Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тектұрмас туралы түрлі дерек бар

Тектұрмас туралы түрлі дерек бар
Ашық дереккөз
Облысымыздағы тарихи орындар мен ескерткіштер туралы таңдай қақтырарлық деректер аз емес. Міне, сондай аңызы мен ақиқаты астасқан ескерткіштердің бірі – Тектұрмас кесенесі.

Тектұрмас кесенесі – Тараз қаласының оңтүстік-шығысында, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан XIV ғасырға тән сәулет ескерткіші. Кесененің ең алғашқы сәулетшісі мен құрылысшысы жайында бірде-бір дерек жоқ. Өкінішке қарай, бүгінгі күні ғимараттың бастапқы қалпы сақталмаған. 1890 жылдардағы фотосуреттерге сәйкес кесене күйдірілген кірпіштен тұрғызылған күмбезді, төртбұрышты құрылыс болған. Кесененің бұрыштары төрт қырлы тіреумен аяқталып, қабырғаларында сылақтың іздері қалған.Танымал ресейлік археолог Михаил Массон кесене XV ғасырда салынған деп пайымдады.Ал Ресей зерттеушісі Галина Пугаченкова кесенені XIV ғасырға жатқызып, «Тектұрмас» сөзін орыс тіліне аударып, «тау жай тұрмайды» деген ұғым береді» деген байлам жасайды.XIX ғасырдың соңында кесенені шығыстанушы ғалым В.Каллаур зерттесе, 1939-1940 жылдары археолог-тарихшы Г.И.Пацевич зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1949 жылы Л.Peмпeль жетекшілік еткен облыстық тарихи-өлкетану мұражайының арнайы экспедициясы, 1980 жылы Қ.Байбосыновтың жетекшілігімен тағы да облыстық мұрaжaйдың экспедициясы, ХІХ ғасырдың бас кезінде К.Байпақовтың жетекшiлiгiмен Оңтүстiк Қaзaқcтaн кeшeндi aрхeoлoгиялық экспeдициясы зерттеген болатын. Ғылыми жұмыс нәтижесінде кесенені қоршап тұрған зираттардың орындары анықталды. Бір қызығы, мұнда үш түрлі дінді ұстанушылардың қабірлері табылған. Тектұрмас тауы маңынан зороастрлықтардың да, алғашқы христиан-несториандықтардың да, ежелгі мұсылман қабірлерінің де жерлеу орындары анықталған. Жерлеу рәсімі үшін зороастрлықтар арнайы қыш ыдыстарды – оссуарийлерді қолданған екен. 

Тектұрмас тауының үлкен көлемдегі зиратқа айналуының да өзіндік себебі бар. Ежелгі заманда адамдар егіншаруашылығына ыңғайлы болғандықтан өзендердің бойына қоныстануды жөн көргені баршаға мәлім. Диқаншылықты кәсіп еткен олар туыстары қайтыс болса жақын маңдағы төбеге жерлеген. Яғни Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан және Қырғыз Алатауының соңғы жотасы саналатын Тектұрмас тауы адамдарды жерлейтін төбеге айналып кетеді. Жалпы бұл кесенедегі тұлға жайлы да нақты деректер жоқ. Кесенедегі тұлғаның тарихы, қай ғасырда өмір сүргені, кім болғаны жайлы сұрақтарға жауап таба алмаймыз. Бірақ қандай да бір тарихи тұлғаның осы өңірде өмірін өткізгенін аңғарамыз. «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей, ел үшін бұл кісінің әулиеге тұрарлық болғанын да ескергеніміз жөн.Кесене Сұлтан-Махмұдханның жерленген орны болып саналады.Тарихи деректер Тектұрмастың өз заманында шариғат ілімдерін терең меңгерген білімді адам болғанын айтады. Бір деректерде Сұлтан-Махмұдхан әулие ретінде баяндалса, енді бір жазбаларда Қарахан мемлекеті әскерінің бас қолбасшысы ретінде суреттеледі. Бір анығы, ол ислам дінінің таралуына үлкен үлес қосқан тұлға.

Тектұрмас – халықтың қойған лақап аты.Кесененің ерекше «Тектұрмас» аталуына байланысты бірнеше дерек кездеседі.Мәселен филолог, ғалым Жанғара Дәдебаевтың айтуынша, оны өз дәуірінде хан сарайындағы бек қызметіне ұсынғанда бас тартқан. Бектіктен бас тартқан соң халық оны Тектұрмас деп атап кетеді. Сұлтан-Махмұтхан көп ұзамай дін жолына түсіп, әулие атанады. Оның әулиелігіне көзі жеткен халық мазарының басына келіп, шырақ жағып, құрбандық шалып, тілек тілеген. Бұл әулие жайында айтылған әңгімелердің бір парасы ғана. Бір аңыздa Тeктұрмac Қapaхан дәуipiнде әскepбaсы, жасауылбасы болып қызмет атқарған. Ол өз қызметін атқаруға шыққанда қара жолдың үстіндегі жолаушы, керуен біткен түгел тексеруден өтеді екен. Күдікті жайтқа куә болса, арнайы шара қолданып, адамдарды жазалап отырған. Жолаушыларды да, қарапайым халықты да үнемі тексеріп, тыныштық бермей, өзі де тыным таппай жүретіндіктен Тектұрмас деп атап кеткен.

Ж.Дәдебаевтың тағы бір аңызын тілге тиек етсек. Таластың төменгі ағысының бойында Тектұрмас атты қала болған. Осыдан бес жүз жылдай бұрын Талас бойын жат жерден келіп, қалып қойған қалмақтар билеп тұрыпты. Жергілікті ел Әмір-Темірмен сөз байласып, қалмақтарды Талас бойынан қуып шығуға келіседі. Әмір-Темір қалың қолын бастап, жорыққа шығады. Бұл хабарды естіген қалмақтар Әмір-Темірдің әскеріне ешқандай асыл зат не бұйым қалдырмаудың жолын іздестіреді. Тектұрмасқа өздері алып кете алмайтын асыл заттар мен бұйымдарды әкеліп жинайды, олардың үстіне сексеуіл және басқа отын ағаштарын үйеді. Жинаған заттары от-жалынға оранып, күлге айналады. Әмір-Темір келгенше қалмақтар түгелдей ел-жұртына қоныс аударып, көшіп кетеді.Біздің ойымызша, Тектұрмас қандай да болмасын жеке тұлғаның аты емес. Бұлай аталуының сыры: халықтың жадында терең із қалдырған адамды жұрт әулие тұтатыны белгілі. Сол себепті мінәжат етеді, перзент көрмей жүргендер жалбарынады, ауру-сырқатынан сауығуын тілейді, осындай ниетпен келіп-кетіп жатады. Яғни бұл жер ешқашан адамсыз болмайды, тек тұрмайды. Осы ойды нақтылайтын айғақты еске алайық. Талас өзенінің төменгі ағысында «Қызыл жар» ауылының маңында Тектұрмас деген көне қаланың орнын археологтар анықтап отыр. Мерзімін VII ғасыр деп белгілейді. Сонда бұл қала ислам діні тарамаған кезде, зороастризм наным-сенімі кезінде бой көтерген.

Яғни бұл атау жеке тұлғаның аты емес, халықтың сол қаланы тұрғызған тұлғаны пір тұтып, кейінгілер үнемі оны ардақтап отырғанын білдірсе керек.Қорыта айтқанда, бұл жерде жерленген адам атқарған ісімен әйгілі болған көрнекті тұлға. Қарахан мемлекетінің патшасы Мұса 960 жылы исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Содан бастап Тектұрмас әулие бар ғұмырын осы жаңа дінді жергілікті түркі тілдес халықтар арасында таратуға, соны уағыздауға арнаған. Сондықтан да оның іс-әрекеті жұрттың жадында сақталып, оны әулие деп таныған.Күмбeздiң құpылысы ислам дінi келгенге дейін жүргізілген. Ескерткішке алғашқы залал келтірген қоқандықтардың шабуылы. 1864 жылы патша әскерлері Әулиеата қаласын жаулап алу барысында қоқандықтар төбе басында тұрған Михаил Черняевтің отрядына снарядпен оқ атты.

Салдарынан кесене айтарлықтай зақымданады. Қолбасшының жазбаларында: «Әулиеатадан батысқа қарай 400 сажень жерде зират бар. Сонда кірпіштен жасалған, жартылай мүжілген іші айтарлықтай кең кесене тұр. Ол Қарахан деген қасиетті әулиенің есімімен аталады. Мұның өзі қамалды да солай атауға негіз болған. Осы арада бір жарым шақырымдай жердегі дөңесте Тектұрмас деп аталатын тағы бір әулиенің моласы бар, бұл жота соның атымен аталады», дейтін мәліметтер бар.Кейін дінге қарсы шыққан большевиктер еш аяусыз ескерткішті құлатып, оның сан жылдық кірпіштерін қант зауытының құрылысына пайдаланған. Десек те сәулет ескерткішін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 2002 жылы ортағасырлық құрылыс үлгісімен жаңа үлгіде ескерткіш қайта бой көтерді. Көк күмбез астындағы кірпіш кесененің биіктігі – 11 метр.Өн бойынан құндылықтар қуаты ескен тарихи жәдігерлер арқылы азаматтық сананы қалыптастыру, ұрпағымыздың рухани танымының деңгейін көтеріп, тарихи мұраларды тек мінәжат орны ғана емес, елдігіміздің ерен белгілерінің ерекше тұрпаттағы бір парасы деп те қарауымыз керек.

Мадина ИБАДІЛДАЕВА, 
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік 
тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар