Өкінішке қарай биыл да Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары мақтанатындай нәтиже көрсете алмады. Бар-жоғы жеті жүлде алған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 43-сатыға жайғасты. Бұл жолы 1 алтын, 3 күміс және 3 қола бұйырды. Иә, 2021 жылғы Токио Олимпиадасына қарағанда медальдардың сапасы жақсырақ болды. Жапония астанасында 8 қоланы еншілеп, жалпы есепте 83-орынды қанағат тұтқан едік. Десек те жүлделердің саны жағынан ұтылдық. Өйткені осыдан үш жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда биылғы бәсекеде бір медаль кем алдық.Париж Олимпиадасының қаһарманы Елдос Сметов екені сөзсіз. Францияның бас шаһарында еліміздің Әнұранын шырқату бақыты тек жамбылдық саңлаққа ғана бұйырды. Бұған дейін де талай толағай табысқа қол жеткізген 31 жастағы Елдос Сметов Олимпия ойындарында бас жүлдені олжалаған еліміздің тұңғыш дзюдошысы ретінде тарихта қалды.Гимнаст Нариман Құрбанов күміспен күптелді.
Осыған дейін құрлықтық деңгейдегі додаларда ғана дараланған 26 жастағы алматылық сайыпқыран Парижде жасындай жарқылдады. Нариман әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионы, ирландиялық Рис Маккленаганды ғана алға жіберді. Қалған жұлдыздардың барлығын артқа тастады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Құрбановқа дейін спорттық гимнастиканы серік еткен жерлестеріміздің бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтерілген емес.1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындарында Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков грек-рим күресінен өткен жарыста барлық қарсыласын қапы қалдырып, алтын тұғырдан қол бұлғады. Аты аңызға айналған ақиық азаматтардың ерлігін қайталауға Демеу Жадыраевтың Парижде жақсы мүмкіндігі болды. Алайда ол шешуші тұста сүрінді.Жылдан-жылға құлдырап бара жатқан қазақ боксының абыройын бұл жолы Нұрбек Оралбай сақтап қалды. Басқа мақтаулы марғасқалар бірінен кейін бірі сүрініп жатқанда астаналық арлан ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, күміс медальды мойнында жарқыратты. Әйелдер арасында Назым Қызайбайдың өнері көңілден шықты. Жасы 30-дан асқанда ғана Олимпиадада күш сынасу мүмкіндігіне ие болған ол қола жүлдеге қол жеткізді. Нысана көздеушілер сайысында Александра Ле мен Ислам Сатпаев та дәл сол межеден көрінді.
Осы орайда күні бүгінге дейін қазақ елінен бірде-бір мерген спортшы төртжылдықтың басты додасында жеңіс тұғырына көтеріле алмағанын айта кетуге тиіспіз. Сол көшті Ислам мен Александра бастады.Жарыста қарсыластарына есе жіберген спортшыларымыз жайлы бірер сөз айта кетсек. Олимпиаданың он төртінші күні Қазақстан спортшылары арасындағы ең жасы Батырхан Төлеуғали жарыс жолына шықты. 80 келі салмақта сайысқа түскен ол тұсаукесер кездесуін әлем чемпионатында екі рет қола медальды қоржынға салып, Африка ойындарының жеңімпазы атанған Исмаэль Кулибалиге қарсы өткізді. Жекпе-жек барысында өте сауатты тактика ұстанған Батырхан өзінен атақ-даңқы әлдеқайда зор және бақандай бір мүшел жас үлкен танымал спортшыдан айласын асырды. Күні кеше ғана 18 жасқа толған жас таеквондошының Олимпия ойындарындағы алғашқы аяқалысы қуантты. Келесі кезеңде Б.Төлеуғали италиялық Симоне Аллесиомен күш сынасты. Қарсыласы тым азулы еді. Әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионына оның әлі жетпеді.Қазіргі бессайыстан өткен жарыста өнер көрсеткен Елена Потапенко жартылай финалда 1 301 ұпай жиып, 16-орынға тұрақтады.
Бұл нәтиже ақтық сынға жолдама алу үшін жеткіліксіз болды. Ерлер арасында сынға түскен Георгий Борода-Дудочкин 1 452 ұпай иемденіп, финалдан тыс қалды. Ескек есушілер сайысында Мария Бровкина мен Руфина Ысқақова (500 метр, каноэ-екілік) 11-орынға тұрақтады. Брейкингтен Әмір Зәкіров бақ сынады. Бастапқы бәсекелерде ол Марокко мен Тайпей өкілдерінен басым түсті. Одан кейін Нидерланд спортшысынан ұтылғанымен, ширек финалға жолдама алды. Бірақ бұл межеде жерлесіміз осы жарыстың басты фавориті, былтырғы әлем чемпионы, америкалық Виктор Монтальвоға есе жіберді.Африкадан аттай қалап алдырған жеңіл атлет Дейзи Джемпекей 10 000 метрлік қашықтыққа жүгірді. Алайда ол қазақ жанкүйерлерін қуанта алмады. Кениялық легионер мәре сызығын 17-ші болып қиып өтті.Марафоншылар жарысында Жанна Мамажанова өнер көрсетті. Осыдан үш жыл бұрын Токиода ол 46-орынға табан тіреген еді (уақыты – 2:37:42). Парижде 30 жастағы қазақ спортшысы өз көрсеткішін жақсартты. Мәреге 2 сағат 30 минут 51 секундта жеткен Ж.Мамажанова 33-орынды иемденді.
Еркін күрес шеберлерінің сайысында Мейрамбек Қартбай (57 келі) пен Азамат Дәулетбеков (86 келі) алғашқы айналымнан аса алмай, көрермендерді қатты қынжылтты. Келесі күні Юсуп Батырмұрзаев бозкілемге шықты. 125 келі салмақ дәрежесінде белдескен спортшымыз бастапқы бәсекеде польшалық Роберт Баранға есе жіберді. Көп кешікпей Польша спортшысы Грузияның алыбы Гено Петриашвилиден ойсырай ұтылды. Соның салдарынан Юсуп Батырмұрзаев жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігінен айырылды.Еркін күрестегі соңғы үмітіміз Әлішер Ерғали да сенім үдесінен шыға алмады. 97 келі салмақ дәрежесінде күрескен қандасымыз біраз жарыстың көрігін қыздырып, құрлықтық деңгейдегі додаларда сан мәрте жүлде алды. Токиодағы ойындарда бақ сынады. Елішілік жарыста қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның өзінен айласын асырды. Париж Олимпиадасының тұсаукесер кездесуінде Ерғали мысырлық Мұстафа Елдерсті 6:2 есебімен еңсерді. Көп кешікпей Ахмед Тажудиновпен күш сынасты. Бұл тартыс Бахрейннің намысын қорғаған дағыстандық балуанның айқын жеңісімен аяқталды. Жұбаныш белдесуінде Әлішердің жолы Әмір Әли Азарпирамен қиысты. Азарпир Ерғалиді оңай ұтты – 6:1. Осылайша, Париждегі жарыстан еркін күрес шеберлеріміз олжасыз оралды.
Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша АҚШ 40 алтын, 44 күміс, 42 қола медальмен көш бастады. Қытай 40 алтын, 27 күміс, 24 қола медаль еншіледі. Яғни қос командада алтын медель тең болғанымен, америкалықтарға күмістің көптігі көмегін тигізді. Жапонияда – 20 алтын, 12 күміс, 13 қола, Аустралияда 18 алтын, 19 күміс, 16 қола медаль жиынтығы бар.
Париж Олимпиадасында көршілеріміз де жақсы өнер көрсетті. Әсіресе Өзбекстан спортшыларының толағай табысына тәнті болдық. Ғаламдық додада олар 8 алтын, 2 күміс және 3 қоланы олжалап, командалық сайыста 13-орынды иеленді. Қырғызстан да қарап қалған жоқ. Олар алты жүлде олжалады. Екеуі – күміс, қалғаны – қола. Франция астанасында айыр қалпақты ағайындар 2008 жылы Бейжіңдегі (1 күміс, 2 қола) және 2021 жылы Токиодағы (2 күміс, 1 қола) табысынан екі есе асып түсті. Бұл – аталған мемлекеттің тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Нәтижесінде, олар командалық есепте 68-орынды иеленді.Осылайша тағы бір Олимпия ойындары тарих қойнауына енді. Келесі жазғы Олимпиада 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін болады.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ