Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қордай – тарихы терең, келешегі кемел мекен

Қордай – тарихы терең, келешегі кемел мекен
Ашық дереккөз
Ұлы Жібек жолының бойында ақ басты Алатау мен қазыналы Қаратау түйіскен тұста орын тепкен біздің Әулиеата өңірі тарихы тереңнен бастау алатын, халқының береке-бірлігі жарасқан елдіктің тұғырлы мекені болса, оның ішінде ежелден жердің киесінен елдің иесіне құт қонған, қасиет дарыған Қордай жерінің жөні бөлек. Солтүстік және шығыс бөлігі Шу-Іле Алатауы сілемдеріне, орталық және оңтүстік- шығысы Кіндіктас, Жетіжол тау жоталарына ұласып, батысында Далатау-Аңырақайға қарай жосылған кезеңді жұрт ежелден  Қордай асуы деседі. Жыл он екі ай адуынды жел дамыл таппайтын оның биігінде  жаңбыр мен желден мүжіліп, көненің көзіндей, бұрынғы өткен талай заманалардың белгісіндей  болып құж-құж шомбал жартастар төбеден төніп тұрады.

Осы асудың төрінде «Қордай батыр I-II ғасыр» деп жазылған ескерткіш белгітас орнатылған. Қырғыздың телегей-теңіз мыңжылдық «Манас» эпосында: «Қордайыңа қол салдық, Көлқопаға жол салдық» деген жолдар  тегіннен жүрмесе керек-ті. Елін, жерін жаудан қорғаған батырдың есімімен аталатын өңірдің  көлбей жатқан тау баурайын қос қапталдап кең көсілген  бірде жазық, бірде қыратты сар далада  Қордай елі мекендейді. Өткенді  білмей  бүгіннің  парқына  бойлау және  болашаққа бағдар  жасау қашанда қиын. «Біздің қазір  топырағын басып, суын  ішіп  жүрген  өлкеміз бұдан ондаған, жүздеген  жыл, ғасырлар бұрын қандай  болды, ата-бабаларымыздың басынан қандай оқиғалар  өтті?» деген сұрақтар кімді  болса да қызықтырары  сөзсіз. Терістігінде қазақтың жазира Бетпақдаласына, түстігінде қазақ-қырғыз тел емген Шу өзеніне шектесіп, 8,9 мың шаршы шақырым  атырапты алып жатқан Қордай жері жаратылыстың небір құбылыстарын, адамзат тарихының әрқилы кезеңдерін бастан өткерді. Қазақстан Ғылым  Академиясының  археологтар экспедициясының зерттеулері нәтижесінде  аудан аумағында алғашқы адамдар сонау  тас ғасырынан (неолит дәуірі) бері жасап келгенін айтады. Сол дәуірге тән таңбалы тастар, Сортөбе, Кішміш  ауылдары жанындағы б.э.д. ІІ  ғасырдағы сақтардың обалары, Құлжабасы  тауларындағы  тастағы суреттер, Аңырақай  даласы мен Жайсаңдағы тас мүсіндердің, Ауқатты ауылының тұсынан сақ жауынгерінің баскиімінің, V-VΙ және ΧΙ-ΧV ғасырларға тән ыдыс-аяқтардың, тұрмыстық қолданыста болған заттардың  табылуы  осыған айғақ. Сонымен қатар көне түркі жазуымен жазылған Ұзынсу жазуы деп аталатын, Ұзынсу (Иірсу) өзенінің  сол жағындағы тастағы «Орхон-Енисей», «Талас»  жазуымен  белгіленген 8 белгі мен 3 пиктограмма бар. Олардың біразы осы күндері Тараздағы және Бішкектегі тарихи-өлкетану мұражайларында сақтаулы.   Аудан орталығының іргесінен  табылған ортағасырлық қала орнында ғылыми қазба  жұмыстары жүргізілген. 

Қордай десек, есімізге қазақ халқының азаттық жолындағы ұлы жеңісі – «Аңырақай шайқасы» өткен тарихи дала еске түседі. Көк найзасы көк тіреп Қарасай, Өтеген, Жолбарыс сынды батырлар өтті бұл өңірден. Қазақ хандығының туы көтерілген Қозыбасы өз алдына.  Жүйелі сөзбен қара тасты ерітіп, қазақ-қырғызға тең танылған аса ділмар Кебекбай шешен, көреген де көсем Ноғайбай би ше? Саңылақтай сар желген Сарыбас, Әлмейін, Әлмен ақындар мен күміс көмей, жезтаңдай Кененді кім білмейді? Он саусағынан бал тамып Жетісудың күйшілік мектебінің негізін салушы  Байсеркедей күйші, көмейі бүлкілдеп от ауыз, орақ тілді Тілеміс шешен де өткен бұл маңнан. Қазақтың елім деп еңіреген ержүрек ұлы, соңғы ханы Кенесарының ақтық шайқасы өтіп,  демі үзілген жер де осында...
Бұл тарихи оқиғалар мен ондағы ерек тұлғалар туралы аз жазылған жоқ. 1456 жылы Әбілхайыр ханнан ат құйрығын кескен Керей мен Жәнібек сұлтандардың Қозыбасы мен Шудың арасында келелі жиын өткізгені мәлім. Жұрт қақ жарылып, қазақпын дегендер осында бәтуаға келген болатын. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» тарихнамасында бұл сәтті «Шу тарапындағы Қозыбасы жері» деп айғақтаса, Жамбыл «Сұраншы батыр» дастанында: «Теріскейі ұлы жүз, Күнгейінде қырғыз бар, Толып жатқан шоқысы, Шоқысының аты бар, Қозыбасы, Қордай жаясы...», – деп, Қозыбасы мен Қордайдың қатар жатқан жер екендігін атап өтеді. Қордай асуының биігімен арасын бөліп жатқан халықаралық күрежолдың 172-шақырымы тұсында  сол Қозыбасы менмұндалап тұр.

   1729 жылы Қордай асуының терістігіндегі Далатауда өткен соғыс қалмақтардың құруының басы болған. Төле би мен Жолбарыс хан  ұлы жүздің он жеті мың қолын,  Қазыбек би мен Бөгенбай батыр орта жүздің он екі мың қолын басқарып, қалмақтың жиырма бес мыңдық әскеріне қарсы тұрған. Соғыс Далатаудың, кейін Аңырақай аталып кеткен адырдың үстінде өткен. Осынау таулы, далалы жерлерде қазақ, қалмақ қорымдары көптеп кездеседі. Бұл қорымдар КСРО Бас штабының 1942 жылғы құпия карталарында да көрсетілген. Қалмақ шапқыншылығында қазақ жұртына жер бетінен біржолата жойылып кету қаупі туып еді. Алайда қысылтаяң шақта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қазақтар  жеңіп шықты. Осы соғыста қалмақ жағының бас батыры Аңырақтың қазақ батыры Бөлектің қолынан ажал құшқаны тарихтан мәлім. Кейін Далатаудағы «Аңырақ өлген жер» деп аталып жүріп, Аңырақай аталып кеткен деседі. Төле бидің есігінде жүрген Сабалақ-Әбілмансұрдың «Абылайлап» жауға шауып, он екі қалмақты  аттан түсіріп ілкі көзге түсетіні де осы Аңырақай соғысында. Қалай десек те Қордай жерінің бір пұшпағын алып жатқан Аңырақай даласы осыдан 295 жыл бұрын тәуелсіздікті аңсаған қазақ елінің осылай тас-түйін бірігетін болса, тұтастығын сақтап қала алатыны дәлелденген ұлы жеңісімен қасиетті саналады.

 Қордай  жерінің  аумағы XIX ғасырдың орта шеніне  дейін Орта Азия елдері мен  қазіргі Қазақстанның оңтүстік  өңірлері қатарында Қоқан  хандығының  иелігінде  болып келгені белгілі. 1863-1864 жылдары  хандық Ресей  империясынан  жеңіліс  тауып, бұл  жерлер біртіндеп орыс  патшалығының құзырына  өтеді. Ресей мұнда Түркістан  генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария және Жетісу (Семиречье) облыстарын  құрған. Жетісу облысы құрамында Верный және Пішпек уездері   құрылып, қазіргі  Қордай ауданының аумағы  Пішпек уезіне қарап келді. Кеңес үкіметі орнаған тұста бұл уездер   РСФСР құрамында  алғаш Түркістан   Республикасының, 1924 жылдан  1936 жылға дейін Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік  Республикасының құзырында  болды. Қордай ауданы ресми түрде  1928 жылы 17 қаңтарда Алматы округінің құрамында құрылды. Қазақ АКСР-і ОАК сессиясының алтыншы  шақырылымында республикадағы облыстар жойылып, олардың  орнына 180 ауданды біріктірген 13  округ (аймақ) құрылғаны  мәлім.  Алматы  округінің құрамындағы 21  ауданның  бірі болып  біздің  Қордай ауданы алғаш сол  кезде  шаңырақ  көтеріпті. Ал 1936 жылы Қазақстанның  автономиялы республикадан  одақтас  республикаға айналуы себепті оның әкімшілік-территориялық  бөлінісіне біраз  өзгерістер  енгізіліп,  жаңадан  бірнеше облыс құрылады. Осылай 1939 жылы 14 қазанда Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының шекаралық  аудандары есебінен бой  көтерген Жамбыл облысына Алматы  облысының  үш ауданы – Красногор, Шу және  Қордай  аудандары өтті. 

Осы арада  айта  кету керек, Красногор ауданы 1957 жылы таратылып, оның Ақтерек, Дегерес сияқты елді мекендері Алматы облысында  қалып, өзгелері  Қордай ауданының  құрамына  берілді. 1973 жылы Красногор ауданы қазіргі Отар, Кенен, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Алға, Ноғайбай, Қақпатас ауылдық округтері  шекарасында  қайта  құрылғанымен он бес жылдан соң, яғни 1989 жылы шілдеде   Қордай ауданымен  біржолата  бірікті. 

 Қордайдың  шын  мәнінде қасиетті, киелілігінен  шығар,   тұңғыш лингвист ғалым, академик Нығымет  Сауранбаев, қазақ  қыздары арасынан үш мәрте  министр  болған  Балжан  Бөлтірікова, математика ғылымында атағы  айдай әлемге  жайылған  академик, ҚР Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты Мұқтарбай  Өтелбаев, сондай-ақ Сәрсенғали Әбдіманапов, Жұмаділ Байгөншеков, Семетей  Жусанбаев сынды іргелі ғалымдар, Сансызбай  Сарғасқаев, Рза Қунақова, Марал Ысқақбаев, Несіпбек  Дәутайұлы  тәрізді белгілі ақын-жазушылар,  қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров, Алмас Бекбосынов,  Матан Мұраталиев, Өмірбек Байділдаев, Мұрат Құсайынов, Асқарбек Сейілханов секілді белгілі тұлалар туған  жер де осы. Қордай топырағында жаралып,   бүгінде ел таныған осындай өнер және  мәдениет  қайраткерлерін,  спортшыларды, халық  қажетіне еңбегі  сіңіп жүрген азаматтарды,  кәсіпкерлер  мен  еңбек  майталмандарын  көптеп  атауға  болады.  Ойжайлау, Сұлутөр, Әулие  шоқы сияқты  көк  тіреген  таулары, Отар, Аңырақай жазиралары, адуын  желі ашуға  мінсе өткел бермес әйгілі Қордай асуы, Шу, Қарақоңыз, Майбұлақ, Қалғұты, Иірсу, Ырғайты, Ұзынсу, Ешкілідей өзен-сулары  өрнектеген өлкені:

 «Тасы да алтын Қордайдың,  тауы да алтын,
Басы да алтын Қордайдың, бауыры  да алтын.
Егінге бай, малға  жай,  топырағы  май, 
Шөбі  шүйгін көк  торғын, желі салқын»,  – деп Кенен атамыз  тамсана  жырға  қосқан құйқалы өңірдің кешегісінен бүгіні жарқын, ертеңгі күні бұдан да ғажап  болмақ.

Тоғыз жолдың торабында, шұрайлы Шу өңірінде елді мекендері тығыз орналасқан ауданның сонау патшалы Ресей дәуірінен тартып, кешегі Кеңес империясы кезеңінде  өзіндік менталитеті  қалыптасқан. Қордайды әлеуметтік тұрғыдан байтақ Қазақстанның кішірейтілген үлгісі десе  болғандай.  Кезінде кеңестік идеология   «Жүз ұлттың планетасы» деп интернационалдықтың үздік нұсқасы ретінде Қазақстанды жалпақ әлемге қалай  дәріптеген  болса, Қордайда да солай ұзын саны отыздан аса ұлт өкілдерінен  бүгінгі таңда 170 мыңдай  халық тұрады. 

Орыс қоныстанушылары бұл жерге 1893  жылдан аяқ басқан. Олардың келуімен Шу бойындағы бұрынғы  ортағасырлық  қала орнының ну  қамыс  басып, масасы  ызыңдаған,  көлшіктері  көлкіген сыздауыт   жерінен қасиетті Георгийдің  құрметіне Георгиевск шаруа қонысы  бой көтереді. Кейіннен  ол  Георгиевка аталды.  Тәуелсіздік алғанымызға дейін аудандағы  Горно Никольск, Ново Александровка, Благовещенка, Успеновка, Красногорка, Михайловка, Черная речка  аталып  келген ауылдардың негізі, міне, сонда қаланған  болатын. Орыстардан біраз бұрын Қытай экспанциясының зәбірінен қырылып, жойылудың аз алдында қалған босқын дүнгендер 1878 жылдың басында алты мыңдай адаммен қырғыз-қазақ  шекарасына жетіп, бір бөлігі осында орын  тепкен болатын. Сөйтіп, ΧΙΧ ғасырдың басында Қордай жерін мекендеген негізгі үш халық – қазақтар, орыстар және дүнгендер болса, кейіннен кеңестік империяның жымысқы саясатымен соғыс кезінде депортацияланған Волга бойының немістері, Қиыр Шығыстан кәрістер, кавказдық қарашай, балқар, әзербайжан, түрік, шешен, күрді, тағы басқа ұлттар күштеп қоныс аударылды.

Тың игеру жылдары бұл үрдіс тағы жалғасты. Қазақ халқының  меймандостығы, аңқылдақ көңілі мен көмегі арқасында атажұртынан қуылып жәбір көрген, арып-ашып келгендер  жаңа жерге тез сіңісіп, жергілікті  жұртпен қоян-қолтық араласып кетті. Ауданның басты байлығы  – осы халқы.   Қордайлықтар  барлық істерде  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірге келеді. Тағдыр салған тауқыметті бірге көтеріп, қуаныштар қызығын ортақ бөлісуде. Кешегі ұжымдастырудың, қолдан жасалған аштықтың, саяси қуғын-сүргіннің, екінші дүниежүзілік соғыстың зұлмат  зобалаңдарынан  да бірге өтті. Ұлы Отан соғысы жылдары 10 734  қордайлық қолына  қару алды. Солардың  төрт мыңнан астамы  майдан  даласында  қаза тапты немесе хабарсыз  кетті. Үш  қордайлық Кеңес Одағының  Батыры атанды. Жауынгер Н.Белашов Мәскеу түбіндегі  ұрыста өшпес ерлік  көрсеткен 28 панфиловшының бірі болды. Ал  бір өзі үш  жүзге  тарта фашисті жер  жастандырған мерген  Әбіл Нүсіпбаевтың  есімі бүкіл  майданға аңыз  болып тарады. Көкірек  көзі ояу,  ел бірлігін, халықтың толайым тағдырын  көксеуші, өткенімізді  құрметтеуші  қариялардың ой  салуымен, оны  іскер де алымды азаматтардың қолдауымен елдік  шаралар іске асырылуда.   Тәуелсіздік жылдары  Қордай  асуының  төрінде   «Қордай  батыр  І-ІІ  ғасыр»  деп  жазылған     белгітас  қойылды. Алмалы ауылында Қарасай батыр мен  жаужүрек  ұрпақтарына ескерткіштер кешені  орнатылып, бүтіндей  дерлік  батырдың  ұрпақтары  мекендейтін осы ауылға Қарасай есімі  берілді. 1999 жылы Өтеген батырдың бейітіне сәулетті кесене, аудан орталығында биік ескерткіш орнатылып, батырдың 300  жылдық тойы  өткізілді.    Кебекбай  шешенге,   Ноғайбай  биге  ескерткіштер орнатылып, кесенелері  бой көтерді. Кенен Әзірбаевтың  мемориалдық музейі жаңартылды. Саяси қуғын-сүргін,  ауған соғысы  құрбандарына арналған ескерткіштер тұрғызылды.

Соңғы жылдары Алматы -Тараз күрежолы  бойынан Жетісу  мен Шу бойындағы қазақ-қырғызға даңқы  жайылған төрт тұлға – Өтеген батыр,  Кебекбай,  Ноғайбай би-шешендер мен ұлы композитор   Кененге ескерткіш мемориал орнатылса,    Қасық  ауылына тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш  Президентінің  анасы  Әлжан ана есімі беріліп, мұражайы  ашылды. Әрине, ескерткіштер еріккеннен тұрғызылмайды, олар тарихты терең түсіне отырып, ұрпақтары мен жерлестерін рухтандыратын күш береді. Бұлар ел тарихына, ерлік пен елдіктің өшпес өнегесін танытқан ерек тұлғаларға деген қордайлықтардың аруақ сыйлаған ерен азаматтығын көрсетеді.  Ия, кешегі күн тарихқа айналып, өмір көші алға озып барады.   Қай кезде де аудан облыстың маңдайалды аймақтарынан саналып келеді. Ел басқарып, халық бірлігін нығайтуда В.Кравчук, Б.Байқошқаров, Ө.Байгелді тәрізді білікті басшылар салған сара жолды тәуелсіздік жылдарында әкімдік қызмет атқарған Қ.Уәли, Б.Әден, М.Жолдасбаев, І.Тортаев, Қ.Досаев, Б.Байтөле, Б.Болатбеков сынды азаматтар одан әрі табысты жалғастырып әкетті. Аудан экономикасы нығайып, ел тұрмысының арта түсуіне қазір қай  салада да  мысалдар  көп.Тәуелсіздік  жылдары біздің өңір мемлекеттік индустриялық-инновациялық  бағдарламалар арқылы бірқатар игілікке  қол жеткізіп,   шетелдік озық  технологияларға  бетбұрыс басталды. Республикадағы ең алғашқы жел  және күн электр стансаларының қанатты  жобалары Қордай асуында іске  қосылды. «Қақпатас» ЖШС роботталған  италиялық сүт  фермасын, Масаншы ауылдық округінде оңтүстіккореялық жылыжай кешенін ашты. Бірқатар шаруашылық  бір мезгілде  мыңдаған  бас ірі қара бордақылау алаңдарын ашып, экспортқа ет өнімдерін  шығаруға  қабілетті осы  замандық  қасапханаларды  іске  қосуда. Аудан  егістіктерінде су  үнемдеудің израильдік тамшылатып суару технологиясы жаппай  енгізілуде.   Қордайдың жер  қойнауынан алтын, күміс, әк, гранит тәрізді  пайдалы  қазбаларды  өндіру   қарқыны еселене түсті. Ауданның  басты  байлығын құрайтын егіншілік пен  малшаруашылығында  заманауи жаңалықтар батыл енгізіліп,  олар жемісті  нәтижелерін беріп  келеді.   
Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері өз шебін мығым қорғай алатын сенімді қалқанға айналса, бұған Оңтүстік әскери қолбасшылығына қарасты «Отар» 40-әскери базасының үлесі өз алдына. Қордай жеріндегі «Мәтібұлақ» полигонында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер әскерлерінің қатысуымен іргелі оқу-жаттығулары, жауынгерлік шерулер өткізіліп тұрады. Сондай-ақ облыс аумағындағы қырғыз елімен 716 шақырымды қамтитын барлық сегіз шекаралық бақылау-өткізу пункттерінің төртеуі біздің ауданда. Соңғы жылдары аудан орталығының іргесінен шекарашылар қалашығы бой көтерді.
Жамбыл облысы, оның ішінде Қордай ауданы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің басты тақырыбына айналған «жасыл энергияға» бетбұрыс жөнінен елімізде жол бастаушы өңір екені мәлім.  Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қордай асуында «Изен-Су» ЖШС  еліміздегі ең алғашқы  қуаттылығы бар болғаны 1,5 мегаватты құрайтын жел электр стансасының  екі мұнарасын, келесі жылы «КазЭковатт» ЖШС Отар ауылының маңынан күн сәулесінен қуат өндіретін стансалардың қанатты жобаларын іске қосса,  бүгінде    «VISTAINTERNATIONAL» ЖШС  21 мегаваттық,  «ВетроИнвест» ЖШС 30,65 мегаваттық жел электр стансаларымен өнеркәсіптік негізде электр қуатын өндіруде.    

 Қордай – бүгінде  облыстағы дамудың қарқынды жолына түскен  маңдайалды аудандардың бірі.   Өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындарымен 18,9 миллиард теңгенің, ауылшаруашылығы бойынша 74,3 миллиард теңгенің өнімдері өндірілген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 64 миллиард теңгені құрапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауы алдағы атқарылатын жұмыстардың бағытын айқындап берген болса, ауданда жаңа тұрғын үйлер, мектеп, ауруханалар бой көтеріп, аграрлық сала қарышты дамып келеді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Қаракемер, Қарасу, Бәйтерек, Қордай ауылдарында   жаңа  мектептер салынуда. Ырғайты, Қалғұты өзендерінде әрқайсысының сыйымдылығы 15 миллион текше метрлік екі ірі суқойма салынып, бұрынғы Қарақоңыз, Қақпатас суқоймалары кеңейтіліп, егістікті сумен қамтамасыз етудегі түйткілдер шешімін таппақ. Соңғы жылдары жалпы құны 32,5 миллиард теңгені құрайтын ондаған инвестициялық жоба қолға алынды. Мәселен, осы замандық үлгідегі тауарлы-сүт фермасы, құс фабрикасы, макарон цехы, көкөніс қоймалары, этно-туризм орталығы тәрізді нысандар біртіндеп іске қосылуда. Ауданда «Monterra Qasaqstan» ЖШС тау-кен металлургия комбинатының,  «Korsem» ЖШС цемент зауытының құрылыстары жүзеге асуда. Ірі жобалардың қатарында  «Eco-Chicken» модульдік құс фабрикасы,  «TARAZ EKO FISH» ЖШС-на тиесілі  форель өсіру сияқты бастамалар  бар.    Егіншілік пен малшаруашылығы қатар дамыған, өнеркәсіп те өзіндік орнын  иеленген аудан  табысының даңқы кешегі кеңестік кезеңнің өзінде алысқа  кеткен  болса, еліміз  тәуелсіздігін алып,  дербес  мемлекетке  айналған жылдардағы  аяқ алысы да тағылымды  үрдіспен  осылай алға  басуда.

Тағы бір жаңалық – еліміз бойынша 30 мыңнан аса адам тұратын 18 ауылға қала мәртебесі берілмекші. Бұл тізімде тұрғындарының саны әлдеқашан 45 мыңға жуықтаған Қордай   ауылы да бар. Бұған қордайлықтар елді мекенінің сәулеттік келбеті жақсара түсіп, халқының әлеуметтік жай-күйі жаңа сатыға көтеріледі деген үкілі үмітпен қарайды.  
Өткен жылы ауданның 95 жылдығы лайықты аталып өтті.  Қордайдың аудан болып ұйысқалы бергі ғасырға жуық шежіресінің өзі-ақ әлденеше том кітапқа өзек боларлық. Тарих  үшін  қас қағым  сәт  болып табылатын   бұл мерзім,  сөз жоқ, бүтін  бір өңір шежіресіндегі өр, ылдиы қабат өрілген уақыт кезеңдерінен  тұрады.  Ендеше тарихы терең, тұлғалары ерен  киелі өңірдің  келешегі  де кемел болары даусыз. 

 

 

 Құрманбек  Әлімжан,
Қазақстан  Журналистер
  одағының  мүшесі, Қордай ауданының 
Құрметті азаматы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар