Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әкеге қарап ұл өсер

Әкеге қарап ұл өсер
Ашық дереккөз
Әке – балаға сыншы. Қазақ «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп тұспалдаған. Әкенің отбасында да, қоғамда да орны зор. Әрбір балаға өз әкесі үлгі. Оның үйдегі және қызметтегі болмысы енді жетіліп келе жатқан бүлдіршіндер үшін тау тұлғадай.

Осыған орай қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында өртсөндіруші-құтқарушылардың 7-12 жас аралығындағы балалары мен отбасы мүшелерінің қатысуымен «Менің әкем – батыр!» байқауы өтті. Байқауға асқар таудай әкелер мен балалардан құралған 8 команда қатысты. Сайыс аясында жас суретшілер де өзара бақ сынасты. Шара барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Токанов қатысушыларға өзінің жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. 

Ал сайысқа облыстық төтенше жағдайлар департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы  Әсет Биназаров, сала ардагері Роза Қуатбекова және азаматтық қорғау полковнигі Мансур Шайкрамов қазылық жасады. Байқау 4 кезең бойынша өткізілді. Бірінші  кезеңде балалар өздерін және отбасыларын таныстырып, әкелерінің атқарған ерлік істері бойынша қысқаша әңгімеледі.  Екінші кезеңде балалар өрт сөндіру қызметіне қатысты, яғни өртке жол бермеу, қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша дайындалған викториналық сұрақтарға жауап берді. Шығармашылық кезеңде  жеткіншектер өздерінің өнерлерін көрсетті. Соңғы сында қатысушылар  өртсөндірушінің өрт кезінде киетін жауынгерлік киімін неғұрлым жылдам әрі дұрыс кию бойынша жарысты. 

Жарыс арасында арнайы аниматорлар келіп, балалардың көңілін көтеріп, түрлі ойындар ұйымдастырды. Сондай-ақ балалар арнайы дайындалған фуршеттен дәм татты. Бүлдіршіндерге балмұздақтар  үлестірілді.  Сайыс өте тартысты өтті. «Менің әкем – батыр!» байқауының қорытындысы бойынша жүлделі I орынды Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің «Болашақ» тобы жеңіп алды.  Жуалы ауданы №7 өрт сөндіру бөлімінің «Сұңқар» тобы II орынды еншіледі. Ал Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің «Алатау» тобы III орынды иеленді. Сонымен қатар «Жас суретшілер» байқауы бойынша I орын Ақтөре Құрманғалиға бұйырды. II орынды   Айару Досымбек қанағат тұтса,  III орын  тұғырынан  Раяна Қалдыбек көрінді.Байқау  аяқталған соң балалар өрт сөндіру бөліміне кіріп, өртсөндірушілердің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен танысып, арнайы автокөліктерді және авариялық-құтқару жарақтарын жақыннан тамашалады. 

Э.Тілеубердіқызы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар