Спикердің айтуынша, облыстағы 494 мектептің 443-і мемлекеттік және 51-і жекеменшік. 382 мектеп типтік ғимаратта, 112-сі бейімделген ғимаратта орналасқан. 111 мектеп орталықтандырылған, 383 мектеп жергілікті су бұру жүйесіне қосылған. 85 мектеп орталықтандырылған, 409 мектеп жергілікті жылыту жүйесіне қосылған.
– Бүгінде апатты, үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешу өзекті болып отыр. Облысымызда 3 апатты мектеп бар. Оның бірі – Шу ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп. 2025 жылы Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы апатты орта мектеп мәселесін мектепке спортзал, акт залы, асхана салу есебінен шешу жоспарлануда.Келесісі – Мойынқұм ауданы, Мыңарал ауылындағы Қ.Қасымов атындағы және Қарабөгет ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп. Мектептерге техникалық сараптама жүргізіліп, ғимараттардың апатты жағдайда екені расталды.
Мойынқұм ауданындағы 2 апатты мектептің мәселесі жаңа мектеп ғимараттарының құрылысы есебінен шешілуде.Облысымыздағы 4 мектепте оқушылар 3 ауысыммен білім алады. Қордай ауданының Қарасу ауылында 300 орындық мектеп салынып, нәтижесінде тұрғындардарды алаңдатқан мәселе шешіледі. Сонымен қатар Меркі ауданындағы №48 және №21 орта мектептердің негізгі ғимараттарына қосымша жапсарлас құрылыс салу жұмыстары басталды. Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшамауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде, – деді Салтанат Алибаева.
Айжан ӨЗБЕКОВА