Отандық дінтанушы Г.Базарбаева: «Дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу. Кез келген адамды халықтың немесе қандай да ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасына қалған сәттен бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлдем басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттер жасайтын болады», – деп ой қорытады. Мәселен, діни экстремистік топтардың іс-әрекеттері төмендегідей көрініс табады:Исламға (басқа дінге) үйрету деп экстремистік идеялар таратылады;Діни (исламдық) тәртіп үшін күресуге шақыратын топтар, партиялар ұйымдастырылады;Билік жағынан қарсы әрекет жасалғанда жасырын жағдайға көшеді және өздеріне халықтық мүдделер үшін күресушілер тобын құрайды;Басқа экстремистік ұйымдармен тығыз байланыстар орнатылады және бірігеді. Шетелдегі орталықтарымен байланыста болып, олардың көмегімен билікке қарсы жихад (соғыс) жариялайды.
Оларға қатаң түрде тосқауыл қойылмаса, елдің бірлігі мен бейбіт тіршілігіне нұқсан келетіні белгілі. Біздің қоғамда зайырлылық, демократиялық негіздерге қайшы келетін «Таблиғи жамағат» деген діни ұйым бар. «Бұл қандай діни ұйым?» деген сауал бәрімізді мазалайды. Бұл ұйым Қазақстанда ресми тіркеуден өтпей, іс жүзінде белсенді түрде бейресми қызмет атқарып келді. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң күшіне енгеннен бастап олардың діни іс-әрекеттері заңсыз болып танылды. Прокуратура органдарының ұсынуымен 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынған. Сонымен қатар 2009 жылдың 7 мамырында Ресей Федерациясы Жоғарғы сотының шешімімен «Таблиғи жамағат» ұйымы халықаралық діни экстремистік бірлестік деп танылды. «Таблиғи жамағат» Орталық Азия елдерінің барлығында белсенді миссионерлік қызмет атқарғанымен ұзаққа созылмады. Өйткені Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан мемлекеттері де тыйым салған. Тек Қырғызстан мемлекеті «Таблиғи жамағатқа» толық шектеу қоймай, бақылап отыр. Қазір Үндістан да ұйымның жұмысын тоқтату мәселесін талқылап жатыр.
«Таблиғи жамағат» – қатаң тәртіпке негізделген ұйым. Ұйым мүшелері басшыларына (өздері «әмір» деп атайды) қатаң бағынудың арқасында кәсіби уағызшы болып қалыптасады. Ұйымның белсенді мүшелері жыл сайын бір жылдың 40 күнін дінге арнауы тиіс. Олар айдың үш күнін, аптаның екі күнін және тәуліктің екі сағатын да дін ісіне арнауға міндетті. Азия елдерінде құрамында 10-12 адамы, басқа елдерде 3-5 адамы бар шағын топтар жасақтау арқылы «Таблиғи жамағат» өкілдері әлемнің барлық бөлігінде дін таратуға тырысады. Арнайы дайындалған уағызшылар насихат жұмыстарын екі тараптан жүргізеді. Олардың бір тобы мешіттерде уағыз жүргізсе, екіншісі ауыл-аймақты аралап, үйлерге кіріп уағыз айтады. Дағуатқа шыққанда көлік мінбейді, телефон қолданбайды, баратын жеріне тамақ, өзге де қажеттіліктерді өзімен алып жүрмейді. Оларды да бұлар өздерінің сенімдерімен байланыстарады. Отан, мемлекет, ұлт деген түсінік жоқ. Өздерінің нақты ұстанымы болмағандықтан жат ағым бағытына өте береді де, өзгелердің қолшоқпары болып жүре береді. Мұны да олар өздерінің сенімдерімен байланыстарады. Қоғамның дамуына, білімге, ғылымға қарсы, кертартпа, тар түсінікпен өмір сүреді.
«Таблиғи жамағат» діни ұйымының орталығы – Дели қаласы. Сонымен қатар Пәкістанның Карачи, Лахор қалаларында да үлкен филиалдары бар. «Таблиғи жамағаттың» негізін қалаушы – тегі үнді Мәулана Мұхаммед Ілияс. Ол Үндістанның Шаранфур аймағына қарасты Кандахла ауылында 1886 жылы (хижра бойынша 1309 жыл) дүниеге келген. Сондықтан «Кандахлауи» деп аталып кеткен. Ол алғашқы сауатын өз ауылында ашып, ұстазы Рашид Ахмад Канкухиден он жылдай дәріс алады. 1905 жылы ұстазы қайтыс болған соң Халил Ахмед Сахаранпуриден ілім алуды жалғастырады. Кейіннен Үндістандағы ең үлкен ханафи мәзһабы бойынша тәлім беретін Делидегі «Деобанд» медресесінде оқуын аяқтайды. Ілімі толысқан шағында «Мазахирул-улум» атты медреседе дәріс береді. Алайда көп ұзамай ұстаздық қызметін тоқтатып, таблиғи жамағатының негізін қалайды.
«Таблиғи жамағаты» атауын Мұхаммед Пайғамбардың «таблиғ» (дінді жеткізу) деген сипатына негіздейді.Мәулана Мухаммед таблиғи жамағаттың негізін қалаудағы мақсаты жайлы өзінің «әл-Мәлфузат» атты еңбегінде: «Біздің мақсатымыз Мұхаммед Пайғамбардың өз сахабаларына үйреткендерін үйрету. Әрбір мемлекетті аралап, намазды түсіндірумен қатар, насихат айтуымыз да осы қозғалыстың бастауы болмақ», дейді. Дегенмен «Таблиғи жамағаттың» ұстанымы адамдарға тек намаз үйретумен шектелмей, басқа да мақсаты болады: «Біздің жолымызды тек намаз оқытуды үйретеді деп ойлауы мүмкін. Аллаға ант етемін, біздің бағытымыз тек намаз үйрету ғана емес, жаңа бір қоғамды дайындау», – деп айтып өтеді. Қазіргі таңда Қазақстанда сепаратизм, экстремизм және терроризм проблемалары жоқ емес. Олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп болуы мүмкін.
Бақтияр Алпысбаев,
дінтанушы