Жиын барысында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов баяндама жасап, жаңа оқу жылына дайындық бойынша атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар және шешуді қажет ететін мәселелер туралы толық ақпарат берді.Айтуынша, жаңа оқу жылында 507 орта білім беру ұйымына 248 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. 1-сыныпқа болжаммен 20 800 оқушы қабылданады. Жазғы демалыс кезеңінде облыс бойынша бірқатар мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірінші қыркүйекте 3 мектеп жаңадан ашылса, 3 мектептің ғимараты жаңадан пайдалануға беріліп, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілмек.Оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 2,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
– Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 миллиард теңге бөлінді. 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізілуде. Акция аясында жекелеген санаттағы 1 481 балаға 38 миллион 747 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілді.Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға 9,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардағы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 5 620 тәрбиеленушіні тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 635,2 миллион теңге бөлінді, – деді Рауан Нұрғалиұлы.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мәселе. 2024 жылға жергілікті бюджет есебінен білім беру ұйымдарын жедел басқару орталықтарына интеграциялауға және дабыл түймесінің шығындарына 842 миллион 395 мың теңге және мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етуге 176 миллион 772 мың теңге, барлығы 1 миллиард 19 миллион 167 мың теңге қаржы бөлініпті.Сонымен қатар облыс аумағындағы барлық мектеп-интернаттарға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, әлі 974 бейнекамера орнату қажеттілігі анықталған. Қазіргі таңда кезең-кезеңімен камераларды орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде.Білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
– 2024 жылға 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылды. Сәтін салса, биыл 19 білім нысанының құрылысы аяқталады. Бүгінгі күні 5 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 9 оқушы орны тапшылығы бар, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі. Ал 2025 жылы 22 білім нысанының құрылысы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биыл 9 мектепке және 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарына 4,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ 2024 жылы 96 білім нысанының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 708, 511 миллион теңге қаржы қарастырылды. Жөндеу жұмыстары жақында толық аяқталады.
2025-2026 жылдары 45 білім нысанын күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптамаларын дайындау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні 25-інің жобалық-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптамасы дайын, 2024 жылға ұсынылатын болады. Ал жетеуінің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамада, он үшінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – деген басқарма басшысы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына да тоқталды.Облыс бойынша 782 мемлекеттік білім нысанының 163-і орталық жылу жүйесіне қосылған, 493-інің жылу жүйесі автономды, 120-сы пешпен, алтауы электр қуатымен жылытылады.Қазіргі таңда 257 білім нысанының қазандығы тұрақты пайдалануға берілген, ал Жамбыл ауданындағы 19 қазандыққа техникалық қызмет көрсету үшін «Жамбыл-Жылу» мекемесімен келісімшарт жасалған.
– Жылыту маусымына облыс бойынша 54 421 тонна қатты отын қажет. Оның ішінде аудан әкімдіктері тарапынан 38 779 тонна, ал білім бөлімдері тарапынан 15 642 тонна қатты отын алынады.Білім басқармасы тарапынан аудан әкімдіктерінің теңгеріміндегі қазандықтарға қатты отын алуға 832 671 миллион теңге алдын ала төлем маусым, шілде айларында жасалды.Бүгінде қажетті қатты отынды тасымалдау жұмыстары басталды. 1 қыркүйекке дейін жеткізу жоспарланып отыр.Білім беру ұйымдарының жаңа 2024-2025 оқу жылына, жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үнемі бақылауда, – деді Рауан Садырқұлов.
Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы білім саласына қатысты мәселелердің басты назарда екенін ескертті.Сонымен қатар аймақ басшысы жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалғанын ескере отырып, барлық білім беру мекемелерінің басшыларын жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырды. Білім сапасын арттыру, мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейту және оқу процесін үздіксіз ұйымдастыру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін баса айтты.
Айжан ӨЗБЕКОВА