Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жемқорлық жақсылыққа жетелемейді

Жемқорлық жақсылыққа жетелемейді
Ашық дереккөз
«Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін». Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте осылай деп атап көрсетіп, бұл бағытта нақты міндеттер жүктеген болатын.

Расында да қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың қоғамдағы басты мәселелердің бірі екендігі бәрімізге аян. Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Ол ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіріп қана қоймай, мемлекеттің тұрақты өсіп-өркендеуін тоқтатуға алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан оның тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет. Бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе отырып күресуіміз керек. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап көрсеткен болатын.

Бірінші шара – азаматтардың құқығын қорғау. Екінші шара ретінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін арттырудың маңыздылығы атап көрсетілді. Үшінші міндет– қоғамдық бақылауды күшейту. Төртінші бағыт – бюджеттік саясаттың ашықтығы. Бесінші кезекте жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту болса, алтыншы шара мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі үдемелі цифрландыру. Жетінші міндет – мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету. Осы шараларды жүзеге асыруға барынша атсалыссақ, сыбайлас жемқорлыққа септігін тигізетіндігі сөзсіз.  

Сонымен қатар бүгінгі таңда парақорлық дерті де өршіп барады. Бұл жол да жақсылыққа апармайды. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, оның абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп отырған осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы қатаң шаралар қолға алынып жатыр. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Елдің дамуына  үлес қосқысы  келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі болуы тиіс. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей егемен ел атанып отырған уақытта ертеңгі күнді ойлап, өркениет өріне құлаш сермеуге тырысуы керек. Бұл тұрғыда адалдық пен адамдық қасиеттерден айнымай, ақ жүргеніміз абзал.
 
 

 

Гулам Умаров, 
облыстық қан
 орталығының директоры 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар