Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ауыл аманаты»: тұрғындардың тұрмысы түзелді ме?

«Ауыл аманаты»: тұрғындардың тұрмысы түзелді ме?
Ашық дереккөз
2019 жылы тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру мақсатында облысымызда басталған, кейіннен «Ауыл аманаты» деп аталған қанатқақты жоба сол уақыттан бері ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдап, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешіп келеді. Байыпты бастама 2022 жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес барлық өңірде жалғасын тауып жатыр.

 «Ауыл аманаты» жобасы туралы естігенде қуанбаған ауыл тұрғыны кемде-кем. Облыс тұрғындары жоба басталған сәттен бері-ақ несиеден дәмеленіп, құжаттарын, кепілге қоятын үй-жайын ретке келтіре бастады. «Малды бағасы арзан кезінде алсақ, жақсылап бағып, 1 басын екеу жасасақ» деген шаруаның, «жеңілдетілген несие ертерек берілсе ашпақ болған кәсібіміздің жабдығын алып, нәсібімізді тапсақ» деген тұрғындардың сенімі мол еді.Бір әттеген-айы, ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоба аясында несие халыққа бірдей үлестірілмеді. Осы мәселеге қатысты жақында редакциямызға Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғыны Данияр Бекмолдадан хат келді.

Хат авторы да жылжымайтын мүліктің бағалауын жасатып, құжаттарын ерте өткізсе, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша белгіленген мөлшердегі несиені қолына әне-міне аламыз деп жүрген. Бірақ....Ойықтық тұрғынның хатына зер салсақ, ол аталмыш жобаға қатысу үшін 2022 жылы жұбайы Әсем Алдабергенованың атынан «Алдияр» жеке кәсіпкерлігін ашып, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына өтінім береді. Мұнан соң кепілге қоятын мүлкін бағалау жұмыстары жүргізіледі.

«Кепілге қойған мүлкіміз Жамбыл ауданы, Өрнек ауылы Ә.Молдағұлова көшесіндегі  №17 мекенжайда орналасқан үй болатын. Жобаға қатысуға ниет білдіріп жүрген 2022 жылы бағалаушы үйді 6 миллион 600 мың теңгеге бағалап, комиссия мүшелері мүліктің жарайтынын айтты. Алайда нотариус кепілге қойған мүліктің құжаттары дұрыс еместігін айтып, қайта жөндеуге жіберді. Араға төрт ай салып түзетілген құжаттарымды алып «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының есігін тағы қақтым. Комиссия мүшелері үйді қайта бағалауға жіберді. Бұл жолы құжатты ретке келтіру  кезінде екі үйге бөлініп есептелген қызыл кірпіштен жасалған мүлкім 10 миллион 200 мың теңгеге бағаланды.

Осылайша кепілге қоятын үйім жобаға қатысуға жарамды деп саналды.Жақсы хабар күтіп жүрген маған көп ұзамай Әнуар деген жігіт жұмыс телефонымен қоңырау шалып,  3 миллион 700 мың теңге несиеге ие болғанымды айтып қуантты. Тағы да 65 мың теңгеден  50 қой, 450 мың теңгеге  жеп-шөп аласыз деп сендірді. Өкініштісі араға үш күн салып әлгі Әнуар қайта хабарласып, «Кепілге қойған мүлкіңіз жарамсыз болып шықты, жоба талаптарына сай келмеді» деп көңілімді су сепкендей басты. 

 «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына  өзімді мазалаған сұрақтар бойынша хат жолдадым. Олар болса әлеуметтік желіме 2024 жылғы 11 маусымда «Мүлкіңіз 4 миллион 350 мың теңге тұруына байланысты өтінімнен  бас тартылды»  деген жауап жазып жіберіпті.Несие бермейтін болса жалған үміт сыйламай,  дер кезінде неге жоқты жоқ деп айтпайды? Құжат жинап әуреге түскенім ештеңе емес, бар қаражатыма жеке кәсіпкерлік ашып,  шығынға ұшырағаным  жаныма батып отыр», – деген хат авторы редакциямыздан осы мәселенін ақ-қарасын ажыратып беруімізді өтініпті.

Редакциямызға қайырылған тұрғынның мәселесін назарға алып,  «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына  хабарластық. Акционерлік қоғамның басқарушы директоры Еркін Жылысбектің айтуынша, несиеге өтінім беруші Данияр Бекмолданың кепілге қойған мүлкі 10 миллион 200 мың теңгеге бағаланғанымен, тексеріс барысында тиісті  талапқа сай болмай шыққан.

– Облысымызда «Ауыл аманаты» жобасының бес бағыты  2019 жылдан бері сәтті жүзеге асырылу үстінде. Жеке тоқталар болсақ, бірінші бағыт – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, екінші бағыт – мал шаруашылығын дамыту, үшінші бағыт – азық және жайылым проблемаларын шешу үшін ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, төртінші бағыт-кооперативтерді қажетті техникамен жабдықтау, бесінші бағыт – тұрғындардың өз кәсібін ашуға көмектесу.Жоба аясында қаржыландырудың негізгі талаптарына тоқталар болсақ, бірінші, өтініш берушілер 12 айдан астам уақыт бойы мекенжай анықтамасында тіркелген ауылдық округтерде немесе шағын қалаларда тұруы тиіс. Сондай-ақ қарыз алушының/кепіл берушінің қолданыстағы мерзімі өткен берешегінің болмауы маңызды. Қарыз алушының жасы 18-ден зейнеткерлік жасқа дейін, несие алушы жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы, несиені үй, пәтер, коммерциялық мүлік арқылы кепілмен қамтамасыз ету де негізге алынады. Сондай-ақ несиенің кепіл нысанын сақтандыру қажет.Ауылшаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора, ғимарат және тағы да басқа қажетті жағдайлардың болуы шарт.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен бірлесе құрылған ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру, қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне өткізу де маңызды. Ойық ауылының тұрғыны Данияр Бекмолданың құжаттарын осы талаптарға сай тексеріп шықтық. Нәтижесінде кәсіпкердің кепілге қойған мүлкі жарамсыз деп табылды. Анығын айтқанда, үйдің қираған, ескі екені анықталды. Сондықтан несие комитетінің 2024 жылдың 11 маусымындағы шешімімен, «Алдияр» жеке кәсіпкерлігі атынан әрекет етуші А.К. Алдабергеноваға сенім білдірілген агентінен жасалған «Сатып алынатын қызметтердің Техникалық ерекшелігіне» сәйкес, кепілге алынатын мүліктің қанағаттанарлық жағдайда болмауына байланысты несиелендіруден бас тартылды. Акционерлік қоғам тұрғынның өтінішін негізсіз қанағаттандырмай қойған емес, – дейді Е.Жылысбек. 

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы құрылған кооперативке тек жеңілдетілген несиені беріп қана қоймайды, сонымен қатар кооперативті құру, оның мүшелері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу, жарғылық құжаттарын жасақтау, сондай-ақ басқа да бухгалтерлік және салық мәселелеріне байланысты сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан стратегиялық әріптес болып саналады.Жалпы өткен жылы ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бойынша Ойық ауылында 113 тұрғынға несие келісімі беріліп, олар жалпы құны  561 миллион 240 мың теңге қаржы алды. Талас ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Серік Тәжібаевтың айтуынша ауыл тұрғындары 370 бас мүйізді ірі қара, 27 бас бұқа, 3 747 бас уақ мал, 551 бас жылқы алып, мал азығына берілген 14 миллион 35 мың теңгеге ие болған.

 – Сондай-ақ тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды төмен пайызбен несие алу арқылы қаржыландыру бағыты бойынша бір ауыл тұрғынының көлік жуу жобасы қолдау тауып, 3 миллион  950 мың теңге қаржы алды. Кооперативті жабдықтау немесе құру бағыты бойынша «Ойық Ата» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Кооператив басшысы Мақсат Кожатаев 53 миллион 720 мың теңгеге  МТЗ 892,2 маркалы 4 трактор  алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал биыл аталған кооператив лизингке жалпы құны 11 миллион 190 мың теңге қаржыға 6 ауылшаруашылығы техникаларын алып, жұмысын жандандыруда, – дейді С.Тәжібаев.


Барша бұқара қатты мүдделілік танытып отырған «Ауыл аманаты» жобасының пилоттық негізде Әулиеата өңірінде басталғанын жоғарыда айттық. Өңірде өз тиімділігін дәлелдеген жоба бүгінде өзге облыстарда да іске асырылуда. Осы ретте біз жоба аясында осы жылы атқарылып жатқан жұмыстар жайын білмек ниетте облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқан едік. Аталған басқарма басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеевтің айтуынша биыл ауылшаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдауға 39,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Тарқатып айтқанда субсидияға  19,6 миллиард, «Ауыл аманаты» жобасына  11,5 миллиард, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша несиеге 8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күні бұл қаржының 14,2 миллиард теңгесі облыстағы 10 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде төленіп, игеріліпті.

 
 – «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік  тиімділігін көрсетті. Жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген басты 2 мәселе шешімін тапты. Атап айтқанда  төмен 2,5 пайызбен несие берілді және ауылдық елді мекендердегі мүліктер, негізінен тұрғын үйлер кепілдікке қабылданды.Облыста 2019-2022 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте есепті жылмен салыстырғанда мал саны  113 241 басқа, ет өндірісі  2 110 тоннаға, сүт өндірісі  3 050 тоннаға ұлғайған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1 254 адамға қысқарған.Өңірде 2023-2024 жылдары 24 миллиард теңгеге 10 аудандағы 38 округтен 4 076 жоба қаржыландырылды. Жалпы 2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында 62 ауылдық округтегі 41,6 миллиард теңгеге 8 028 жоба мақұлданды.

 

Бұл қаржы 228 мың басқа жуық мал, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, кооперативтерге айналым қаражатын беру, өз кәсібін ашу бағыттарына жұмсалды.2019-2023 жылдары жобаға енгізілген әр 62 ауылдық округте бір-бірден ауылшаруашылығы кооперативтері құрылған. Аталған кооперативтерге жергілікті бюджет есебінен 3 миллиард теңгеге 400-ден аса ауылшаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен берілді. Техника беру жұмыстары әлі де жалғасуда.Биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге қарастырылды. Бұл қаржыға 1 200 өтінімді несиелендіру арқылы 1 672 жұмыс орнын құру жоспарланған.Сондай-ақ, облыс әкімдігі тарапынан қосымша кәсіпкерлік бағытында іске асырылатын 11,5 миллиард теңгеге 1 476 жобаның тізімі нақтыланды. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, – дейді Төлебек Болатұлы.

 


 Оның ішінде, көкөніс қоймасын салу, жеміс-жидек,  өндірістік өнімдер өсіру, сүт цехын жабдықтау, құрама жем цехын ашу, жылыжай, биогумис, бал өндірістерінің жұмысын бастау, экочикен секілді жобаларды іске асыруға ауылшаруашылығы бағытында 3,2 миллиард теңгеге 420 өтінімді қанағаттандыру жоспарланған. Сол сияқты кәсіпкерлік және өнеркәсіп бағытында 6,5 миллиард теңгеге 873 өтінім қабылданған. Алдағы уақытта бұл бағытта тігін және жүн өңдеу цехтары, туристік глэмпинг және демалыс орындары, ауылшаруашылық дрондары, балабақшаны жабдықтау, құрылыс материалдарын дайындау секілді жобалар іске аспақ. Сондай-ақ 43 ауылшаруашылығы кооперативінің су үнемдеу технологиялары, сүт цехын жабдықтау, кондитерлік цех, наубайханаға қатысты жобаларын 1,1 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру жоспарланып отыр. 

 – Бұл жобалар толық іске асырылғанда 25 мыңнан астам жаңадан жеке кәсіпкерлер тіркеліп, жылына 3,7 миллиард теңге бюджеттік түсім түсіп, 7500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар  атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 8 мыңнан астам адамға төмендеп, соның салдарынан бюджеттік үнемдеу жылына 1,0 миллиард теңгені құрамақ. Сондай-ақ нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 7 мыңнан астам адамға қысқарып, 352 мыңнан жоғары мал басы сатылып алынады және 231 мың тонна ет және сүт өнімдері өндіріледі. Үй іргесіндегі егіс көлемі 109 777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс, бақша дақылдары өндірілетін болады. Бұдан бөлек  798 мың тонна дәнді дақылдар және мал азығы дайындалады деп жоспарлануда, – дейді Т.Құлекеев.


Осылайша «Ауыл аманаты» жобасы  аясында қаржыландырылған өтінімдер  тұрғындардың табысын арттыруға, өндірістің, салық көлемінің ұлғаюына және басқа да салаларға оң әсерін тигізбек. Реті келгенде айта кетсек, егін және мал шаруашылығы бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде жыл басынан бері салада 92,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,0 пайызға артты. Негізгі капиталға 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ 644,5 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылып, 6,6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Өңірдегі жалпы мал саны 4,8 миллион басты құрады.  Сондай-ақ, 46,4 мың тонна ет, 115,4 мың тонна сүт және 43,3 миллион дана  жұмыртқа өндірілді.

Облыстағы «TRZ AGRO» компаниясының қатысуымен қайта өңдеу кәсіпорнын құру жоспарлануда. Онда ет өңдеу кешені және сою, бөлшектеу, шұжық және консервілеу цехтары іске қосылатын болады.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар