Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әскери госпитальдің әлеуеті қандай?

Әскери госпитальдің әлеуеті қандай?
Ашық дереккөз
Әскери дәрігер – әлемдегі ең жауапты мамандықтың бірі. Себебі, олар әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына жауап береді. Осы орайда сарбаздар саулығының сақшысына айналған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Тараз гарнизоны әскери госпиталі жайында сөз өрбітуді жөн санадық.

Госпиталь латын тілінен аударғанда «қонақжайлылық» дегенді білдіреді. Демек госпиталь әскерилерге арналған қонақжай мекен. Мұнда шені, қызметі, жасына қарамастан барлығына тең дәрежеде қызмет көрсетіледі. Ауруханада әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері де емделе алады.Әскери емхананың тарихы 1977 жылдың 23 мамырынан басталады. Дәл осы күні госпиталь КСРО Қарулы Күштері Бас штабының бөлімшесі ретінде ашылады. Содан кейін әскери құрылыс отрядының негізінде Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында тұрақты орналасқан 1028 әскери госпиталі құрылады.Аталмыш аурухана дәрігерлері Қазақ КСР-нің оңтүстік шекарасында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығына жауапты болды. Кеңес әскерлерін Ауғанстанға кіргізу басталысымен әскери госпиталь Ауғанстанның әскери-далалық госпитальдарынан келген жараланған және сырқаттанған әскери қызметшілерді оңалту және сауықтыру жұмыстарын өз міндетіне алады.

Ал 2000 жылдың басында «Оңтүстік» әскери округінің құрылуымен әскери госпитальдың екінші тынысы ашылды. Анығын айтқанда, 2002 жылдың қараша айында әскери лазарет әскери госпиталь болып өзгертілді.Кеңес одағы дәуірінде құрылған әскери госпиталь ел тарихындағы маңызды оқиғалардың барлығын бастан кешті деуге келеді.Қазіргі уақытта әскери госпиталь Қазақстан Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасына тікелей бағынатын бөлімше болып саналады.Госпитальдің алғашқы басшысы, медицина қызметінің майоры Бабақұлы Мәмедқұлиевтың есімі кейінгі буын үшін үлкен құрметке ие.Ол жаңа қызметке Түркіменстаннан келген болатын. Аурухана жаңадан құрылғандықтан материалдық-техникалық базаны құру, медициналық персоналды қалыптастыру және тәжірибе жинау үшін көп жұмыс қажет еді. Сонымен қатар 1991 жылы госпиталь қарамағында 1143 әскери лазареті құрылды.

Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығуымен және әскери-құрылыс жасақтарының қысқаруымен госпитальда емделуге мұқтаж науқастар саны едәуір азайды.Әр жылдары әскери госпитальге Б.Мамедкұлиев, К.Амодахунов, Б.Боровиков, В.Золотухин, А.Астровский, А.Шовиков, Х.Кадыров, Р.Казаков, Ж.Панов, У.Байжарасов, Б.Нұрбековтер жетекшілік етті.Бүгінгі таңда Тараз горнизонының әскери госпиталі оңтүстік өңірдегі әскери қызметшілерге, ҚР Қарулы Күштерінің қызметкерлеріне, сарбаздардың отбасы мүшелеріне мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп жүр.Әскери госпитальда мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалған.Дәрігерлер сапалы емдік шаралар көрсету үшін пациенттердің талдауларын мұқият зерттейтін лаборатория жұмыс істейді. Емханада дәрігерлерлер күн сайын қабылдау өткізіп, науқасты мұқият тексеріп, ем-дом тағайындалады.Егер емдеуді госпитальда емес, амбулаториялық негізде жүргізуге болатын болса, әскери дәріханада сарбаздарға қолжетімді дәрі-дәрмектер тегін беріледі.

Ал, егер әскери қызметкердің денсаулық жағдайы емханаға жатқызуды қажет етіп тұрса, хирургия және терапия бөлімдері науқастарды қабылдауға дайын. Әскерге келетіндердің басым көпшілігі сау болғанымен, сырқаттанып қалатын кездері болады. Осындай сәттерде әскери дәрігерлер денсаулықты қалпына келтіру үшін бар күш-жігерін салуға дайын.Әскери госпиталь бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Мұрат Фатықовтың айтуынша, мұндағы медицина қызметкерлері кез келген жағдайда күндіз-түні әскери және дәрігерлік міндеттерін орындауға әзір.

– Әскери госпиталь «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерге қызмет көрсетуге арналған. Қызмет көрсету ауқымымыз – Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстары. Аталған облыстардың әскери қызметшілеріне алғашқы және мамандандырылған медициналық көмек көрсетеміз.Әскери қызметшілердің дайындығы көбіне олардың денсаулығына байланысты. Сондықтан бұл баға жетпес ресурсты нығайту міндеті біздің мекеменің ұдайы бақылауында. Әскерге жаңа келген күннен бастап сарбаздардың денсаулығын медицина мамандары бақылайды. Жауынгерлер рентгендік диагностикамен, зертханалық талдаулармен және салалық дәрігерлердің қарауынан, яғни алғашқы медициналық тексеруден өтеді.

Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер жарты жылда бір рет толық тексеріледі.Денсаулығына шағымы бар сарбаздар әскери бөлім дәрігерлерінің бақылауымен ем алады. Қажет болғанда оларға әскери емханада бейінді мамандар қызмет көрсететінін айта кеткен жөн.Кез келген емдеу мекемесіндегідей Тараз әскери госпиталінің бөлімшелерінде жұмыс күні науқастардың денсаулығын тексерумен басталады. Әскери дәрігерлер бір күндік жұмыс жоспарына сай кейбір науқастарға инъекциялар мен процедуралар тағайындаса, басқаларын операцияға жібереді. Медициналық көмектің кең спектрі көрсетілетінін мақтанышпен айта аламыз, – дейді Мұрат Ғұсманұлы.

Госпитальда ем алған бөлім командирі, келісімшарт бойынша қызмет ететін сержант Ерлан Қабылбеков операция кезінде хирург Фарух Имамалиевпен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие болғанын күліп еске алады. Сержантқа аяқтағы қан тамырларының кеңейіп (варикоз), түйінделуін қалпына келтіру үшін ота жасалған. Қазір сержант Ерлан Қабылбеков қатарға қайта қосылып, әскери міндетін орындауда.Әскерге шақырылған жауынгер Бектас Нәскенов те Луговой гарнизонында толыққанды ем алып, қызметке қайта оралған. Суық тигізіп алған жас жауынгер жөтел өздігінен қайтады деп мән бермей, ауруханаға барғысы келмепті. Алайда, горнизондағы дәрігерлердің госпитальға жатып емдел деген сөзіне қарсы келе алмаған.

– Өзіміздің әскери бөлімшедегі медициналық бөлімде жүріп-ақ қалыпқа келемін деп ойлаған едім. Бірақ мені госпитальға емделуге жіберді. Ауруханада науқас үшін қажетті барлық жағдай қарастырылған. Дәрігерлер мен мейірбикелер білікті әрі мейірімді. Жылы сөздерінің өзі жарты дертімнен айықтырғандай. Мамандандырылған ем-дом алған соң көп ұзамай-ақ гарнизонға қайта оралдым, – дейді 03811 әскери бөлімінің сарбазы Б.Нәскенов.


Тараз қаласындағы әскери госпитальдің 47 жылдық тарихынан сыр шертетін мұрағат құжаттары ғана емханада қанша сарбазға шипа болғанын нақты айта алады. Қазір мұнда емделіп жатқан сарбаздар сауығып қызметіне қайта кіріссе, әскери аурухана жаңа науқастарды қабылдайды. Осылайша госпитальдың тарихы жалғаса бермек. Үлкен жауапкершілікті арқалаған мекеме мамандары Отанның сақшысы әскери қызметкерлерге сапалы қызмет көрсетуде ешқашан аянып қалмайды.Госпиталь қызметкерлері әлемді шарпыған коронавирустық инфекциямен күресте алдыңғы қатардан бой көрсеткенін айрықша атап өткен жөн болар.

Маңызды кезеңде әскери емханада қабылдау, хирургия, терапия, жансақтау бөлімдері қызметке тастүйін дайын тұрды. Сонымен қатар пандемия кезінде Тараз қаласындағы әскери госпитальға қарайтын жылжымалы әмбебап далалық госпиталь жасақталған. «Қазақстандық бітімгерлік полкі» негізінде құрылған далалық госпиталь қажеттілік туындаған жағдайда COVID-19 диагнозы расталған азаматтарды жатқызатын инфекциялық стационар ретінде пайдаланылған. Мәселен далалық госпиталь 2020 жылдың наурыз айында Алматы облысы, Нұрғиса Тілендиев ауылында Алматы гарнизонының әскери қызметшілеріне, инфекцияға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсетіпті. 

Жалпы коронавирус індеті өршіген тұста мекеме жылжымалы әмбебап далалық госпитальда 66 кереует дайындаған. Госпиталь күніне 300-ге дейін науқасты қабылдаған. Сондай-ақ Тараз қаласындағы әскери госпиталь облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасымен тығыз байланысып, қоян-қолтық жұмыс істеген.Өткен айдың соңында Тараз қаласы әскери госпиталінің дәрігерлері жұмылдыру жаттығуын өткізу үшін бір жарым ай мерзімге Қарағанды облысындағы Сарышаған полигонына аттанды. Олар өздерімен бірге далалық жағдайда медициналық көмек көрсетуге арналған модульдік жылжымалы далалық госпитальді алып шықты. Алты жүз шақырымдық шеруді артта қалдырған Тараз қаласы әскери госпиталінің дәрігерлері межелі жерге жетісімен әскери дала госпиталін орналастыруға кірісті. Модульдің техникалық сипаттамалары аз уақыттың ішінде шатырлы далалық аурухананы орнатып және тез арада науқастарды қабылдауға мүмкіндік береді.

Тамыз айында Сарышаған полигонында өтетін жұмылдыру жаттығуларына әскери міндеттілер тартылған. Егер олар немесе офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер медициналық көмекке мұқтаж болған жағдайда әскери дәрігерлер жәрдем көрсетуге әрқашан дайын.Модульдік әскери-далалық госпиталь қабылдау бөлімі, операциялық бөлме, таңу бөлмесі, зертхана, рентген жабдықтары, дәріхана, лазарет және көлік сынды барлық қажетті заттармен жабдықталған.Модульдік госпитальдың құрамдас бөліктері «КамАЗ» автокөлігінің базасындағы арнайы контейнерлерге орнатылған. Бұл госпиталь автономды болған жағдайда және кез келген уақытта түрлі бағытта қозғалуына мүмкіндік береді.Тараз қаласы әскери госпиталінің медициналық бөлім бастығы, медицина қызметінің майоры Ернар Садықовтың айтуынша, полигонға шеруге шығу және модульдік далалық госпитальдің қызметін жандандыру – әскери дәрігер жұмысының маңызды элементтері. 


– Бұл арқылы өзіміздің де, техникамыздың да мобильді болуын қамтамасыз ете отырып жедел медициналық көмек көрсету қабілетімізді тексереміз. Біз шеруді 12 сағат бойы тоқтаусыз жүріп өттік. Алғашқы тапсырма орындалды. Қазір одан кейінгі жұмысқа кірістік. Жылжымалы модульдік әскери госпитальдің бір ерекшелігі – көзделген жерге келгеннен кейін базаға айналып, онда басқа дәрігерлер де жұмыс істей алады, – деп атап өтті Е.Садықов.


Сарышаған полигонындағы Тараз әскери госпиталінің әскери дәрігерлері мен медбикелеріне Астана, Алматы, Қарағанды және Үшаралдан келген әріптестері қосылған. Біріккен дала госпиталін жерлесіміз Ернар Садықов басқарады. Оның басшылығымен әскери дәрігерлер тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікте болып, оқу-жаттығуға қатысушыларға қажетті медициналық көмек көрсетеді.Өткен тарихына, осында ұмытылмас еңбегі қалған әр дәрігерге құрметпен қарайтын Тараз әскери госпиталінің дәрігерлері заманауи медицина көшінен қалмай келеді. Қажет кезде қолына қару алып Отанды қорғаудан тайсалмайтын дәрігерлер өздеріне жүктелген жауапкершілікті жете түсініп, сенім үдесінен көрініп жүр. 

Ақтоты Жаңабай 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар