Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Стрестің адам ағзасына пайдасы бар ма?

Стрестің адам ағзасына пайдасы бар ма?
Ашық дереккөз
Әрбір адам өмірінде сан алуан қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ал басқа түскен қиындыққа қарсы тұрып, қажымай, қайсарлық көрсетіп, жеңе білу – үлкен өнер. Адам өмір қиындықтарына төселіп, шыңдалып, жетіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, барлық аурулардың 45 пайызы күйзеліске байланысты екен. Сондықтан күйзелісті болдырмау, алдын алу, қарсы тұра білу, өкінішке қарай, әркімнің қолынан келе бермейді.

Орыстың белгілі жазушысы В.Г.Белинский «Күрес деген өмір шарты: күрес тоқтаса, ол өмірдің өшкені» деп жазыпты. Ал ақын Александр Блок «Өмір деген – күрес» деген екен. Шынында, өмір бар жерде қиындық бар, соларды жеңу жолы – тынымсыз күрес. Мысалы, көк аспанды еркін шарлаған ұшқыштың кейбір кезде жүйкесіне салмақ түсіп, қиналуы мүмкін. Өйткені ол адам толы ұшақты аман-есен жерге қондыруға міндетті. Ем-доммен айналысатын медицина қызметкерлерінің қызметі де стреске толы. Себебі олар жұмыс барысында әртүрлі оқыс оқиғалармен кездесіп, науқастың аурудан қиналғанын көріп (әсіресе жас сәбилердің), тіпті орны толмас қайғылы қаза көз алдында өтіп жатады. Адамның жүйкесі темір емес. Операция үстінде болған кездейсоқ оқиға дәрігерге болсын, медбикеге болсын әртүрлі дәрежеде әсер етіп, стреске ұрындыруы табиғи нәрсе. Өйткені, шындығын айту керек, дәрігер, әсіресе хирургтар, акушер-гинекологтар, реаниматорлар әрдайым өткір пышақ жүзінде жүргендей сезінеді. Қателік аяқ астынан болып, кейбір кезде күтпеген жағдайлар орын алуы ғажап емес. 

Стресс – ағылшынның stress (ыза буу, булығу, кернеу) деген сөзінен шыққан. «Стресс – ерекше жағдайлардың әсерінен адам организмінің титықтауы, дәрменсізденуі», деп түсіндіреді Қ.Жарықбаев пен Ө.Озғанбаев өздерінің «Жантануға кіріспе» атты оқулығында. Кейде стресті күйзеліс деп тәржімалап жүрміз. Алайда бұл аудармалар онша көңілге қонбайды. Өйткені ол түсінік сол кездегі көңіл күйді жеткізе алмайды. Стресс дегеніміз – ойламаған жағдайда адамның басына түскен қасірет-қайғыдан, үрей-қорқыныштан, күтпеген жайсыз оқиғаға байланысты немесе төтенше күшті әсерленуден адамның бойында пайда болатын шектен тыс тітіркену және оған жауап ретінде туындайтын көңіл күй, сезім толғанысы (күйіну, ашыну, күйзелу, күйгелектік жағдай, ерекше шексіз қуану және тағы да басқа). Стресс жиі қайталанса, организмде бұрынғы қалып орнына келмейді. Адам бойында дәрменсіздік пайда болып, берекесіздік, абыржу, тағдыр алдында әлсіздік бұлты қоюлана түсіп, қажып, мүжіледі. Кейде әртүрлі психикалық аурулар пайда болуы да мүмкін. Созылмалы стресс адамның көңіл күйінің бұзылуына, жұмысқа деген қабілетінің төмендеуіне, сылбырлықтың пайда болуына, ұйқысының бұзылып, адамның созылмалы шаршау синдромына әкеп соғады. 

Стресс туралы алғаш ғылыми еңбекті Ганс Селье 1936 жылы жазды. Ол 1926 жылы әртүрлі зардап шеккен адамдарды бақылап, оларды топтастырып, зерттеп‚ ғылыми болжам жасады. Мұндай ауруларда асқа тәбетінің болмауы, бұлшықеттерінде әлсіздік болуы, қан қысымының жоғарылауы, алдына қойған мақсатына деген талпынысының жоғалуы секілді кері құбылыстарды байқаған.
Адам организмінде, ағза ішіндегі мұндай өзгерістердің жиынтығын сипаттау мақсатында Г.Селье «күйзеліс» деп аталатын түсінігін енгізді. Ал 1936 жылы ол өзінің стресс туралы ғылыми түсінігін жария етті. Сол кездерде ғалымның «Әртүрлі зақымдаушы себеппен шақырылатын стресс», «Жалпы бейімделу синдромы» және «Биологиялық стресс синдромы» атты еңбектері жарық көрді. Г.Сельенің тұжырымына көңіл аударсақ, «күйзеліссіз өмір – өлі». Ол бұл ойын өзі жасаған эксперимент арқылы дәлелдеген. Ол үшін егеуқұйрықтарды үш топқа бөледі. Бірінші топтағы егеуқұйрықтарды үнемі күйзеліссіз, тыныштық сақталған жерде ұстаған. Ал екінші топтағы егеуқұйрықтарға қысқамерзімді күйзеліс тудырып отырған. Үшінші топтағыларға үзіліссіз күйзеліс жасаған. Байқаса, екінші топтағы егеуқұйрықтар ұзақ жылдар тіршілік ете берген. Осы жүргізген тәжірибесіне сүйеніп, ол мынадай қорытынды жасаған – қандай да болмасын күйзеліс болған жөн. Өйткені күйзелістің арқасында ағза көптеген гормонды (адреналин мен норадреналинді) бөліп шығарады. Адамның қобалжуы денедегі адреналиннің көп мөлшерде бөлініп шығуына байланысты. Ғалымның анықтамасы бойынша: стресс – бұл кез келген сыртқы талаптарға сай ағзаның бейспецификалық реакциясы.

Стресс – организмнің күшті әсерлерге реакциясы. Ол өз табиғаты бойынша стрестік жауап – зақымдаушы факторлар әсер еткенде организмнің тұрақтылыққа (резистенттікке) жету әдісі. Г.Селье стресс реакциясында үш сатыны ажыратады. Бірінші – үрейлену. Екінші – төзімділік. Үшінші – қалжырау. Бұл сатылар ұзақ әсер ететін стресс факторларына организмнің жауап беру сипаты. Стресті тудыратын затты немесе құбылыс-оқиғаны стрессор деп атайды. Оларға аштық, салқын, психологиялық және тәндік жарақаттар, радиациялық сәулеге ұшырау, қан кету, инфекциялық ауру жұқтыру, күйік алу, өмірде мақсаттың болмауы, тіршілікке қауіптілікті сезіну, үйреншікті өмір салтынан айырылу және тағы да сол секілділер жатады. 

Yрейлену сатысында организмдегі барлық қорғаныш күштері іске кіріседі. Әдетте бұл саты 6-48 сағатқа созылады. Төзімділік сатысы – ағзаның осы бір стрессорға және сол кездегі басқа да агенттерге тұрақтылығы өседі. Егер стрестік әсер жалғаса берсе, үшінші қалжырау сатысына көшеді. Қалжырау сатысы – бүйрек үсті безінің қыртысты қабатының көлемі азаюымен, глюкокортикоидтар түзілуі төмендеуімен сипатталады. Бірақ стрестің осы көрсетілген барлық үш сатының бәрінен өтуі міндетті емес. Кейде ол кейбір себептермен бірінші немесе екінші сатыда үзіліп қалуы да ықтимал. Жүйке жүйесінің белсендірілуі – стресс реакциясының бірінші сатысы. Егер стрессор әсері одан әрі жалғаса берсе, жүйке жүйесінің оған қарсы әсер ету мүмкіндігі азаяды. Сөйтіп, стрессордың екінші тетігі іске қосылады немесе стресс реакциясының «соғу, қашу» деп аталатын реакциясы басталады. Бұл реакция стрессорларға қарсы жауапты бұлшықеттерді белсендіру арқылы дайындайтын организмді жұмылдыратын реакция. Екінші сатының ұзақтығы бірінші сатыға қарағанда 10 есе ұзақ. 

Алғашқы екі сатыны организмдегі симпатоадреналды реакция деп атайды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары психологиялық стресс деген ұғым пайда болып, ғылыми еңбектерде пайдаланыла бастады. Өмір мен тұрмысына риза болмай, көңілі пәс түсіп, өзіне деген бағасына күмәндік сезім тудыратын оқиғалар психологиялық стреске себепкер болады. Адам баласы өзін-өзі тәрбиелеудің арқасында сезімдерді тізгіндеуді меңгеріп, ауыр сезім тудыратын стрестерді өз еркіне көндіре алады. Қиын сәттерде адамның қиындықты жеңуге деген өзінде тілек және мүмкіндігі болу керек. Қандай қиындық болмасын адамға қайтпас қажырлық, үзілмес үміт, нақ сезім қажет. 

Адамда стреске төтеп беретін дайындық, яғни аутогендік жаттығу болуы қажет. Қиындыққа кездессе, өзін еркін ұстап, жақсылыққа сендіруге тырысу керек. Оларды жеңу әркімнің психологиялық күйіне, психологиялық саулығына байланысты. Стресс аз болу үшін адам өзі ұнататын сүйікті еңбегімен айналысып, одан рақат сезім алуы тиіс. Саламатты өмір салтын сақтау, мұңаймау, жабырқамау, жағымсыз әсерлерден бойды аулақ ұстау, кездескен қиын оқиғаны дұрыс шеше білу адамның күйзелісін азайтатын профилактикалық шаралар болып табылады. Олардың басын біріктіріп, стрестің психопрофилактикасы деп атайды. Психопрофилактика бірнеше түрге бөлінеді: релаксация (босаңсу), өзін-өзі сендіру. Мысалы, релаксация адамның бойын босаңсытып, керексіз жабырқаудан, өткінші қиындықтан, абыржудан, қобалжудан сақтайды. Релаксация шараларына музыкатерапия, би билеу, ән айту секілді шаралар жатады. Психотерапияның екінші түрі – өзін-өзі сендіру. Бұған аутогенді жаттығуларды жатқызуға болады. Әр адам психологиялық реттеуіш тәсілдерін үйреніп, оларды ретпен қолданып, күйзеліс кездеріндегі өз жағдайының тұрақтылық деңгейін көтере, ұстамдылығын дамыта, қызмет пен жұмысқа деген қабілетін жақсарта алады. 

Қолда бар мәліметтер бойынша, ұзақ өмір жасайтын жапондықтар басқалар сияқты күнде жаттығу залына бармайды, оның орнына олар үнемі табиғи қозғалысқа итермелейтін ортада болады. Олар көп серуендейді, бақша өсіреді және үйге күтім жасайды. Әртүрлі ауыр ауруларды тудыруы мүмкін стресті азайту үшін Окинава тұрғындары ата-бабалары туралы естеліктерге күн сайын бірнеше минут бөледі. Диетада өсімдік ақуызы (бұршақ, жасымық және соя) басым болуы керек, етті айына орта есеппен бес рет жеуге болады. Сонымен қатар жапондықтар асқазан 80 пайызға толған кезде тамақтануды тоқтатып, дастарқан басынан толық тоймай тұрып кетеді. Зерттеуші мамандар барлық көк аймақтағы адамдар алкогольді қалыпты және үнемі тұтынатынын, бірақ тек шарап ішетінін атайды. Сонымен қатар Окинава тұрғындары айына төрт рет діни қызметтерге барады және тек жақсы дос, туыстармен араласуға тырысады.Ағылшын психологі Клер Рейнер психопрофилактиканың проблемаларымен көп айналысып, оны терең талдап, келесі он қағиданы ұсынған болатын:Бірінші қағида. Таңертең бар қуатыңызды үйден жақсы күйіңізде шығуға жұмсаңыз. Түс кезінде айнаға қараңыз. Барлығы қалпында ма, соңғы рет – жатар алдында солай істеңіз. Күніге осы менің жағдайым қандай күйде екен деген ой сізді мазаламау керек.Екінші қағида. Өз бойыңыздағы кемшілікке орала бермеңіз. Олар кімде де болса бар. Егер сіз ол мәселеге көп көңіл аудара бермесеңіз, басқалар оны байқамайды.

Үшінші қағида. Басқаларды артық сынға алмаңыз, әйтпесе ертелі-кеш сіздің сырт қалпыңыз және мінезіңіз де сынға іліне ме деп ойлай беретін боласыз. «Ешкімді сөкпе, сонда сен де сөгілуші болмайсың» деп бекер айтылмаған.Төртінші қағида. Басқаларды көңіл қойып тыңдаңыз. Сонда олардың да сіз десе көңілі ерекше болып тұрады. Жұрт көбіне тыңдаушыларды жақсы көреді. 
Бесінші қағида. Ағыңыздан жарылып тұрыңыз. Пейіліңіз ақ болсын. Білмегеніңізді білемін деп әлек болып, қулыққа салынбаңыз.Алтыншы қағида. Өз төңірегіңізден сізді түсінетін жақсы адамды тауып алыңыз. Сонда сіз жалғызсырамайсыз.Жетінші қағида. Жасқаншақтығыңызды арақпен кетірем деп ойламаңыз. Егер ашық та ақжарқын болсаңыз, арақ-шарапсыз-ақ өзіңізді қоршаған адамдар арасында мерейлі боласыз. 

Сегізінші қағида. Орынсыз именшектіктің кейбір адамдарды жалықтырып жіберетінін де есте сақтаған жөн. Егер сізбен біреу дауысын көтеріп, өктем сөйлеп тұрса, оған өзіңізді кінәлімін деп есептемеңіз. Кім біледі, бәлкім, ол адам үшін өз жігерсіздігін жеңудің бір амалы осындай болар деген ойда жүрген болар. Бірақ бұл амалды сіз басқаға пайдалана көрмеңіз. Өктем сөзбен, айқаймен ешкім өзінің мәртебесін көтеріп, қоғамдағы орнын бекіте алмайды.Тоғызыншы қағида. Өзіңіз күтпеген бір ыңғайсыз іс-жағдайға кезігер болсаңыз, елдің көзінше кісіге кейіп, налымаңыз. Сонда жұрт сізге ерекше ықыласпен қарайтын болады. Өйткені сіз оларға басқалардан артықшылығын сезінуге үлкен мүмкіншілік бердіңіз.

Оныншы қағида. Не болса содан қысылып, ыңғайсызданып, жалтақтап қызармаңыз. Сонда жұрт сізге онша көңіл аудармайды. Міне, осы келтірілген қағидалар тым күрделі емес. Егер сіз бұл ережелерді өмірде қолдана білсеңіз, онда сіздің сеніміңізді үлкейтіп, оны нықтауға көмектеседі. Көп нәрсеге қол жеткізетініңізге де күмән жоқ. 

Толқын АЙМАХАНОВА, 
«Тараз-Болашақ» 
жоғары медициналық 
колледжінің оқытушысы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар