Жалпы білікті маман даярлау қай кезде де маңызды мәселе, қатаң талап. Қажетті мамандықты игерген жастардың қызметке орналасып, ел игілігі үшін еңбек етуі қажет. Білім грантын жеңіп алған оқуға селқос қарап, оқу орнын тәмамдаған соң басқа салада қызмет етіп жүретін студенттер аз емес. Облыста білім грантының игерілуі қай деңгейде, жас мамандардың оқуын аяқтаған соң жұмыспен қамтылу мәселесі қалай шешілуде? Жақында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы және білім саласына қатысты өзге де бірқатар өзекті мәселе талқыланды.Жиында алдымен облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Айдын Досыбаева баяндама жасап, «2024-2025 оқу жылына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» облыс әкімдігінің қаулы жобасын таныстырды. Баяндамашының айтуынша, аталған қаулы жобасы «Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабының 2-тармағының 8-тармақшасына сәйкес әзірленген.
– Заңға сәйкес білім беру саласындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар «жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын» бекітеді. Қаулы жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделеріне қарсы келмейді.Жергілікті атқарушы органның грант беру бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған болжамды қажеттілік негізінде талдау жасалып, өңірге қажетті мамандықтар тізбесі анықталды. Қосымша облыс әкімдігінің басқармаларынан да қажеттілік жинақталды.Жүргізілген талдаулардың қорытындысын талқылай келе, конкурстық комиссия мүшелері жергілікті бюджет қаражаты есебінен берілетін гранттарды еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді педагогикалық, ауылшаруашылығы және биоресурстар, денсаулық сақтау және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандарын даярлауға беру қажет деп шешті.
Қаулы жобасы «Электронды үкімет» жүйесінің «Ашық НҚА» порталына орналастырылды. Сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңеске, облыстық кәсіпкерлер палатасына келісім алу үшін жолданды. Жоғарыда аталған мәселе негізінде қаулы жобасы облыс әкімдігінің қарауына енгізуге ұсынылады, – деген Айдын Орынбекқызы алдағы оқу жылына жоғары білімі бар (бакалавриат) кадрларды даярлауға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына тоқталды.Айтуынша, облыста 2024-2025 оқу жылында бакалавриат кадрларды даярлауға мемлекетке 30 білім беру грантына тапсырыс беруге шешім қабылданған. Тарқатып айтқанда, жергілікті бюджеттен жалпы медицина, физика пәні мұғалімдерін, математика мұғалімдерін даярлауға, ақпараттық технологиялар мамандығына, су ресурстары және суды пайдалану саласына, өсімдікшаруашылығы мамандығының әрқайсысына 5 білім гранты қарастырылып, маман даярлауға мемлекетке сұраныс жіберілген. Мақсатты білім грантын иеленетін түлектер Ұлттық бірыңғай тест қорытындысымен анықталады. Сонымен қатар жол жүруге өтемақы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне, магистранттарына жылына екі рет қысқы және жазғы каникул кезеңінде 4 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде төленеді.
Ал 2024-2025 оқу жылына жоғары орнынан кейінгі резидентура білімі бар медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысының саны 80 грантты құрайды.
Өз есебінде Айдын Орынбекқызы өткен жылдардағы игерілмей қалған нысаналы білім гранттарының жай-жапсарын да сөз етті.– Жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнына 2020-2023 жылдар аралығында 145 мемлекеттік білім беру гранты берілген. Нақтылап өтсем, 2020, 2021, 2022 жылдары 30 орыннан, 2023 жылы 55 орын бөлінді. Оның ішінде 25 орын қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша қарастырылған. Осы жылдар аралығында гранттардың 38-і, атап айтқанда, 2020 жылы – 4, 2023 жылы 34 орын кері қайтарылды. Оның ішінде 25 орын қос дипломдық білім беру бағдарламасына қатысты. Ал 2020 жылы кері қайтарылған төрт орынның екеуі дінтану және теология, екеуі биология мұғалімдерін дайындау және ақпараттық технологиялар мамандықтарына қатысты болған.
Өткен жылы физика мұғалімдерін дайындау бойынша 10 орын, су ресурстары және суды пайдалану бойынша 15 орын берілген. Алайда өтінішті физика мұғалімдерін дайындау бойынша 6 адам, су ресурстары және суды пайдалану бойынша 4 адам ғана тапсырған. Сол жылы хореографияға 5 орын берілсе, өтініш тапсырғандар 11 адам болған. Комиссияның шешімімен бос қалған орындар өтініш тапсырған хореография мамандығына беріліп, 11 өтініш те қабылданды. Осылайша сушаруашылығы және дінтану мамандығына түскен түлектер хореография мамандығына ауыстырылған. Қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша бірде-бір өтініш түспеген. Осыған орай 34 орын кері қайтарылды.Биыл педагогикалық мамандықтарға тапсырыс беруіміздің себебі, облыстағы мектептерден жинақталған сұраныстың негізінде 2025-2029 жылдары 40 физика пәнінің мұғаліміне және 122 математика пәнінің мұғаліміне қажеттілік болады екен, – деді А.Досыбаева.
Баяндамадан соң қоғамдық кеңес мүшелері есеп барысында туындаған сұрақтарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Мәселен, кеңес мүшесі Рахметілдә Рахманбердиев облыстан сұратқан тапсырыс негізінде білім грантында оқыған жас мамандардың қызметке орналасуы қаншалықты қадағаланып жатқанын сұрады. Оның айтуынша, өңірге қажетті білікті маман даярлау үшін облыстық бюджеттен білім грантына қаржы бөліну ісі 2019 жылы басталған. Яғни тапсырыс бойынша білім алып жатқан түлектердің алғашқы легі оқуын тәмамдап, дипломдарын қолына алған. Сәйкесінше қажеттілік сұранысына сай облыстық бюджеттен бөлінген грантта оқыған жас мамандар өңірге келіп, қызмет етуі тиіс. – Оқуын тәмамдаған алғашқы түлектердің жұмысқа орналасу пайызы қанша болды? Жас мамандар қай мекемелерге орналасты, жекеменшікке ме, мемлекеттік орындарға ма? Қаншауы жұмыссыз? Нақты талдау болса, жауап берсеңіздер. Облыстық бюжеттен қаражат бөлініп отырған соң игерілуін қадағалауымыз орынды, – деді Р.Рахманбердиев.
Қойылған сұрақтарға жауап берген Айдын Орынбекқызы өткен жылы оқуды жас мамандар тек бір мамандық бойынша бітірсе, биыл аяқтағалы отырған 22 түлектің 11-і педагогикалық мамандықтар бойынша білім алғанын айтты. Бір айта кетерлігі, биыл оқуын тәмамдайтын осы 22 баланың барлығы да М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білім алып жүр. Сондай-ақ А.Досыбаева оқуын аяқтаған алғашқы түлектердің 50-60 пайызы ғана қызметке орналасқанын айтты. Бұл мамандардың басым бөлігі мектептерде еңбек етіп жатыр. Ал грантты өтеу үшін облыста жұмыс істемей жүрген жастардың әрекетін қыздардың тұрмыс құруымен байланыстырды. Қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі Батырбек Құлекеев сушаруашылығына бөлінген гранттың игерілмей қалғаны назарға аларлық жайт болғанымен Тараз қаласында қыркүйек айында ашылатын «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация» университеті мәселенің шешілуіне ықпал етеріне сенім білдірді. Сондай-ақ жауапкершілікті білім басқармасы мамандарына жүктеп қоймай, білім гранты игерілуі үшін университет ұжымы да түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.Қоғамдық кеңестің мүшесі Жангелді Омаров та грант бөлініп жатса да дінтану мамандығына сұраныс аздығына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, қазір дін мәселесі қоғам үшін өте өзекті болып тұр. – Жастардың жат ағымның жетегінде кетуінің алдын алу маңызды. Бірақ тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілмей, нәтижесінде дін саласына бөлінген грант кері қайтарылған. Бұл ойландырарлық іс, – деген Ж.Омаров теолог маман даярлауда да сылбырлық танытуға болмайтынын жеткізді.
Айтылған ұсыныс-пікірлерді назарға алуды ескерткен кеңес мүшелері «2024-2025 оқу жылына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» облыс әкімдігінің қаулы жобасын бірауыздан қолдады.Мұнан соң облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің бас маманы Шынар Бектаева «2024-2025 оқу жылына арналған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» облыс әкімдігінің қаулы жобасы жайында баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс бойынша келесі оқу жылына білім саласына – 884, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 343, кәсіпкерлік, басқару және құқық бағытына – 22, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға 22 грант қарастырылған. – Сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандықтарына – 900, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 3 313, ауыл, орман, балықшаруашылығы және ветеринарияға – 347, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету мамандықтарына 850 жасты даярлау үшін грант орны бөлініп отыр. Одан бөлек шаштараз өнері (85), қонақүй бизнесі (25), тамақтандыруды ұйымдастыру (495), туризм (55), төтенше жағдайдан қорғау (50), теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару (20) мамандықтары бойынша 730 білім гранты қарастырылған. Жалпы айтқанда, облыстық бюджеттен тиісті мамандарды даярлау үшін 2024-2025 оқу жылына 7 415 мақсатты білім гранты бөлінген. Сондай-ақ орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету саласы, оның ішінде мейіргер ісі мамандығына 50 грант бөлінді. Ал өткен жылы облыстан маман оқытуға 6 350 грант бөлінген болатын, – деді Ш.Бектаева.
Баяндамашының сөзінен соң кеңес мүшесі Сейдахмет Сейтбеков өзін қызықтырған бірқатар сұраққа жауап алды.– Өткен жылы оқу бітірген студенттердің қазіргі жағдайы қызықтырып тұр. Қанша пайызы қызметке орналасты? Олардың аудан-аудан бойынша бөлінісі бар ма? Сондай-ақ сіздер білім грантына тапсырысты қалай дайындайсыздар? Мәселен, қазір байқап отырсам, аспаз ісіне 500-дей грант бөлінген. Есептеп қарасақ, 10 аудан мен 1 қалаға бөлгенде әр ауданға кемінде 40 орыннан болады. Осынша аспаз маманы кейін қайда барады? Бәрі бірдей өз мамандығы бойынша жұмысқа тұра алады ма? Бізде 42 колледж бар. Соның 22-сі жекеменшік, олардың барлығы білім грантына таласады. Себебі бұл мемлекеттің дайын ақшасы. Біз қазір қаулыны қабылдадық делік. Мамандар 4 жыл шәкіртақы алып оқиды. Кейін сол жастардың бәрі қызметке орналаса ала ма? Мысалы, он адам оқыса, оның жетеуі жұмысқа орналастырылуы керек. Сол бойынша анализ жасау қажет, – деді С.Сейтбеков.
Сөз болған мәселе бойынша жауап берген Ш.Бектаева өткен жылы оқу бітірген жас мамандардың тек 46 пайызы ғана жұмысқа орналасқанын айтты.– Қалған студенттердің жайына тоқталып өтсем, 15,4 пайызы әскер қатарына шақыртылса, 0,5 пайызы басқа елге кетті. Сондай-ақ 5,6 пайызы бала күтімі бойынша үйде отырса, педагогикалық мамандық бойынша жоғары оқу орнына түскендер саны – 10 пайыз. Басқа колледжге, басқа мамандықта оқығандар – 2,3, мүлдем жұмысқа орналаспағандары – 18,8, қайтыс болғандар 0,2 пайызды құрайды.Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы қосымшасында мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі қажеттілікке қарай анықталады. Мамандықтарға тапсырыс бойынша айтарым, қазір бізде қызмет берушінің сұранысына қарай оқыту ісі қолға алынып жатыр. Осыған қатысты нысаналы грантпен 100-ден аса бала оқытылып жатыр, – деді Ш.Бектаева.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Абдраимов қаулының шикі тұстары көп екенін айтты. – Ең біріншіден, жұмысты дұрыс үйлестірмегенсіздер. Өзіңіз таныстырған қаулыда «Мемлекеттік органның интернет-ресурсында (веб-сайтында) әлеуметтік мәні бар қаулы жобасына баспасөз релизін орналастыру туралы ақпарат (баспасөз релизінің атауы, күні), қаулы жобасы облыс әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылды» деп жазылған. Ақпарат қашан орналастырылды? Сайт қаралымы, баспасөз релизінің атауы, күніне қатысты ешнәрсе жоқ. Бөлінген гранттар туралы баспасөз беттерінде жарияланып, түсіндірме жұмыстары еш жүргізілмеген. Халықтың наразылығы осыдан туындайды. Қанша ақша бөлініп жатыр, бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Жаңағы айтылған «40 аспазды қай жаққа барып орналастырасыз?» деген сұраққа жауап бере алмауыңыздың мәні жұмысты дұрыс атқармай отырғандарыңыздан.
Мысалға, колледжге бір мамандық бойынша 12 бала қабылдап, бір топ құрдыңыз дейік. Бір топқа сіз 2-3 мұғалім аласыз. Енді әскерге 47 пайызы кетіп қалды, 0,2 пайызы қайтыс болды деп жазып отырсыз. Сонда 10-15 бала алған колледжде бітіргенше жартысы жоқ болатын болса, 4 балаға 4 мұғалім сабақ береді ме? Бәлкім, белгілі бір мамандық бойынша грантты бір ғана колледжге бөліп, қалғанына қоя тұру керек шығар. Мәселен, 25 баланы толық түрде арашаруашылығы бойынша қалыптастырып, бір ғана колледжге беріңіздер.Сынды дұрыс қабылдаңыздар. Біздің негізгі мақсатымыз – жариялылықты қамтамасыз ету. Облыс бойынша 580 миллиард теңгенің 309 миллиарды білімге бөлініп отыр. Сонда білім саласына бөлінген ақша осылай жаратылатын болса, халық риза болмайды ғой. Жылдан-жылға мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырыс ұлғаюда. Бірақ түлектердің жұмыспен қамтылуы қажеттілікке сай жүргізіле ме, мәселе осында. Мемлекеттік тапсырыс алу үшін колледждер жұмыс берушілерден мамандар даярлауға қажеттілік жинайды. Білім басқармасы салалар бойынша қажеттілікке қарай мемлекеттік тапсырыс көлемін қалыптастырады. Бұл жерде түлектердің жұмысқа орналасу пайызы міндетті түрде ескерілуі тиіс. Мысалы «2021, 2022 жылдары қабылданғандар биыл колледжді аяқтаса, сол жылдары мекемелерден берілген қажеттілік бойынша олар жұмысқа орналасты ма?» деген сұраққа жауап жоқ. Басқарманың осы салаға жауапты мамандары талдау жүргізбеген, ауызша берілген ақпарат шынайы емес. Сондықтан қаулыны толықтыруға ұсыныстарымызды жазып, кері қайтаруға мәжбүрміз, – деді М.Абдраимов.
Шынтуайтында, грант негізінде оқудың да сұрауы бар. Сондықтан білім басқармасының мамандары жоғарыда сөз болған мәселені шешуге жедел кіріспесе, салаға бөлінген миллиардтаған қаржы босқа ауаға ұшары анық.
Ақтоты Жаңабай