Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Интернеттің игілігін қашан көреміз?

Интернеттің игілігін қашан көреміз?
Ашық дереккөз
Әлем 5G жоғары жылдамдықтағы интернетке көшіп жатқан кезде біз әлі шалғай ауылдардағы интернеттің баяулығын мәселе етуден аса алмай жүрміз. Халықты түгелдей кеңжолақты интернетпен қамту барысында шалғай елді мекендерде талшықты-оптикалық желі салу мен 5G жоғары жылдамдықтағы интернет қызметін ұсыну мәселесі тек ауылдықтарға ғана тән емес. Облыс орталығындағы тұрғындар да сапалы байланыс пен мобильді интернет қызметін тұтына алмай жүр. Интернет тұрмақ, кейбір жерде тіпті байланыстың өзі нашар. Ал оның сапасын жақсартудың қандай амалы бар? Өңірдегі шалғай елді мекендер шынымен де толығымен интернет желісіне қосылмаған ба? Аймақтағы барлық білім ошақтары сапалы интернетпен қамтамасыз етілген бе? Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы мәселелер қаралды.

Жиында облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков баяндама жасады. Басқарма басшысының  айтуынша, бүгінгі таңда 367 ауылдық елді мекеннің 50-і – 2G, 69-ы – 3G, 248 елді мекен 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етіліпті.Ал талшықты- оптикалық байланыс желісі 371 елді мекеннің 199-ында орнатылса, қалған 172 елді мекен мүлдем қамтылмаған.– «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасына сәйкес 2023-2024 жылдары «Мобайл Телеком-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 68 елді мекенде 4G базалық стансасын орнатуды жоспарлаған. Бүгінге 18 елді мекенде тиісті жұмыстарды аяқтады.Ал «Kcell» акционерлік қоғамы 2023-2024 жылдарға жоспарланған 51 елді мекеннің 26-сында тиісті жұмыстарды аяқтады. Сол секілді «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2023-2024 жылдарға жоспарланған 61 елді мекеннің 28-інде өз міндеттерін орындап,  жоспардан тыс Т.Рысқұлов ауданының Қосапан ауылында 4G мобильді байланысын іске қосты. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар есебінен антенна-діңгек құрылысымен және электр желісімен қамтамасыз еткен жағдайда 28 елді мекенді 4G мобильді байланысына қосу  жоспарланған. Бүгінгі таңда Талас ауданының  Қарой ауылында округ әкімдігі тарапынан антенна-діңгек  құрылысына жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге дайын тұр.

Мобильді операторлар 5 елді мекенде, атап айтқанда, Жамбыл ауданының Сеңгірбай, Көлқайнар, Кұмсуат, Қордай ауданының Мұзбел, Шу ауданының Құмөзек ауылында өз қаражаттарына мобильді байланыс сапасын жақсартты.Талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету бойынша да айта кетсем, Ұлттық жобаға сәйкес талшықты-оптикалық байланыс желісімен облыстың 170 елді мекені және елді мекендерде орналасқан 455 мемлекеттік мекеме қамтылатын болады. Тарқатып айтқанда, биыл 30 елді мекен, 144 мемлекеттік мекеме, келер жылы 86 елді мекен, 204 мемлекеттік мекеме, 2026 жылы 44 елді мекен, 96 мемлекеттік мекеме, 2027 жылы 10 елді мекен, 11 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісінің игілігін көретін болады, – деген Руслан Москауұлы республикалық автомобиль жолдары бойындағы антенна-діңгек құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінен хабардар етті.

Ұлттық жобаға сәйкес облыста биыл 449,8 шақырымды құрайтын Шақпақата-Отар автокөлік жолында 7 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарланған. Осы бағытта бүгінгі күнге аудан әкімдіктері тарапынан да атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Мәселен, Қордай ауданында орнатылатын 3 антенна-діңгек құрылысына қатысты 2024 жылдың 21 мамырында мемлекеттік сатып алу порталында жобалық-сметалық құжатын жасауға конкурс жарияланып, жеңімпаз ретінде «Сантех-Строй Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды. Жуалыда салынатын 1 антенна-діңгек құрылысы бойынша биыл 12 маусымда мемлекеттік сатып алу порталында жобалық-сметалық құжатын жасауға конкурс жарияланды. Аяқталу мерзімі – 4 шілде. Меркіден салынатын 1 антенна-діңгек құрылысының координаттары бойынша жер телімдері анықталып, аудан әкімінің қаулысына сәйкес жер телімінің мемлекеттік актісін алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.Т.Рысқұлов ауданындағы 2 антенна-діңгек құрылысының координаттары бойынша жер телімдері анықталып, жер телімін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Мойынқұм ауданында жоспарланған 203 шақырымдық 5 антенна-діңгек құрылысы бойынша координаттары пысықталып, мобильді байланыс операторының техникалық мүмкіндіктері анықталып жатқан көрінеді.Жыл басында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығымен «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасын іске асыру жөнінде кеңес өткені есте. Сол жиын нәтижесінде интернет желілері жоқ білім ошақтарына қатысты тапсырма берілген болатын.

Нақты айтқанда, еліміздегі облыстық білім басқармаларынан цифрландыру саласындағы өңірлік басқармаларға мектептерде осы жылдың 1 тамызынан кешіктірілмейтін мерзімде жергілікті желілерді орнатуды қамтамасыз ету және интернет қызметтерін мемлекеттік сатып алу мәселесін пысықтау тапсырылған-ды. Осыған орай облыстағы 445 мектептің жергілікті желілеріне білім басқармасы мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жариялап, жеңімпаз «Транстелеком» акционерлік қоғамы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Барлық мектептердің жергілікті желілерін қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллиард 412 миллион теңге қаражат қажет екен.– Қазіргі уақытта облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім жолданып, 3 жылға қажетті қаражат сомасы 2 миллиард 299 миллион теңгені құрады. Мектептердің интернет желісінің жылдамдығын қадағалау мақсатында облыс әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасы, білім басқармасы және «Новые технологии – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған меморандум негізінде Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Талас, Т.Рысқұлов аудандарындағы 5 мектепте және Тараз қаласындағы 5 мектепте «NetXMS» платформасын пилоттық режимде қосу мүмкіндігі қарастырылуда, – деді Р.Нокрабеков.


Бұдан кейін аймақ басшысы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Тараз қаласында орналасқан мекемелері маңындағы үйлерде интернет тартпайтынын тілге тиек етіп, осы мәселені тиісті тараптармен бірігіп шешуді тапсырды. Халыққа сапасыз қызмет ұсынып отырған үш ірі ұялы байланыс операторларына айыппұл салу қажеттігін меңзеді.

 

– Республикалық маңызы бар автокөлік жолында 7 антенна-діңгек құрылысын салу мәселесінде бірқатар кемшілік бар. Мәселен, Меркі ауданында құрылыс бойынша әлі күнге дейін жобалық-сметалық құжаты жасалмаса, Т.Рысқұлов ауданы кестеден кешігіп жатыр. Барлық ауданға антенна-діңгек құрылысын мерзімінде аяқтауды тапсырамын. Сондай-ақ мектептердің жергілікті желілерін қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллиард 412 миллион теңге қаражат керек делінген. Сонда бұрын мектепте дұрыс интернет болмаған ба? Егер сіздер сұрап отырған көлемдегі қаржы бөлінгенімен білім ошақтарында интернет сапасы жақсармай, ақша ысырап болса ше? Ең басты мәселе – интернеттің баяулығы. Интернеттің сапасыздығы жасырын нәрсе емес. Тіпті біздің облыс әкімдігі ғимаратында да осы олқылықтар бар. Облыс орталығы осындай күйде болғанда, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың жағдайы айтпаса да түсінікті. Интернет сапасын жақсартуға күш салып, осы бағыттағы жұмыстарды ширату керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.

 


Аймақ басшысының «Мектептердегі интернет сапасын жақсартуға бөлінген қаражат желге ұшпай ма?» деген сұрағына қатысты аталған басқарма басшысы: «Бұл жерде білім мекемелеріне қанша технология орнатылғаны емес, желінің тарату жүйесі жүйелі жұмыс істегені маңызды. Қазір барлық мектепте интернет бар, бірақ ол әр кабинетке бірдей жете бермейді. Аталған қаражат осы кедергілерді жою, яғни интернетті тарату сапасын жақсарту үшін қажет», – деді.


Мұнан соң күн тәртібіне сәйкес облыс әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов бұқаралық спортты дамыту бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың ретін баяндады. Оның айтуынша, осы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша, облыста денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 496 мың адамға жеткен. Бүгінде бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, облыс тұрғындарын денешынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында аймақта 303 спорт нұсқаушы жұмыс атқаруда. Оның ішінде 250 спорт нұсқаушысы облыс аудандарында еңбек етіп жүр. Облыстағы 153 ауылдық округ толықтай спорт нұсқаушыларымен қамтылған. Сонымен қатар барлық ауыл-аймақтарда спорт мекемелерінің қатары  жыл санап артып келеді.

Ақтоты Жаңабай
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар