Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шешім халық еншісінде

Шешім халық еншісінде
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында экономикалық және саяси мәселеге айналған атом энергетикасын дамыту тақырыбын қозғағаны белгілі. Себебі жыл өткен сайын елде энергия тапшылығы сезілуде, электр желілері тозды. Оның үстіне бүгінгі таңда елімізде жаңадан бірнеше облыс құрылды, көптеген кәсіпорындар мен шаруашылықтар ашылып жатыр. Демек, электр энергиясына деген сұраныс бұрынғыдан да арта түсетіні анық.

Ал әдеттегідей көмір жағып энергия өндірудің шығыны да мол, табиғи зардабы да орасан. Сондықтан 1,4 миллион тонна уран қорына ие мемлекетіміз үшін аталған мәселені атом электр стансасын салу арқылы шешу тиімді болуы мүмкін. Алайда, АЭС салу қазір түбегейлі қабылданып қойған шешім емес. Президент бұл мәселе биыл күзде жалпыхалықтық референдум арқылы қорытындыланатынын айтты.

Осыған орай қазір қоғамда АЭС құрылысы жобасы жиі талқыланып жатыр.Негізі елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтардың 70 пайыздан астамы тозып тұрғаны рас. Әлем елдері мен Еуропалық одақ жасыл энергетиканы қолдау мақсатында көміртектің ауаға таралуын азайтуды көздеп отыр. Осыны ескерсек, халықты үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін АЭС салуға тура келеді әрі бұл тиімді нұсқа.

Халық арасында «АЭС салу қауіпті, жарылып кетеді» деген қорқыныш бар. Бұл жөнінде де өзім оқыған ақпаратпен бөлісе кеткенді жөн көріп отырмын. АЭС – электр энергиясын өндіру үшін «бақыланатын ядролық бөлінуді» пайдаланатын генерация көзі. Атом бомбасы жарылыс тудыратын энергияны шығару үшін бақыланбайтын ядролық бөліну реакциясын қолданады. АЭС пен бомба бір-біріне ұқсамайды, ерекшеліктері бар.

Атом электр стансаларында қолданылатын отын бомба жарылған кезде пайда болатын энергия шығарындыларын жасауға жарамайды. Реактор мен бомбаның айырмашылығы – олардағы отынның байыту дәрежесінде, яғни АЭС-те уран-235 үлесі 5 пайыздан аз болса, атом бомбасында – 90 пайыз шамасында. Реакторда уран ядроларының бөліну процесі бақыланады және нормадан сәл ауытқу кезінде сенімді қауіпсіздік жүйелерімен түзетіледі.

Мысалы, бұл үшін басқару арналары қолданылады.Сондай-ақ Қазақстанда АЭС салынар болса, ол экономиканың барлық саласына ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Себебі АЭС-тың салынуы жоғары технологиялардың жедел дамуына мүмкіндік берері сөзсіз.Энергетика тәуелсіздігін қамтамасыз етеді десек те, бұл мәселеде «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағиданы естен шығармауымыз керек. Дегенмен, Қазақстан АЭС-ке байланысты біржақты көзқарас пен шешімге биыл күзде келуі тиіс. Барлық мәселе жалпыхалықтық референдум нәтижесіне тіреліп тұр.

Марат Абдраимов, 
облыстық қоғамдық
 кеңестің төрағасы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар