Халықтың салығынан құралған мемлекет қаржысын әкесінен қалған мұрадай өз қалауымен жаратып, талан-таражға салу бүгінде қанша жерден заң қатайтылып, талап пен тәртіп күшейтіліп жатса да тыйылмай тұр. Субсидияны заңсыз иеленіп, мақсатсыз пайдалану бір адамның қолынан келе бермейтін іс. Бұл қандай да бір саланы көтеруге бағытталған қаржының айналасында жүргендердің «бармақ басты, көз қысты» әрекетінің көрінісі.Соңғы 5 жылда облысымызда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189, 190-баптары бойынша 78 қылмыстық іс тіркеліпті. 2 миллиард теңгеден астам келтірілген залал көлемінен 335 миллион теңге өтеліп, құны 2,7 миллиард теңгені құрайтын мүлік тәркіленген.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев заңсыз әрекетке көбіне ауылшаруашылығы саласында жол берілетінін айтады.– Ең жиі кездесетін деректер бойынша бөлінген қаржыны жымқыру әрекеті ауылшаруашылығы саласына қатысты. Мемлекет ауылшаруашылығын субсидиялауға миллиондаған қаржы бөлген кезде бұл жағдай арсыз кәсіпкерлерді және басқа да тұлғаларды мемлекеттен негізсіз ақша алу мақсатында түрлі алаяқтық схемаларды қолдануға итермелейді. Жыл басынан бері субсидияны жымқырған бірнеше кәсіпкер сотты болды. Осы сөзіме дәлел ретінде 2024 жылдың наурыз айында орын алған жымқыру ісіне тоқталғанды жөн көріп отырмын. Кәсіпкерлер «таңқурай көшеттерін егеміз» деген желеумен мемлекеттен мақсатты түрде 900 миллион теңге субсидия алған. Олар субсидиялау ережелерін бұза отырып, белгісіз адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы таңқурай көшеттері үшін алған қаражатты алаяқтық жолмен жымқырып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Осылайша мемлекетке 902 миллион 825 мың теңге көлемінде залал келтірген. «Қылмыс түбі – жаза» демекші, олар сотталды.
Талдау процесі көрсеткендей, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға байланысты шаруалардың бөлінген бюджет қаражатына қолжетімділігі және бюджет қаражатын ұрлаудың тиісті тәуекелдері бойынша бірқатар проблемалық мәселе бар.Аталған құқықбұзушылықтардың себептерін зерттеп, оларды жою шараларын қабылдаудамыз. Осы мақсатта біз әртүрлі министрліктер мен ведомстволарға бюджет қаражатын беру нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды жүйелі түрде енгіземіз, – дейді Нұралы Ергебаев.
Өткен және биылғы жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың «Ауылшаруашылық техникаларын, машиналарын және жабдықтарын алу» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары атынан алаяқтық арқылы заңсыз субсидия алған тұлғалар да бар екен. Олардың ісі бойынша заңды үкім шықты. Мүлкі тәркіленіп, субсидияны қайтарады және сотталады. Шаруалардың арасында алаяқтардың кесірінен алданып, опық жегендер де жетерлік. Фермерлердің құқықтық нигилизміне байланысты шаруа қожалықтар атынан делдалдар шығындарды өтеу үшін субсидия алуға тиісті тарапқа өтінім берген. Кейіннен мемлекет қажетті соманы бөліп, қаражат делдалдардың қолына түскен. Ал алаяқтар фермерлерге қолдан жасалған, сапасыз техника беріп, өздері пайдаға батқан. Бұл мысал алаяқтықтың сан түрі бар екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен шаруа қожалықтардың жалпы саны анықталды, олардың саны 500-ден асады. Осы бағытта барлық қажетті жедел тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Осы ретте кімде-кім заңсыз қаржы иеленуге оқталғандарды аңғарса немесе алаяқтыққа тап болса, экономикалық құқықбұзушылық деректері туралы «AFM Insider» «Telegram» ботына жазуға болады. Сондай-ақ облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің сенім телефонына (34-76-26) хабарласып, жағдайды баяндауға да мүмкіндік бар.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Тегін спорт секциялары - мол мүмкіндік
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024