірлермен банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, банк жүйесіндегі жеке шоттарыңызға шабуыл жасалғанын мәлімдеп, өзін банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрғанын айтады. Содан кейін деректемелер мен қаражатын сақтандыру бағытында шотын бұғаттау керектігін баяндап, жіберілген SMS-хабарламадағы кодты айтуын сұрайды. Сонымен қатар кез келген ұтыс ойындарының менеджері ретінде өзін таныстырып, жалған жеңімпаз деп танылған азаматқа сыйлықты алу үшін белгілі бір сомада қаражат аударуын өтінеді. Осындай жалған ақпараттармен деректерге қол жеткізгеннен кейін атыңыздан несие рәсімдеп, кейіннен ізін суытады. Банктегі ақшамызды ұры-қарыдан қорғаймыз деп уыстарына өз қолымызбен салып беріп жатқанымызды әсте байқамай қаламыз.Онлайн қылмыскерлер «Instagram», «TikTok», «WhatsApp» әлеуметтік желілері, «kolesa.kz», «OLX» сату мен сатып алу сайттарында да айлаларын асыруда. 

«Instagram», «TikTok», «WhatsApp» желілерінде туысқаны, досы ретінде хабарлама жіберу арқылы өтініш жасау немесе қорқытуға дейін барып, ақша салып жіберуін талап етеді. Ата-анасының немесе балаларының қиын жағдайға тап болып, сол жолдан шығару үшін үлкен сомада қаражат керек деп сендіріп, белгісіз шоттарына ақша аудартады. Әрине, орын алған оқиғадан секем алған алданушылар жағдайды ушықтырып алмас үшін қаражаттарын қалай бергенін түсінбей қалып жатады.Ал «OLХ» жарнама сайтында әрбір үшінші сатып алушы алаяқтар екенін екінің бірі білмейді. Сіздің салған жарнамаңызға ризашылығын білдіріп, жарнаманың ұнағанын айтады. Сөйтіп, тауарыңызды сатып алуға ынта білдіреді. Алайда көрсетілген мекенжайға өзінің келе алмайтынын айтып, «Қазпошта» арқылы жеткізу маманына салып жіберуді өтінеді.

Ол үшін ешқандай да ақы төлемейсіз, барлығын өзім төлеймін деп сендіреді. Сізге берілетін тауар ақысын да соларға төлейтінін жеткізіп, ақшаңызды алу үшін сізге жалған сілтеме жіберіп, картаңызды тіркеу керектігін алға тартады. Егер сол сілтемеге өтіп, картаңызды тіркеген болсаңыз, онда алаяқтардың құрбаны болып шыға келесіз.Міне, бұл алаяқтардың жарнама парақшаларындағы алдау тәсілі. Тіркелген картаңыздан ақша шешу немесе сақталған деректеріңізді пайдалану арқылы несие рәсімдеу алаяқтардың басты қаруы болып отыр.Сондай-ақ жалған аккаунт жүйесімен «OLX» сайтына көз тартарлықтай керемет дүниелердің суретін жарнамалап, оңтайлы бағаға келісіп, жасап беретінін тайға таңба басқандай етіп жазып қояды.

– Өткен жылы үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздардың біразын жаңалайық деп шештік. Жолдасым екеуміз дүкендерді аралап, сауда орталықтарын қарап шықтық. Ойымыздағыдай жиһаз таппаған соң тапсырыс берсек деп ойладық. Сонымен бір күні күйеуім «OLX» сайтынан өзіміздің қалап жүрген жиһаздың сатылымда тұрғанын, бірақ басқа қаладан екенін айтты. Байқасақ, үлкен жиһаз сататын дүкен екен. Бағасы да арзан емес. Ойлана келе, сол жақтан алғызамыз деп шештік. Саудагерлермен келісіп, олар бізге жиһазды жіберетін болды. Жолақысы да көңілге қонымды болғандықтан ақшасын қалай жібергенімізді білмей қалдық. Бірақ діттеген күні келетін жиһаздан хабар жоқ. Қоңырау шалсақ, әлгілер көтермейді. Сөйтсек, ол дүкен жоқ болып шықты. Ары-бері ізденіп едік, онымыздан түк шықпады. Бір қызығы, ол жиһаз дүкенінің жарнамасы сол қалпында сайтта әлі тұр, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Асылзат Диханқызы. 


Сондықтан интернет-алаяқтарға, алдап-соғудан алдына жан салмайтын қылмыскерлерге алданып қалмас үшін кез келген әрекетті ақыл-ой елегінен өткізіп барып іске асырыңыз. Сондай-ақ жеке деректеріңізді ешкімге ашып айтпаңыз, әлеуметтік желілерде бөліспеңіз. Жоғарыда айтылған алаяқтық тәсілдеріне тап болған жағдайда бірден «102» нөміріне қоңырау шалып, болған жайтты баяндаңыз. Банк тарапынан келген SMS-хабарламаны ешкімге айтпаңыз және де жіберілген хабарлама бойынша банктің сенім телефонына хабарласып, мән-жайды анықтаңыз.
Қылмыскерлердің құрбаны болмай, интернет алаяқтармен бірге күресейік. 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар