Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Педагогтың мәртебесі де, беделі де биік

Педагогтың мәртебесі де, беделі де биік
Ашық дереккөз
Ұстаз деген – ұлы әрі ардақты ұғым. Бұл мамандық иелерінің қай кезде болмасын беделі асқақ, мәртебесі биік. Себебі елдің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында десек, сол келешекті тәрбиелейтін, оларға ұлттың ұлылығын ұлықтап қана қоймай, даналықтың даңғыл жолын дәріптейтін осы ұстаз, педагогтар.

Бүгінгі күні жастар арасында ұстаздықтың ұлы жолына түскендердің қатары қалың. Жыл сайын талапкерлердің саны артса, демек, бұл саладағы бәсекелестіктің де қызып тұрғанын көрсетеді.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» десе, Мағжан Жұмабаев та «Алты Алаштың баласы бас қоса қалса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп, ұлы мамандықтың беделін одан сайын көтергендей. Абай Құнанбаевтың да «Бір әріп үйреткен ұстазыңа, қырық жыл тағзым ет» деген нақыл сөзі де қай қоғамда болмасын мұғалім мәртебесінің қаншалықты зор екендігінің айқын дәлелі. Ал халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет.

Өйткені ұстаз ұрпақты тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, ғалымы мен данасын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», – деген екен.Мемлекетіміз әрбір ұстаздың еліміздің дамуына қосып жатқан үлесін аса жоғары бағалайды. Мемлекет басшысының ұстаздар қауымына әрқашан үлкен қолдау көрсетуі осы сөзіміздің айғағы болса керек. Осы тұста елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Осылайша педагогтың мәртебесі заңмен бекітіліп, қорғалатын болды. Заңға 2019 жылдың 30 желтоқсанында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған заңның қабылдануының өзіндік мақсат-міндеті бар.

«Педагог мәртебесі туралы» заң білім саласына серпіліс әкелді. Педагогтардың құқы арнайы заңмен қорғалатыны олардың қоғам алдындағы еңсесін жоғарылатып тастағаны анық. Ал заңда көрсетілген педагогтың құқығы «Білім туралы» заңда, «Еңбек кодексінде» және тағы да басқа заңдарда бұрыннан бар болатын. Бекітілген құжат аясында мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының құқығы мен көзқарасы заңдық тұрғыда қорғалатыны көңілге медеу. Зайырлы мемлекетте заңға бағына отырып жұмыс істей білсек, еліміздегі білімнің сапасы арта түсетіндігіне сеніміміз мол.Заң жобасы 19 баптан тұрады және 500 мыңнан аса аталған қызмет иелерін қамтамасыз етуге арналған.

Онда ұстаздардың мерейі мен беделін көтеруге бағытталған ережелер көрсетілген. «Педагог мәртебесі туралы» заңның мақсаты – ұстаздардың мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жөнді-жөнсіз тексерулерден, міндетті емес қызметтерден қорғау және ынталандыру сияқты өзге де мәселелерді заңды түрде орнықтыру.«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында ұстаздарға көптеген жаңашылдық қарастырылған. Педагогтардың жоғын жоқтап, қызметін қолдау мақсатында олардың кәсіби қызметіне қатысты бірқатар ереже  қабылданды:Кәсіби қызметті қамтамасыз ету шарттары.Бұл ретте педагогке өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасалады делінген аталған заңда.

Кейде мектептерге бір уақытта бірнеше тексеріс жүргізіледі. Келген комиссияға жеке кабинеттер бөлініп, жұмыс барысын түсіндіру үшін қызметкерлер көп уақыт жұмсайды. Соның салдарынан жұмыс режимі де бұзылады. Парламент отырысында айтылған Бас прокуратураның ақпараты бойынша, соңғы 2 жылда бақылау-қадағалау органдары мектептерде 10 мыңға жуық тексеру жүргізсе, оның 8 мыңы немесе 80 пайызы жоспардан тыс болып шыққан. Бұдан былай бұл қызмет иелерін оның кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмысқа жұмылдыруға жол берілмейді. Сондай-ақ жөн-жосықсыз тексерістер де азайтылатын болады.

Ендігі педагог мамандарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсыну, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу талап етілмейді. Заңмен бекітілген бұл нормалар бұзылған жағдайда құқықбұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады.Педагогтың кәсіби қызметтегі құқықтары.Қолданысқа енген заң аясында бұл мамандық иелерінің құқықтары да көрсетілген. Бұған сай мұғалім педагогикалық қызметті ұйымдастыру тәсілдері мен нысандарын таңдауда еркіндікке ие. Өзінің кәсіби ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүдделі.

Өзге лауазымды тұлғалардың оның кәсіби қызметіне араласуына жол берілмейді. Ендігі жерде олар ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті жүзеге асыруға, педагогикалық практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге, оқыту мен тәрбиелеудегі жетілдірілген авторлық бағдарламаларды даярлауға және қолдануға құқылы.Оқу құралдарын, материалдарды және білім беру бағдарламасына сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің өзге де құралдарын таңдауға, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді және оқу құралдарын әзірлеуге қатысуға да мүмкіндік қарастырылады.Тағы бір мүмкіндік  – біліктілік санатына қатысты болды. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарынан өзге мұғалімдер мерзімінен бұрын біліктілік санатын ала алады.

Заңда міндетті әскери қызметке шақыртылғандарға да шешім бар.Олар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға құқылы.Заң негізіндегі педагогтарға берілген бірден-бір үлкен мүмкіндік – Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өтуге жағдай жасау.Жалпы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қоғамда көп талқыланды.

Себебі осы заң жобасының негізгі идеясы – мұғалімдердің жүктемесін азайту, оларды өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босату, олардың өзін-өзі дамытуға және шығармашылықпен шұғылдануларына мүмкіндік беруі ұстаздар қауымының көңілінен шықты. Бұған қоса мұғалімдердің жалақысын арттыруға, еңбек демалысын ұлғайтуға, педагогтік шеберлік, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар осы мамандықтың жастар жағынан кең көлемде таңдалуына жол ашты.Негізі парсы тілінде «ұстаз» сөзі қазақтың «ұста» деген ұғымына жақын. Ұста – қолына түскен кез келген темірді балғаның күшімен иілдіріп, шынықтырса, ұстаз – қанатының астындағы шәкірттерге озық ойымен, білікті, білгір парасатымен өнегелі өмірге жол сілтейді. 

Белгілі сықақшы, Шаншар әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтың мұғәлім мәртебесі туралы монологында: "Біз оқушы кезімізде мұғалімнің қарасы көрінсе бой тасалап, бұғынып, көзіне түсіп қалмауға тырысатын едік.Қазір керісінше, көшеден өтіп бара жатқан мұғалім оқушыны көрсе, жүзін төмен салып ұялып, айналып өтуге тырысады. Өйткені оқушының үстіндегі киімі мұғалім киіп жүрген киімнен бірнеше есе қыбат", - дегені де өмірдің өзінен алынған боямасыз көрініс.Ұстаз мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі саналады.

Айжан Өзбекова


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар