Түркия қазақстандық бидай мен жасымықты сатып алуға мүдделі
- author AR-AY
- 13 тамыз, 2024
- 118
Делегация құрамына Азық-түлік корпорациясының Басқарушы директоры Рустам Жанатаев кірді.
Атап айтқанда, АӨК саласында жұмыс істейтін ірі түрік компанияларымен келіссөздер барысында Қазақстаннан Түркияға жасымық жеткізу туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.
Armada Gıda компаниясы - Қазақстанмен жұмыс тәжірибесі мол, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және экспорттауға маманданған жетекші түрік компанияларының бірі.
Осы күнге дейін Қостанайдан жасымық сатып алып келген. Екіарадағы сауда байланысын нығайту және ұлғайту үшін жасымықтың экспорттық партиялары бір жерге шоғырландырылып барып, Түркияға жіберіліп отырады. Бұл қазақстандық фермерлердің халықаралық нарықтарға шығуын қамтамасыз етеді. Және Қазақстанның шағын және орта ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау үшін маңызды қадам болып табылады.
Tiryaki Holding компаниясымен 250 мың тонна бидай жеткізу туралы меморандумға қол қойылды: компания Астанада астықты терең өңдеу жобасын жүзеге асыруда.
Сондай-ақ, Рустам Жанатаев Түрік астық басқармасының бас директоры Ахмет Гулдалмен кездесу өткізді, онда Түркияға қазақстандық астықты жеткізу көлемін ұлғайту және Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестициялар тарту мүмкіндігі мәселелері талқыланды. TMO астық нарығын реттейтін Түркияның негізгі мемлекеттік агенттігі болып табылады. Және екеуара ынтымақтастық қазақстан өнімін экспорттау үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Түрік елінің астық басқармасы ішкі нарықтағы бағалардың тұрақтылығын сақтау және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын орташа есеппен 10 миллион тонна дәнді дақыл, оның ішінде бидай сатып алады.