Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шикізаттық емес өнім - ел экономикасының тірегі

Шикізаттық емес өнім - ел экономикасының тірегі
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз», – деген болатын.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ САУДА САЯСАТЫ

Президент басқа елдердің де қарап отырмағанын, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп, технологиялық бәсеке қызып тұрғанын, сондықтан да азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналғанын айрықша атап көрсетті.Жалпы қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы, экономикамыздың дамуы сыртқы сауда саясатының әлеуетімен де өлшенетіні белгілі. Себебі нарықтық экономика жағдайындағы Қазақстанның сыртқы сауда саясатында мін болмауы керек. Сол үшін шетелдік тауарлар мен қызметті елге енгізу және сыртқа шығаруда отандық өнімді, ішкі нарықты шетелдік бәсекелестерден қорғау, ішкі нарықтан шетелдік тауарды отандық сапалы өнім өндіру арқылы ысыру, әсіресе экспортты күшейту ең өзекті мәселенің бірі.Еліміз осы кезге дейін шетелге теңіз мұнайын құбырмен айдаудан бастап бидай, жүн-жұрқа, тері-терсекке дейін тауарды шикізат күйінде жөнелтетін. Қазақтың бидайы артынша ішкі нарыққа – ұн, нан, макарон өнімі, мұнайы да жанар-жағармайды айтпағанда терең өңделу арқылы май және сұйықмай, зығыры, күнбағысы – өсімдік майы, тірі салмақтағы еті – шұжық, консервіленген ет өнімі, темірі балта, күрек болып қайта оралғанда бұл ішкі нарыққа әжептәуір соққы болып тиетін. Осыдан кейін мемлекет сыртқы нарыққа тауар шығаруда шикізаттық емес өнім өндірумен айналысатын компанияларға айрықша қолдау көрсете бастады. Осы ретте біз қазіргі таңда еліміз қандай тауарларды шетелге шығаратынын, отандық өндірушілердің қандай өнімдері сұранысқа ие екеніне зер салып көрген едік.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, елімізде бүгінде экспортты дамыту және ілгерілету ісі жүйелі жолға қойылған. Өткен жылы атқарылған жұмыстың қорытындысымен шикізаттық емес экспорт бойынша айтарлықтай мақсатты көрсеткішке қол жеткізіліпті. Шикізаттық емес тауарлардың экспорттық позицияларының саны 278-ге дейін, яғни 5 732-ден 6 010-ға дейін өскен. 2019 жылдан бастап шетелге тұрақты тауар экспорттаушылар саны 300 компанияға – 460-тан 760-қа дейін артқан.– Қазіргі таңда экспорт географиясы 135 елге дейін кеңейді. 2022 жылы барлығы 129 ел болатын. Азия елдеріне дайын өнімді жеткізу артты: Қытай – 8 пайыз, Оңтүстік Корея – 26 пайыз, Вьетнам – 46 пайыз.

Көрсетілетін қызметтер экспортының 29 пайызға өсуі кезінде мыс, ферроқорытпалар, мырыш, күміс, мұнай өнімдері сияқты өнеркәсіптік тауарлар бойынша жеткізулердің төмендеуі байқалады. Жеткізу қызметінің төмендеуі әлемдік бағаның құбылмалылығы, сұраныстың төмендеуі және мақсатты нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі сияқты сыртқы факторларға байланысты.Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені бойынша өңделген өнімдерді жеткізудің нақты көлемі, атап айтқанда, ұн 1,1 пайызға, күнбағыс майы 55,5 пайыздан астам, сусындар 42,8 пайызға өсті. Азық-түлік экспорты ерекше маңызды. Өйткені азық-түлік экспорттаушылардың 80 пайызы шағын және орта бизнес субъектілері. Сондай-ақ жылдам айналым және шағын инвестициялар тамақ өнеркәсібін капиталды көп қажет ететін өндірістермен салыстырғанда тиімдірек етеді.

2029 жылға қарай экспорт көлемін 45 миллиард долларға дейін жеткізу үшін бірнеше негізгі бағыт анықталды. Ең алдымен Қытай Халық Республикасына баса назар аударылып отыр. Орта мерзімді перспективада дайын өнімнің экспортын 2,5 есеге ұлғайту және 12,5 миллиард долларға дейін жеткізу мақсатын алдымызға қойып отырмыз, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қытай Халық Республикасына шикізаттық емес тауарлардың экспорты 5 миллиард долларды құрады.Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын арттыру бойынша қарқынды жұмыс жалғасуда. Шекара маңындағы сауданың қажетті инфрақұрылымы құрылуда.Таяу Шығыс елдерінде сұранысы жоғары тоңазытылған қой еті, құс еті және субөнімдер сияқты жоғары маржалық тауарларды жеткізуді ұлғайту пысықталуда. Біз үшін қазақстандық азық-түлік және органикалық өнімдерді сатып алуға, сондай-ақ экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру бағытында жұмыс істеуге дайын Еуропалық одақтың нарықтары да басым бағыт болып саналады, – дейді Арман Абайұлы.

Сауда және интеграция министрлігі «QazTrade» базасында сауда ағындарын қалыптастыратын кәсіби нарық қатысушыларымен бірге сауда акселераторын іске қосуды қолға алыпты. Бұған экспорттық өнімнің кепілдік берілген көлемін форвардтық сатып алуға аванстық төлемдерді көздейтін өнімді жеткізуге ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу көзделетін болады. Сонымен қатар нәтижеге қол жеткізу үшін министрліктің даму институттарын тарта отырып, ведомствоаралық үйлестіру жүзеге асырылмақ.– Ағымдағы жағдайды ескере отырып, бюджеттен тыс қаржыландыруды «Бәйтерек» холдингінің құралдарымен, оның ішінде жаңадан құрылған экспорттық-кредиттік агенттікті пайдалану ұсынылады. Осылайша бизнесті ынталандыру және белсенді экспорттаушылар санын арттыру үшін ішкі және сыртқы шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету инфрақұрылымын қалыптастырдық. 

Алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі бойынша ағымдағы жылы бизнес субъектілеріне экспорттық циклдің барлық кезеңдерінде сақтандыру және қаржылық қолдау шараларының спектрін ұсынатын Экспорттық-кредиттік агенттік құрылды. Экспорттық ағындардың сыртқы факторларға тәуелділігін төмендету үшін қаржылық шаралар тереңдетілген қайта өңдеу тауарларын қолдауға бағытталатын болады.«QazTrade» институтының базасында жыл сайын 450-ден астам компания қолданатын сервистік шаралар шоғырланған. Соңғы үш жылда экспорттың өсуі тек өсімдік майы – 2,2 есені, тыңайтқыштар – 1,7, қой еті бойынша 4,4 есені құрады.Біздің есебімізше, экспортты қолдауға жұмсалған 1 теңге экспорттық түсім бойынша 500 теңгені құрайды. Бұл ретте сервистік тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді қолдаудың орташа жылдық көлемі шамамен 2,3 миллиард теңгені немесе шикізаттық емес экспорт көлемінің 0,02 пайызын құрайды, – дейді Арман Шаққалиев.

ЭКСПОРТТЫ ҰЛҒАЙТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ қарастырылуда

Министрдің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мамыр айының басында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Үрімші қаласында «QazTrade» сауда өкілдігі ашылды. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде ЭКСПО Дубай ұлттық павильонының аумағында «Qazaq Trade House» жұмыс істей бастады. Сонымен қатар қазақстандық компаниялардың Қытайдың Үрімші және Шанхай қалаларындағы 2 ірі көрмеге қатысуы жоспарланған.– Экспортты ұлғайту үшін әлемдік бағыттардың трансформациялануын ескере отырып, логистикалық шығындарды оңтайландыру және оның тиімділігін арттыру арқылы отандық бизнес үшін бәсекеге қабілетті жағдайлар жасау маңызды. Сондықтан мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, экспорттық әлеуетті дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленді. Өңделген өнімге, оның маусымдылығына назар аудара келе, экспорттық тауарларды тасымалдау әдістемесі әзірленді және ұлттық теміржол операторының қарауына берілді.Қазақстандық өнімді тасымалдау құнын төмендету мақсатында қолдау алу процесін жеделдетуге мүмкіндік беретін экспорттық тауарға және бағдарға басымдық бере отырып, «жөнелтілді, төленді» қағидаты бойынша шығындарды өтеу құралын қолдану тәсілі қайта қаралуда.

Еліміздің экономикасы үшін экспорттық кіріс драйверлерінің бірі – қызмет көрсету секторы. Өткен жылы қызмет көрсету экспортының көлемі 10,3 миллиард долларды құрады. Нәтижесінде экспортқа бағдарланған 320 сервистік компанияның паспорттарын, тізілімін жасадық.Саланың артықшылығы – қазақстандық көрсетілетін қызметтерді шекарадан өткізбей-ақ экспорттау. Бұл тұрғыда ақпараттық технология, мұнай сервисі, медициналық қызметтерге басымдық беріледі, – дейді Арман Абайұлы.


Негізгі қолдау шараларына келсек, бизнестің, қызметтерді маркетингтік ілгерілетуге, халықаралық сертификат алуға, сондай-ақ құқықтық және техникалық сүйемелдеуге жұмсаған шығындары өтелетін болыпты.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешені тауарларына, оның ішінде шикізаттық емес экспорттың көлемін ұлғайту бойынша жұмыстарды жалғастыруға ден қойылып отыр. Бұл ретте қайта өңделетін тауарларға басымдық бере отырып, экспорттаушыларды қолдау бойынша қажетті тәсілдер қолданылмақ. Бұл шараларды іске асыру белсенді экспорттаушылар санын 120 компанияға көбейтуге және осы жылы шикізаттық емес тауарлар экспортының 6 пайызға өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен.

Мемлекет басшысы жоғарыда атаған Жолдауында: «Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді.Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек.Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауылшаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн», – деген болатын.

Еліміз шикізаттық емес экспорттың көлемін ұлғайтуға, оның ішінде ауылшаруашылық тауарларын сыртқы нарыққа шығаруға ден қоюы Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылуының көрінісі.
Жалпы Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушы мемлекетке айналу мүмкіндігі өте жоғары. Дегенмен бұл еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің сыртқы нарықтағы даму әлеуетіне тікелей байланысты. Одан бөлек аграрлық саланың тұрақты дамуы үшін елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азық-түлік тауарларымен және шикізаттың негізгі түрлерімен ішкі нарықтың қажеттіліктерінің толығымен өтелуіне бағытталған мемлекеттік қолдауларды жергілікті атқарушы органдар мен шаруалар, агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары тиімді пайдаланса жеткілікті.

ҚАЙТА ӨҢДЕУ ІСІН ҚОЛҒА АЛУ МАҢЫЗДЫ

Негізі Қазақстанда, әсіресе Әулиеата өңірінде суармалы, шабындық, жайылымдық жер жетеді. Сол үшін қырда мал бағып, егін еккен шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың жиған-тергенін қабылдап, оны өткерумен айналысатын арнайы мекеме құрылса, бәсекеге қабілетті әрі экологиялық таза малшаруашылығы өнімдерін өндіруге даңғыл жол ашылатын еді. Өйткені ауылшаруашылығы саласындағы жалпы өнімдердің жартысына жуығы ет және ет өнімі, сүт және сүт өнімі секілді малшаруашылығы саласына тиесілі. Мыңғыртып мал айдаған шаруашылықтарға етті мал ұстау, оны бордақылау, сүтті мал асырап, одан қаймақ, май, сүзбе айыруға қатысты міндеттеме қойса немесе еті мен сүтін, малдың жүні мен терісін әжетке жаратудың амалы жасалса, артық болмайды. Ал оны өткеруге келгенде бүкіл әлем бойынша экологиялық таза өнімге сұраныс артып отырған қазіргі заманда желкені қасу қисынсыз. Жер бетінде уақыт өткен сайын халық санының артуы, тұтынушылардың химиялық жолмен жасалған тағамды пайдаланудан біртіндеп бас тартуы облыстағы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді ойландыруы тиіс. Нарықтағы осындай ұрымтал сәтті оңтайлы пайдалану үшін тауар өндірушілер билікке өндірген өнімді өткізуге қатысты талаптарын, ұсыныс-тілектерін ашық айтқаны жөн. Сонда ғана табысқа жетуге мүмкіндік бар.Жалпы облыстағы ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және экспорттық тауар дайындауға қабілеті де, әлеуеті де жетеді. Ол үшін өңірде, оның ішінде ауданда, ауылда экспорт көлемін ұлғайту бойынша белгілі бір жүйе қалыптастыруымыз қажет.

Әулиета өңірінің ауылшаруашылығы саласының дамуына, саланың әртараптануына, экспорт көлемінің үздіксіз ұлғайып отыру тенденциясына қырғыз, өзбек секілді басқа да алыс-жақын көршілес елдердегі нарықтың тигізетін өз септігі бар. Мәселен, көршілес облыстар, өзге елдер секілді біз де жылыжай санын көбейтіп, одан бөлек дәстүрлі егіншаруашылығы арқылы жылдың кез келген маусымында көкөніс дақылдарының түр-түрін егуімізге болады. Онсызда өңірімізде пияз, қияр, қызанақ, асқабақ, қауын-қарбыз, картоп, қырыққабат секілді көкөніс дақылдарын егіп, оны жергілікті жердегі қара базарға, тіпті ел аумағына, шетелге өткізіп отырған диқандар жетерлік. Ал ауылшаруашылық тауарының экспортын ұлғайту көкөністерді жиын-терін уақытында жүк көлігіне тиеп, шетел асырумен өлшенбейді. Қауын-қарбыздан түрлі шырындар, қызанақтан томат, картоптан фри, пияздан ұнтақталған қоспа секілді дайын өнім алып, кез келген мезгілде шетелге жөнелтуге болады. Сол секілді ет өнімінің де өңірдегі қазіргі жағдайы жұртты ойландырмай қоймайды. Мәселен, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының баспасаөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақтың айтуынша, өткен жылы құны 25,5 мың АҚШ долларын құрайтын 77,5 мың тонна ауылшаруашылық өнімі эскортталыпты. Сонымен қатар 1,9 мың тонна ет экспортталса, оның 54 тоннасы сиыр еті, 1,1 мың тоннасы қой еті, 362 тоннасы құс еті және 380 тоннасы қайта өңделген ет түріндегі шұжық өнімдері.

Сиыр еті Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталса, қой етін Меркі ауданындағы «Меркі ет комбинаты» мен «Оптоград» серіктестіктері Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейт елдеріне жөнелткен екен. Одан бөлек құны 3 000 АҚШ доллары болатын 35,9 мың тонна пияз экспортталған.– 2024 жылдың басынан бері құны 5,5 мың АҚШ долларын құрайтын 54 мың тонна ауылшаруашылық өнімі экспортталды. Оның ішінде өңделген өнімнің үлесі 46,3 пайызды құрады. Сонымен қатар құны 2,2 мың АҚШ доллларына татитын 43,3 мың тонна пияз шетел нарығына жіберілді.Сондай-ақ 372,2 тонна ет экспортталса, оның 20,7 тоннасы сиыр еті, 116,2 тоннасы қой еті, 80 тоннасы құс еті және 155,3 тоннасы қайта өңделген ет түріндегі шұжық өнімдері. Сиыр еті Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталса, қой еті Катар Әмірлігі мен Кувейт елдеріне жөнелтілді, – дейді Тұңғыш Тынысбекұлы.


Байқап отырсақ, шетелге экспортталған ауылшаруашылық тауарларының жартысынан көбі шикізат. Осыдан кейін сыртқа шикізаттық емес тауар түрлерін жөнелтуде үлкен экспорттық әлеуетке ие облыстың ауылшаруашылығы саласына әлі де серпін қажет екенін аңғаруға болады. Жалпы малшаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа өткізу жолдарын қарастырғанда өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне шикізаттық өндірісті ынтыландырудан бұрын өңдеу кәсіпорындарының өндірісін арттыруға баса көңіл бөлінуі қажет деген ойдамыз. Ауылшаруашылығы саласын дамытуға қазіргі жағдайда тек қайта өңдеуді жаңа белеске шығару ісі ғана арқау бола алады.

Бүгінде өңірдегі шаруалар етті малшаруашылығына бет бұрғанымен олар ет өнімін тірідей салмақта немесе сойып сатуға бейім. Егіншаруашылығымен айналысатындар мал азығы үшін жемшөп өндірісін іске қосып, оны өз малына азық ретінде пайдаланып, артылғанын маңайындағыларға саудалаудан арыға бармайды. Көктемде, күзде уақ мал мен түйеден қырқылып алынған жүн де әжетке жарамай, қоқысқа тасталады.КСРО дәуірінде Тараз қаласында былғары аяқкиім зауыты жұмыс істеді. Өндіріс орнының негізгі шикізат көзі әулиеаталық малшаруашылығы саласы болғаны баршаға мәлім. Сондықтан бұрыннан тәжірибе бар болғандықтан былғары шикізатын түбегейлі өңдеу, оны ішкі-сыртқы нарыққа ұсыну жолы қайта қолға алынса, бұдан ұтарымыз көп. Бір ғана малшаруашылығы саласы арқылы жұртты жұмыспен де қамтып, отандық өнімді де қалдықсыз, көптеп өндіруге мүмкіндік көп. Сондықтан тек өңдеу өнеркәсібін дамыту ісіне алаңдауымызды нарықтың өзі қажет етіп отыр.
Мұны сөз етуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені облыс аумағындағы тұтынушыларды шетелде терең өңдеуден өткен ауылшаруашылық өнімдері қамтамасыз етіп отырғанын мойындауымыз керек. Біздің нарықты Түркістан облысы мен Қырғыз Республикасының көкөніс, бау-бақша дақылдары, жеміс-жидегі жаулап жатқанын айтпағанның өзінде ет және ет өнімдерінің, сүт және сүт өнімдерінің сырттан келетіні баршаға мәлім. Тіпті облыс халқы балық және одан жасалатын шпрот, паштет, кильки секілді балық өнімдерін тұтынуға келгенде де сыртқы нарыққа тәуелді. 

Жалпы агроөнеркәсіптік кешен болсын немесе шағын және орта бизнес болсын мемлекет кезінде сан түрлі бағдарлама қабылдап, оның рақатын облыста көптеген іскер азамат көрді. Ендігі кезекте біз бұған дейін мемлекеттен қолдау көрген кәсіпорын, шаруашылықтардың алдына белгілі бір дайын өнім өндіру, өндірген тауары халықаралық стандарттарға сай болуы, өнімнің қауіпсіздігі секілді басқа да талаптар бойынша міндеттемелер қоюымыз керек. Бұл ретте оларды жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуден бөлек, шығарған тауарын экспорттауды ұйымдастыру, шикізат емес өнімдерді тасымалдау және сақтауға қатысты тағы да басқа қолдау түрін көрсетіп, сыртқы нарықты отандық өніммен жаулауға күш салуымыз қажет.

Нұрым Сырғабаев
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар