– Жәрмеңкенің басты мақсаты – өңірлерді дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіріп шығару үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Сондай-ақ сертификаттан өткен әрі сұранысқа ие бірегей өңірлік өнімді жасауға ауыл тұрғындарын тарту, – дейді Байзақ аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күнсая Әмірова.
Бүгінгі таңда кәсіпкерліктің қанат жайып, ел сұранысына сай өнімдер әзірлеуде әйел кәсіпкерлердің орны ерекше екенін айта кетуіміз орынды. Мәселен, сарыкемерлік кәсіпкерлер Бақыт Маженова мен Жанбота Нұғыманова қауын, қарбыз қақтары, кептірілген жемістер мен даярлаған әртүрлі шай өнімдерін еліміздің түкпір-түкпірінде сатылымға шығарып отыр.Сол сияқты басқа да өздерінің қолөнер бұйымдары, азық-түлік өнімдерімен танылып отырған қыз-келіншектердің қатары көбейе түсуде.Іс-шараның ашылу салтанатында алдымен аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков сөз алды.
– Ауданымызда іскер әйелдердің қатары артып келе жатқаны қуантады. Олардың арасында аудан ғана емес, облыстық байқауларда жүлде алып жүргендері де бар. Кәсіпкерлер өздерінің өнімдерін тек көрмелерге шығарып қана қоймай, өзге де ауыл, облыс орталығына шығарып, тұтынушылардың ризашылығына ие болып жүр. Бір жағынан, бұлар ауданымыздың брендін қалыптастыруға өз үлестерін қосуда. Біз мұндай кәсіпкер қыздарымызды қолдай отырып, оларды әркез мақтан етеміз, – деді Дулат Бекбосынұлы.
Бұдан кейін облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Айгүл Ақшалова мен аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күнсая Әмірова сөйлеп, өздерінің игі тілектерін білдірді.Аудандық жәрмеңкеге 22 кәсіпкер қатысты. Олар өздерінің әртүрлі нан, сүт өнімдерін, қолдан жасалған ойыншықтар мен тоқыма бұйымдарын, шай түрлері мен аналарға арналған кимешек, қауын, қарбыз, басқа да кептірілген жемістерін, оқушылардың мектеп формалары, экологиялық таза қой жүнінен дайындалған бұйымдар мен әртүрлі балды сатылымға шығарды.Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар мен кәдесыйлар, азық-түліктер көздің жауын алады.Сондықтан оны көріп, қызықтаушылардың қарасы көп болды. Сатып алып жатқандар да аз емес. Шеберлердің қолынан шыққан әрбір затқа таңдай қағып, таңғалып жатқандарды да көзіміз шалып қалды.
Аудан әкімінің орынбасары Дулат Бекбосынұлы басқарған комиссия мүшелері кәсіпкерлердің қолынан шыққан өнімдерді түгел аралап көріп, бағасын берді.Дулат Жақыпбеков ауданымыздағы алдыңғы қатарлы кәсіпкерлер Балжан Жексенбаева, Жанна Жасұзақова, Гүлнұр Амирова, Бахыт Кәрімбайқызы және аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күнсая Әміроваларға аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды.
Ал облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шолпан Кариева бірнеше кәсіпкерді марапаттады.Жәрмеңке қорытындысында өздері өндірген өнімдеріне қарай шайдың бірнеше түрін шығарып жатқан кәсіпкер Жанбота Нұғыманова I орынды иеленіп, 100 мың теңгенің сертификатын және облыстық кәсіпкерлер палатасының I дәрежелі дипломын иеленді. Сондай-ақ әртүрлі кептірілген жеміс өнімдерін өндіруші Бақыт Мажинова мен бал өндіруші Есдәулет Исмайл II, III орындарды бөлісті. Олар тиісінше екінші, үшінші дәрежелі диплом, 50 мың және 20 мың теңгенің сертификатына қол жеткізді.Аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков жеңімпаздар мен марапат иелерін құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.Іс-шара барысында аудандық мәдениет үйінің әншілері әуезді ән шырқап, жәрмеңкенің шырайын кіргізді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист,
Байзақ ауданы