Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Журналист болу – арманым

Журналист болу – арманым
Ашық дереккөз
Адам өміріндегі ең маңызды, әрі жауапты сәттердің бірі – мамандық таңдау. Менің ойымша, әрбір адам өз түйсігіне сеніп, жүрек қалауымен болашақ мамандығын таңдауы керек.

Менің таңдаған мамандығым – бала кезімнен алдыма қойған мақсатымның, асқақ арманымның нәтижесі. Ол – журналист болу. Қарапайым журналист емес, жаһандық аренада танымал қазақ журналисі болу. Менің анам Мәдина Жақсылыққызы да жас кезінде журналист болуды армандапты.Бірақ әншілігі басым болды ма, Жақсылық атамның: «Сен атақты әнші боласың» деген әкелік ақыл-кеңесіне тоқтапты.Марқұм Жақсылық атам Талас ауданындағы Тамабек ауылында мектеп директоры, ал нағашы апам осы мектепте ұстаз болған екен.Кітап оқуға деген құмарлығымды оятқан – ата-анам. Екеуі өнер саласында жүрсе де Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармашылығын жақсы көретін. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілімен «Астана» ықшамауданында көрші тұрғанымды мақтан етемін.

Шындықтың шырақшысы атанған Шерхан атамыздың «Ай мен Айша» романын он қайталап оқыған шығармын. Сондай-ақ біздің үйге құландық журналист Сейсен Қожеке ата да жиі келіп тұратын. Ол кісінің майдангер атам Тұрғамбек Оспанов туралы жазған мақаласын, тарихи-шежіре кітаптарын көп оқығанмын. Облыстық «АR-AI» және «Аq jol» газеттерінде жарық көріп тұратын белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы мен ақын, журналист Есет Досалының дүниелері де жаныма жалау екенін несіне жасырамын. Журналист болуға еліктірген осы кісілер десем, артық айтқаным емес.

Менің ойымша журналистиканы таңдаған әр талапкер бүгінгі заманның шындығын аса қайсарлықпен жаза білуі тиіс. Биыл көктемде еліміздің бірқатар өңірін қарғын су басты. Ел төтенше жағдайдан есін әрең жиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үйсіз-күйсіз қалған отандастарымызға жаңа баспана салынып, мұқтаж адамдарға қаржылай да, рухани жағынан да көмек берілуде.

Енді міне, өзіміз сияқты жастар, еріктілер мен тұрғындар «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, елді мекендер мен аулаларды күл-қоқыстан тазартып, көріктендіріп, көгеріштендіруге бір кісідей атсалысуда. Осы жалпыхалықтық акцияға біздің Қаратай Тұрысов атындағы мектеп-гимназияның түлектері де үлес қосты.

Осы секілді халық үшін маңызды жайттарды, ел басына күн туған қиын сәттегі қазақ халқының бірлігін, жұмыла атқарылған игі жұмыстарды облыс журналистері үздіксіз жариялап отырды.Міне, мектеп қабырғасындағы он бір жылды артқа тастап жаңа өмірге жолдама алдық. Мен Астана қаласына өзім таңдаған мамандық бойынша оқуға түсуге бел будым. Өйткені журналист болу бала кезден бергі арманым еді. 

Айасыл Айдарқызы,
Қаратай Тұрысов атындағы 
мектеп-гимназияның түлегі,
Тараз қаласы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар