«Күзгі тазалық» тақырыбында өткен акция аясында Тараз қаласының 13 шағын ауданында орналасқан көпсалалы балалар ауруханасының маңы қоқыстардан тазартылды.
Қоғамда жасыратыны жоқ, тарихи орындардың аумағын ластаумен қатар, құнды жәдігерлерді қасақана қирату, түрлі жазулар жазу секілді тәртіпсіздіктерде орын алуда. Мұндай әрекеттерден Жамбыл ауданы аумағында орналасқан Айшабибі кесенесіде тыс қалып отырған жоқ. Осы орайда, тарихи орында ауыл ақсақалдары мен ардагерлері және жастар бірлесіп күтіп баптау, тазалау жұмыстарын жүргізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп атап өтті.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған игі шараға үн қосқан ауыл жастары Байзақ ауданының Сарыкемер, Шу ауданының Төле би және Алғын ауылдық округтерінде еңбек ардагерлері, тыл, жалғызбасты қарттардың аулаларында суару, арықтарын тазалау, әктеу, қоршауларды сырлау жұмыстарын жасап, көмек қолдарын созды.
Қордай ауданының тұрғындары да жеке аулаларын тазарту жұмыстарына бір мезгілде белсене атсалысты.
Жуалы ауданының жастары «Шақпақ әулие» ескерткіші маңын, ардагерлер мен жастар аллеясында тазалық жұмыстарын жүргізсе, Меркі ауданында «Достық» паркі, Т.Рысқұлов ауылдық окруінде орталық саябақ қоқыстан тазартылды.
Мойынқұм ауданында «Тазалық кіреберістен басталады» атауымен Шу өзенінің адамдар аялдайтын орындарында тазалық акциясы ұйымдастырылды.
Акция Жаңатас қаласында адамдар көп жүретін темір жол вокзалында, «Ақұбұлақ» демалыс аймағы мен көпқабатты тұрғын үйлердің маңында жүргізілді.
Жалпы, экологиялық акцияға 500-ге жуық адам қатысып, шашылып жатқан пластик қалдықтар мен қоқыстарды жинап, 100-ден астам қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.