28 маусым – БАҚ қызметкерлерінің дәстүрлі төл мерекесі қарсаңында облыстың ақпарат саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан өңірлік БАҚ саласының бірқатар өкілі марапатталды. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі көркемсурет галереясында өткен мерекелік іс-шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, журналистерді төл мерекесімен құттықтады. Ербол Шырақпайұлы журналистер қауымы қоғамда ұлттық құндылықтарды дәріптеуде жақсылықтың жаршысы болып келе жатқанын, ақпарат саласы осындай ұлтжандылықтың арқасында алға қарай қадам басқанын тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұрнағы жылы халыққа арнаған Жолдауында: «Отандық ақпарат құралдарының елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты өз көзқарасы болуы керек. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты», – деген еді. Бұл ақпарат саласының қоғамдағы рөлінің жоғары екендігін көрсетеді.Осы ретте Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген ғұмырлы сөзі еске түседі. Бұл – бүкіл ақпарат әлеміндегі журналистердің жұмысына берілген баға. Журналистика саласына артылар міндет пен жүктің жеңіл емес екендігін бір-ақ сөзбен аңғартса керек.
Расымен де бүгінгі әлеуметтік желінің ықпалы артқан кезеңде елге шынайы әрі сапалы ақпарат беру үшін кәсіби біліктілік пен батылдық керек. Сіздердің осы бағыттағы үздік қызметтеріңізге шынайы алғысымды білдіремін.Ақпарат әлемінің өткен дәуірінде өңірімізден шыққан қазақ журналистикасының қаранарлары есімдерін алтын әріппен қалдырғаны белгілі. Олардың қатарында Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Бақтияр Әбілдаев, Мұса Рахманбердиев, Баттал Жаңабайұлы және тағы басқа ағаларымыздың есімін біз әрқашан құрметпен еске аламыз.Ел Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне әрқашан қолдау көрсетіп, зор сенім артып келеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, жақында ғана Мемлекет басшысы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және журналистердің мәртебесін көтеру мақсатында «Масс-медиа туралы» заңға қол қойған болатын. Жаңа заң журналистердің игілігіне қызмет атқарарына сенімім мол.Құрметті қауым! Өңірімізде де ақпарат саласына барынша көңіл аударылуда. Медиа саласына қолдаулар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сіздерге еселі еңбектеріңіз үшін тағы да үлкен алғысымды білдіремін.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға шығармашылық табыстар тілеймін! – деді Ербол Шырақпайұлы.
Іс-шара барысында облыс әкімі «Jasyn» ақпараттық порталының жетекшісі Оралхан Дәуітті «Құрмет» орденімен, облыстық «AQ JOL» газетінің фототілшісі Ағаділ Рысмаханды «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Талас аудандық «Талас тынысы» газеті, Меркі аудандық «Меркі тынысы» газеті, Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газеттерінің бас директоры Олжас Иенбергенді «Шапағат» медалімен, ардагер журналист Жарылқасын Нұралиевті «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, облыстық «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімханды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен марапаттады. Бірқатар БАҚ өкілі облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына және Жамбыл облысының «Үздік журналисі» төсбелгісіне ие болды.
Жиында сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев: «Құрметті журналистер, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, баршаңызға шығармашылық табыс, дендеріңізге саулық, обасыларыңызға амандық тілеймін!» – дей келе, бірнеше қаламгерге облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті.Бұдан кейін сөз ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионовқа берілді.– Бір сөзбен айтқанда, журналистер қауымы барлық кәсіп иелерінің жасампаздық еңбектерін жұртқа паш етуде. Оларды елге таныстырып, рухын көтеруде. Журналистер – шаршауды білмейтін кәсіп иелері. Олар уақытпен санаспайды, олардың кез келген уақытта қаламы қолында жүреді. Шындықтың шынайы жаршысы да осы журналистер. Жылда бір мәрте ғана көрсетілетін мұндай құрметке барлық журналист лайықты деп есептейміз. Жанкешті кәсіп иелері – журналистерге облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тарапынан көрсетіліп жатқан бүгінгі дәстүрлі марапаттау рәсіміне айтар алғысымыз шексіз, – деді Ж. Миллионов.
Өз кезегінде аталған Одақ төрағасы қолынан «Ұлы шаңырақ» республикалық газетінің бас редакторы Жапар Сатылғанов Қазақстан Журналистер одағының «Алтын» медалін иемденсе, ардагер журналист Қуаныш Иембердиев «Құрметті журналист» атағын алды.Айта кету керек, Жапар Тілеужанұлы 40 жылдан бері табиғатты қорғау мәселелерімен айналысып келеді. Атақты этнограф этнография және экология мәселелеріне арналған үш кітап пен көптеген мақаланың авторы.Марапаттау рәсімінде арадагер журналистердің атынан Бекет Момынқұл, Ғалым Қасабай сөз алып, ізгі тілек-ниеттерін арнады.Медиа салада өңірдің абыройын асқақтатып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жан-жақты қамтып, жетістіктерін насихаттауда тер төгіп жүрген журналистер қауымына осындай құрмет көрсетілді.Еліміздің бүгіні мен ертеңін қалыптастыруда, ішкі-сыртқы тұрақтылықтың сақталуына журналистер қауымы да өз үлесін қоса беретіні сөзсіз. Билік пен халықтың арасын алтын көпір ретінде жалғайтын төртінші билік өкілдері жұртшылық арасында тегеурінді күш ретінде таныла беретініне сеніміміз кәміл!
Нұрым Сырғабаев