Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алаш абыройын асқақтатқан азамат

Алаш абыройын  асқақтатқан азамат
Ю.Ким, А.Рысмахан, А.Қартабай)
Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындарының жалауы желбірегелі де он күннен асты. Дүбірлі додада спорт жанкүйерлері сүйінетін де, күйінетін де жағдайлар орын алуда. Байрақты бәсекедегі ең жарқын сәттердің бірі де бірегейі – дзюдошы Елдос Сметовтың қазақ дзюдосы тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атануы еді.

Апта басы әулиеаталықтар үшін көптен күткен қуанышты жаңалықпен басталды. Олимп шыңын бағындырып, қазақстандықтардың оң қолын жүрек тұсына қойып, Әнұранды ерекше толқыныспен шырқауына себепкер болған Елдос Сметов туған жеріне оралды. Ел мерейін асқақтатқан спортшыны жүздеген жамбылдық жанкүйер халықаралық «Алматы» әуежайынан күтіп алып, ерекше құрмет көрсетіп, туған жері Әулиеата төріне салтанатпен сап түзеп алып келді.Ал шаһардың шығыс қақпасынан ел чемпионын күтіп алуға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен спортшылар қауымы бастаған қалың көпшілік қатысты.

Елдос Сметов көліктен түскен бойда өнерпаздар әндерін әуелетіп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, ұлттық дәм ұсынды.Туған жерге табаны тиісімен халқының ыстық құшағына көмілген елдің еріне деген сүйіспеншілігі әр тұстан «Елдос!» деп ұрандатуынан-ақ байқалып тұрды. Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев лебізін жеткізді. Тарихи алтын иегеріне ырысты елдің ақсақалдары да ақ батасын жаудырды. Облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Әбітайұлы ақжолтай тілегін арнай келе, өз сөзін:«Ұлысың қазақ елінің,Ел үшін көрмей сәт тыным.Жолымен Жақсылық ерімнің,Жарыстың алдың алтынын», деген жырмен түйіндеді.Бұдан соң төртжылдықтың басты додасында топ жарған жамбылдық жампоздың жеңісін ұлықтау мақсатында Жамбыл даңғылымен, Ы.Сүлейменов көшесінде шеру ұйымдастырылды.Мерейлі сәт Елдосқа арналған салтанатты іс-шарамен әрмен қарай жалғасты.

Тараз қаласындағы орталық стадионда Олимпиада чемпионының құрметіне эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты кеш ұйымдастырылды. Даңқты спортшыны көруге асыққан ағайынның қарасы қалың болды. Ауыл-аймақтан келген 15 мыңға жуық жамбылдық өз ұландарына қошемет білдіріп, құрмет көрсетті. Стадионның әр тұсынан «Елдос – чемпион» деп ұрандатқан көтеріңкі дауыстар үздіксіз естіліп жатты. Бір сәтте стадионның Төле би даңғылының бойындағы солтүстік қақпасынан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевпен бірге Олимпиада чемпионы Елдос Сметов кіріп келгенде жиналған жұрттың қошеметінен құлақ тұнды. Бұл – елім деген ерге көрсетілген шынайы құрметтің анық белгісі.Салтанатты сәтте ең әуелі сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл өңірі халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлайтын орда екенін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы Елдостың жарқын жеңісі барша қазақстандықтарға ортақ екенін жеткізді.


– Біз бүгін баршамыз тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында еліміз тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл жеңіс жамбылдықтардың ғана емес, барша қазақстандықтың мәртебесін асқақтатты. Ел баласы атанған Елдос Сметов дзюдо спорты бойынша тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Данқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздан кейін бірде-бір қазақ баласы бұл биікті бағындырған емес. Араға 44 жыл салып Елдос Сметов қазақтың осы арман-мақсатына қол жеткізді.Осылайша, Елдос өз жанкүйерлерінің сенімін ақтады.Жалпы әлемдік ареналарда қазақ елінің намысын қорғаған саңлақ спортшылардың дені осы Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан. Олимпиада чемпиондары – Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибрайымов, Бақтияр Артаев, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Серік Қонақбаев, Ислам Байрамуков, Болат Жұмәділов, Болат Ниязымбетов, Ақжүрек Таңатаровтар алты Алаштың абыройын аспандатқан ел мақтаныштары. Осы сәтте Әулиеата өңірі – чемпиондар өлкесі, мықты бапкерлер ордасы дегім келеді. Сондай-ақ, қасиетті Жамбыл жері – ер Елдостың жеңісінен кейін жауырыны жер иіскемеген палуандардың астанасы десек қателеспейміз.Қазақ спортының, Жамбыл жерінің даңқы артып, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін! Спортшыларымыздың келешекте жаңа белестерді бағындыруына тілектеспін, – деді Ербол Шырақпайұлы.
 

Бұдан кейін спортшының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев сөз алып, қуаныштарын бөлісуге келген жамбылдықтарға алғысын білдірді.

– Париж төрінде өткен байрақты бәсекеде ел мерейін асқақтатып, көк туымызды желбірету үшін талай кедергілерден өттік, барымызды салдық. Бүгін міне, туған жерге оралып, өздеріңізбен бірге жеңіс тойын тойлап жатырмыз. Осы тұста барлық Әулиеата жұртшылығына алғысымызды жеткізгіміз келеді. Жерлестеріміздің қолдауын жарыс кезінде қатты сезіндік, – деді Ғ.Жылгелдиев.


«Ер кезегі үшке дейін» деген нақыл сөздің текке айтылмағанын дәлелдеген спортшы бұл жеңістің барша халыққа ортақ екенін айтты.

– Бұл – Қазақстан үшін өте маңызды жеңіс. Еліме алтын медаль әкелу үшін қаншама жыл тер төктім. Өткен екі Олимпиадада күміс, қола жүлдеге қол жеткіздім. Бір сәттерде алтын алатыныма сенімім азайып, үмітім сөніп бара жатқандай сезімде болғанымды жасырмаймын. Бірақ бәрібір берілмедім. Күн сайын жаттығып, арманыма қол жеткізу үшін барымды салдым. Төрткүл әлем көз тіккен байрақты бәсекеде еліміздің туын желбіретіп, Әнұран шырқату басты мақсатыма айналды.Бізге сенім артқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мың алғыс! Сондай-ақ бізді қай кезде де қолдап, жігерлендіре білген спорт саласының өкілдеріне, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығына үлкен рақмет айтқым келеді. Менімен бірге соңына дейін күрескен бапкерім Ғалымжан Жылгелдиевке, спортқа деген махаббатымды оятқан алғашқы жаттықтырушым Ахмет Жұмағұлға айрықша алғысымды айтамын.
Париждегі жеңісім күреске, әсіресе дзюдоға қызыққан жас жамбылдықтарды жігерлендіре түседі деп сенемін. Жамбыл өңірінен әр төрт жыл сайын Олимпиада чемпиондары шығуына шын жүректен тілектеспін. Топырағы киелі Әулиеата жерінен спорт тарихында есімі алтын әріптермен жазылар, қазақ халқының мерейін асыратын талай спортшы шығады деп үміттенемін, – деді Е.Сметов.


Әсерлі кеште облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жеңімпаз оғланға су жаңа «Lexus LX 600» маркалы автокөлігі мен Тараз қаласынан 5 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Сондай-ақ, чемпионның жеке бапкеріне де «Hyundai Santa Fe» маркалы автокөлік пен облыс орталығынан 2 бөлмелі пәтердің кілті салтанатты жағдайда табысталды.Салтанатты іс-шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Жамбылдықтардың қуанышын бөлісуге келген «Алашұлы» тобы, Серік Ибрагимов, Төреғали Төрәлі, Ернар Айдар, Аdam, Тұрар, Kalifarniya көпшілік алдында өнер көрсетіп, кештің шырайын кіргізе түсті.Жамбылдықтардың делебесін қоздырған іс-шара ғаламат отшашумен аяқталды.

Ақтоты Жаңабай

(Суреттерді түсірген Ю.Ким, А.Рысмахан, А.Қартабай)

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар