Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаракөздің «берекелі ризығы»

Қаракөздің «берекелі ризығы»
Ашық дереккөз
Бұрынғыдай емес, қазір кәсіп бастаймын деген адамға мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Ең бастысы, ниет болса болғаны.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қаракөз Әбдірайымова да бақытын бизнестен тауып, табыс тайқазанын тасытып отырған кәсіпкердің бірі. 1988 жылы Талас ауданы, Тамды ауылында дүниеге келген Қаракөз Қалдыбекқызы екі-үш жылдан бері «Берекелі ризық» деген атпен танымал болған жартылай дайын өнімдер сатумен айналысады. Кәсібі аяқ астынан басталғандықтан атауын «Берекелі ризық» деп атауды жөн көріпті. 

– Қала бойынша біздің өнімдеріміздің бағасы екі есе қымбат. Себебі нарықта жұмыртқа бағасы 44 теңге болса, мен қолдың жұмыртқасын 65 теңгеден аламын. Ең бастысы сапаға ерекше көңіл бөлемін. Шынымды айтсам, тапсырыс берушінің саны маңызды емес. Не сатсам да тұтынушының көңілінен шығатындай сапалы болғаны керек, – Қаракөз Қалдыбекқызы.Төрт баланың анасы Қаракөз бұрын да саудамен айналысқан екен.

«Берекенің оннан тоғызы – саудада» демекші, жартылай дайын өнімдер пісіру кейіпкеріміздің талғамына сай келген дүние екен.Арнайы мамандардан үйреніп, курс оқып, тәуекел етіп шағын кәсібін бастап кетеді.Жыл санап кәсібінің аясы кеңейіп, бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Егер Жаратушы анаңыздың құрсағында жатқаныңызда жазып қойған ризығыңызды тіршілікте іспен ұштастыра алсаңыз өзіңізге де, айналаңызға да табыс әкелесіз. Мен ризығымды көркем жолмен іздеушімін. Баюдың ең дұрыс жолы – өзіңнің бойыңа берілген ризықты, ерекшелікті, қасиетті, дарынды табу арқылы оны сыртқы ресурстармен байланыстыра алу. Мұны білген кісі тірліктің көзін түсінген адам. Ризығыма баппен, сатылай жетіп келемін.

Несібемізді теріп, жеу үшін әрбірімізге әртүрлі қасиет берілген ғой. Әрқайсысымыз өз бойымыздағы қасиетті дамытып, сол бойынша талмай жұмыс істегенде ғана белгілі бір деңгейде жетістікке жететініміз анық. Ата-бабамыз бұл тұрғыда «Қиындықтың бәрін еңбек қана жеңбек» деп бір ауыз сөзбен түйіндеді емес пе?! «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, тәуекел етіп, іске кірісер болса, әрбір жанның қолынан биікті бағындыру келетініне сенімдімін! – деп түйіндеді сөзін еңбекқор кәсіпкер.

Бүгінде қолынан келген кәсібімен айналысып, еліміздің дамуына қомақты үлес қосып, көпке үлгі болып жүрген кәсіпкер қыз-келіншектер қатары қалың. Таңдаған салалары да өздерімен үйлесім тапқан. Егер шағын және орта бизнес дамыса, халықтың да тұрмысы жақсаратынын ескерсек, ерлермен иық тірестіріп кәсіпкерлік саласының көкжиегін кеңейтіп жүрген әйелдердің еңбегін қалай мақтап, мадақтасақ та артық етпейді. 

Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар