Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жайлауы кең, қойнауы кен Мойынқұм

Жайлауы кең, қойнауы кен Мойынқұм
Ашық дереккөз
Жерұйық іздеп сарсаңға түскен Асанқайғы бабамыз Мойынқұмның жал-жал құмына ұзақ қарап тұрып: Ей, Мойынқұм! Құмдарың бұйрат- бұйрат таудай екен, Құлының тайдай екен, Тайың айғырдай екен. Жеті жыл қатарынан жұт болса да, Тұяқты мал қалса, Сенің баурыңда қалады екен, – деп Желмаясымен желіп кете барған деседі.

Тарих тамыры тым әріде. Мойынқұм даласының да өзіндік шежіресі мен тарихы жеткілікті. Сондықтан өткенді еске алмай, алдағыны болжау, әрине қиын.Мойынқұм Көктерек ауданының негізінде құрылған. Ал Көктерек ауданының іргетасы 1939 жылы Жамбыл облысымен бірге, бір уақытта қаланған. Алайда Қызыл империяның солақай саясатының кесірінен Көктерек ауданы 1963 жылы көршілес Шу ауданымен біріктірілген. Бірақ бір жылдан соң-ақ мұның едәуір тиімсіз екендігі дәлелденіп, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1964 жылғы «Шөл және шөлейтті жерлер мен төменгі Шу бойын игеру туралы» Жарлығымен Мойынқұм ауданы құрылды. Сөйтіп, оның құрамына бұрынғы Көктерек ауданына қарап келген шаруашылықтар мен елді мекендер енгізілді. Ауданның жалпы аумағы 55,5 мың шаршы шақырымды құрайды. Облыстағы жер көлемінің 42 пайызын алып жатыр. Аудан облысымыздың солтүстігінде орналасқан Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Сарысу және Алматы, Қарағанды облыстарымен шектеседі. Балқаш көлінің біршама бөлігі осы ауданның еншісінде. Ал шығыс бөлігінде Хантауы, Жамбыл тауы, Байғараның таулары бір-біріне жалғаса созылып жатыр.

Жер қойнауы табиғат байлығына тұнған өңірден вольфрам, молибден, уран, мырыш, гранит, алтын, қоңыр көмір, мұнай, газ және аса құнды құрылыс жерасты байлықтары өндіріліп, халықтың игілігіне  жарауда. «Ақбақай кен байыту комбинаты» акционерлік қоғамы Мойынқұмның атағын дүниежүзіне паш еткен, ірі өнеркәсіптік кәсіпорын. Мұнымен қоса «Шығыс кен басқармасы» Қазақстандағы белгілі кен орындарының бірі саналады.

Егер ауданның өткеніне көз жүгіртер болсаңыз, онда бұл өңірдің тарихи оқиғалар мен айтулы тұлғалардан кенде емес екендігіне қаныға түсесіз. Басқасын былай қойғанда, осыдан 560 жылдай бұрын  Керей мен Жәнібек сұлтандар Шу бойына, Хантаудағы Қозыбасыға қоныстанып, Мойынқұм жерінде алғаш хандық құрған. Сөйтіп, тарихымызда тұңғыш рет қазақ мемлекетінің негізі қаланған. Керей мен Жәнібек «Қазақ» деп аталатын жаңа халықты орнатып, оның байрақты туын осында тіккен.Халқымыз жер-суға, тау мен көлге атауларды белгілі бір себептерге, мағынасына қарай өте білгірлікпен қоюға ерекше мән берген ғой.

Мойынқұмда Қайып ханға, Қасым ханға, Қарасай батырға қатысты жер атаулары бар. Ал Қарабөгет ауылынан Сарыарқаға бет алатын жол бойында, Қарабие өзенінің маңында Қайып атты жер кездеседі. Одан әрі, яғни шығысқа қарай, шамамен он екі шақырымдай жердегі Қасымбасы деген тарихи орынды көруге болады. Осылардың барлығы, түптеп келгенде, сол жерлерде жоғарыдағы аттары аталған тұлғалардың іздері қалғандығын айғақтап тұрғандай. Хантауында «Хан тағы», «Хан қорасы», «Құлан қырған», «Хан орны» деген жерлер мен атаулардың бар екендігін мойынқұмдықтар жақсы біледі.Мойынқұм туралы әңгіме қозғала қалса, көз алдыңа ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын әрі кербез, әрі паң дала келетіндей. Иә, сол далада талай-талай  азаматтардың кіндік қаны тамған.Он тоғызыншы ғасырда Жамбыл тауы етегінде исі қазақтың мақтан тұтар жырауы, жыр алыбы Жамбыл Жабаев дүниеге келген. Сондай-ақ киелі Мойынқұм топырағында туған Биназар батыр мен Қылышбай шешеннің орны бөлек.

Елінің азаттығы, жерінің тұтастығы, ұрпағының ынтымақ-бірлігі үшін қолына найза алып күрескен Биназар Ақеділұлы Сыпатай батырдың сенімді серіктерінің бірі болған. Биназар батыр өзі өмір сүрген кезде ұрпақ болашағы үшін Шу өзенінен бастау алатын тоған қаздырып, ел-жұртын егіншілікпен айналысуға, отырықшылыққа баулыған. Сол Биназар тоғаны бүгінгі күні де бірнеше ауылдың кәдесіне жарап тұр. Ол кісінің бейіті Хантауының «Сұңқар» шоқысы маңында. Тоғыз жолдың торабындағы Бірлік ауылында ескерткіші орнатылған.Атағы жер жарған от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жарған әділдігімен исі қазаққа есімі мәшһүр Қылышбай шешен қазіргі Қылышбай ауылында дүниеге келген. Жас кезінде Бұқарада оқып, білім алған. Халық ауыз әдебиетін көп оқып, қисса-дастандардан нәр алған. Қылышбай өлеңді жазып та, суырып салып та айта берген. Оның ақындығы мен шешендігі қатар дамыған. Кезінде Жидебай, Сауытбек, Өзбек, Қожамтай сынды ақындармен айтысқан. Қылышбайдың ақындығы мен шешендігін жыр алыбы Жамбыл жоғары бағалаған. Жамбылдың «Өсиет» деп аталатын ұзақ толғауында:

«Қылышбайдай таралып,
Сөз нұсқасы келінген.
Дос-жаранға,  кемтарға,
Қайырлы бол делінген» деген жолдар бар.

Еліміздің мақтанышына айналған, «Дала академигі» атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев Мойынқұмның төл перзенті. Шопандар атасы, қой өсірудің асқан шебері Жазылбек Қуанышбаев жастай жетімдіктің тауқыметін көріп өсіпті. Ол Мойынқұм өңірінде тұңғыш ұйымдастырылған «Кеңес» ауылшаруашылығы артеліне мүшелікке кіріп, алғашқылардың бірі болып шопан таяғын қолға алған. Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда Жаз ата онымен алғаш айналысқандардың бірі және бірегейі.Қаракөл қойын өз төлі есебінен көбейткен және одан жоғары сапалы өнімдер өндірген ерекше еңбегі үшін ол кісіге 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілген. Қажырлы да табысты еңбегі бағаланып, арада он жыл өткенде, яғни 1958 жылы екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды. Мойынқұмда Жазекеңнен тәлім алған ізбасарлары мен шәкірттері жетерлік. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері Ділдәш Итбасова, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев, сондай-ақ КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болған Мешітбай Қойшыбеков, Күлзада Тілеубаева, «Ленин» орденді Әлтай Төлепбергенов, Тыныштыбай Ахметжанов, Зарлық Қоғабаевтар бар. Сол жылдары сөзін ақын Әдібай Табылдиев, әнін сазгер Мэльс Өзбеков жазған «Жазылбекшілер маршы» мойынқұмдық малшылардың гимніне айналып еді.

Жоғарыда атап өткендей, шөл және шөлейт жерлерді игеру, сөйтіп, онда малшаруашылығын дамыту мақсатында құрылған жаңа ауданды басқарудың тізгіні Айтбай Назарбековке тапсырылды. Ол кісі Ұлы Отан соғысынан жеңіспен елге оралған соң өзі туып-өскен Сарысу аудандық атқару комитетінде қатардағы қызметкер болып еңбек жолын бастаған екен. Алматы жоғары партия мектебін бітірген соң Жамбыл аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде болды. Осы тұста келешегінен кемелдіктің белгісі байқалғандай еді. Жастығына қарамастан, лауазымды қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарды. Үнемі ізденісте болып, білгеннің үстіне білсем,  көргеннің үстіне көрсем деген құмарлық атты әлемді бойына бар ыждағаттылықпен сіңіре отырып алға ұмтылған. Айтекеңнің бойындағы осынау ізгі қасиеттерді дөп басып байқаған облыс басшылығы 1961 жылы Көктерек аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатты. Сонда ол кісі небәрі 39 жаста екен. Ал 1963 жылы көршілес екі аудан қосылғанда Шу аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін 1964 жылдың аяғына дейін абыроймен атқарды.

Айтбай Назарбеков басқарған ширек ғасырға жуық аралықта Мойынқұм ауданында малшаруашылығы жедел қарқынмен дамып, егіннен, бау-бақша мен көкөністен мол өнім алуға қол жетті. Аудан орталығы кішігірім ғана Фурмановка (қазіргі Мойынқұм) ауылының қанаты кеңге жайылып, адам танымастай өзгерді. Жаңа ауданға қоныстанушылардың саны артып, тұрғын үйлер көптеп салынды. Сол жылдары небір әсем ғимараттар бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бір кездері жортқан аң мен ұшқан құстың ғана мекені болған Мойынқұм даласы жасыл желекке оранып, құлпырғанның үстіне құлпыра түсті. Шөл дала, гүл далаға айналды. Төменгі Шу бойынан қалалардай сәулеті бар жаңа елді мекендер пайда болып, мал өсірумен шұғылданатын кеңшарлар құрылды.

Айтекеңнің бойында көзге көріне бермейтін бірнеше асыл қасиеттердің жиынтығы бар еді. Соның бірі ол кісінің байқампаздығы болатын. Әсіресе бойында жалыны бар, біліміне білігі сай жас қадрларды бірден байқап, оларға қолдау білдіріп, қамқорлығына алатын. Сол кездің жасы, бүгінгінің басы болып отырған Несіпбай Есілбаев, Төлеген Әбдікерімов, Әбдікерім Тойшыбеков, Сағат Алдабергенов, Жамбыл Қалыбаев, Ермұрат Асанбаев, Мырзабай Маханов, Мұхан Сабыров, Бекмұрат Жамбылов, Үмітқұл Бекбаев сынды азаматтар А.Назарбековтің ұсынуымен түрлі деңгейдегі басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, ел- жұртының құрметіне бөленді. Бұлар өмір жолдарындағы «ұстаздарын» жиі еске алып, жастарға үлгі ретінде айтып отырудан жалыққан емес. Қоғамға, халыққа сіңірген адал еңбегі Айтекеңнің абыройын арттырып,  атағын кеңге жайды. Айтулы тұлғалармен жақсы араласып тұратын. Өнер мен мәдениет, әдебиет пен ғылым қайраткерлерімен сыйластық қатынаста болды. Ғ.Мүсірепов, Е.Рахмадиев, Р.Бағланова, А.Әшімов, Ш.Қалдаяқов сынды қайраткерлер Алматыдан қыдыр дарып, бақ қонған Мойынқұмға асыға қонаққа келетін. Айтекең болса, құрметті қонақтарын құшақ жая қарсы алып, қонақжайлығын танытатын. Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов кезекті келген бір сапарында: 

«Мойынқұмда ел жайлауы,
Ел жайлауы, көк шалғын. 
Хантауы мен Жамбыл тауы,
Кең жайлауы достардың» деп басталатын «Мойынқұмда» атты (сөзі Н.Әлімқұловтікі) тамаша, әуезді ән жазған. Осы әсем әнді теледидардан әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова сыңғырлаған ғажап дауысымен нәшіне келтіріп тұрып орындағанда мойынқұмдықтардың делебесі қозып, Майрамен қосыла шырқай жөнеледі.Аты аңызға айналған Айтбай Назарбековтің еңбегіне қарай құрмет те жасалды. «Еңбек Қызыл Ту» және «Ленин» ордендерімен марапатталды. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды. Қазақстан  Компартиясының ХХV, СОКП-ның ХХVI съезіне делегат болып қатысты.Өзінің бастамасымен іргесі қаланып, шаңырағы көтерілген «Жасұлан» ауылы бүгінде А.Назарбековтің есімін алған. Мойынқұм ауылы мен Тараз қаласында есімі берілген көшелер бар. Тұрған үйлеріне ескерткіш тақта орнатылған.2022 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Назарбековтің 100 жылдығын аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Мойынқұм жұртшылығы кең көлемде атап өтті. Аудан орталығы Мойынқұм ауылында ардақты азаматқа ас беріліп, рухына Құран бағышталды. Көптеген іс-шара өткізілді. 

 

Осы іс-шара қарсаңында Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Сағындық Ордабеков пен Сүндетулла Әбіловтың құрастыруымен дегдар азаматтың өнегелі өмір жолы мен жарқын бейнесін есте сақтауға арналған «Адамдық пен адалдықтың шамшырағы» атты өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні зор, әсем безендірілген кітап жарыққа шықты.Қорыта айтқанда, Айтбай Назарбековтің Мойынқұм ауданының құрылуы мен қалыптасуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.Бодандықтан бостандыққа ұмтылған халқының қайсар жастарын бастаған Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің де кіндік қаны осы Мойынқұм топырағында тамған. Бірлік ауылындағы Қайрат оқыған мектепке оның есімі берілген. Тараз қаласында Қайрат Рысқұлбеков атында саябақ бар. 


Мойынқұмдықтар еліміздің ғылымына, денсаулығы мен басқа да салаларына өздерінің зор үлестерін қосқан жерлестері Мәдіхалық Қайрақбаев, Қапан Мақашев, Рәпия Мақашева, Ерболған Ертаев, Аханай Есенбаев, Мырзагелді Әбдраимов, Әспет Мұқашев сынды ғалымдарды, талай жанның жанарына жарық сыйлаған білікті көз дәрігері Бахтан Тышқанбаевты орынды мақтан етеді. Қорғаныс және қауіпсіздік бойынша басшы қызметтер атқарған генерал- полковник Сәт Тоқпақбаевтың, генералдар Шаймұрат Отарбаевтың, Нұржан Исақовтың есімдерін құрметпен атайды.  
Мойынқұмды ерліктің, еңбектің, ән мен жырдың өлкесі деп бекер айтпаған. Ауыл-ауылдың өнерпаз жастарынан құралған «Мойынқұм» ән-би ансамблі ауданның атағын кеңге жайды. Ансамбль ұжымы бір кезде Португалияда өнер көрсетіп, қазақтың абыройын аспандатқаны бүгінде ұмытыла қойған жоқ. Сонда португалдықтардың мойынқұмдық өнерпаздардың өнеріне тәнті болғаны сонша, бір әнді қайта-қайта орындауды сұрап, шапалақты нөсерше жаудырған екен. Олар қазақтың қара домбырасын қолдарына ұстап көріп, «жай ғана мынадай ағаштан қалайша әсем ән әуезді төгіліп тұр» деп қайран қалысқан көрінеді.

Тоқырау жылдары Мойынқұмның даңқын көкке көтерген малшаруашылығы саласының едәуір  төмендеп кеткені жасырын емес. Дегенмен сол бір молшылықты қалпына келтіру мақсатында ел- жұрт болып жұмыла еңбек етуге тура келді. Бұл үшін бірнеше шаруа қожалық құрылып, оларға қаржылай көмек қолын созуға, зоотехникалық- малдәрігерлік шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруға баса көңіл бөлінді. Шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге ыңғайлы түрдегі несие берілді. Осындай іске асырылған оңды шаралардың нәтижесінде аз ғана жылда Мойынқұм төсі мыңғырған малға толып шыға келді. Төрт түліктің саны өз есебінен жыл өткен сайын арта түсуде. Ауданда қазір 1 032 түйе, 57 мың 772 мүйізді ірі қара, 13 мың 116 жылқы және 157 мың 226 қой-ешкі бар. Сондай-ақ мал тұқымын асылдандыру, зоотехникалық-малдәрігерлік шараларды жүзеге асыру жолында әрбір шаруа қожалықтарында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Бір сөзбен айтқанда, жайлауы кең, қойнауы кен Мойынқұм өңірін агроөнеркәсіп кешенінсіз көзге елестету еш мүмкін емес.

Бүгінде ауданда адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соның айғағындай, білім беру, денсаулық сақтау және спортты дамыту салалары бойынша  ауқымды істер атқарылуда. Аудан бойынша 16 ауылдық округте 26 мектеп, 15 балабақша, 5 мектептен тыс мекеме, (психологиялық- педагогикалық түзету кабинеті) жұмыс істейді.Мойынқұм өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыра түсу, аудан халқының әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылып жатқан игі шаралар аз емес. Сондықтан әлі де болса жүйелі істер жалғасын таба бермек.

Әкебай ЕРТАЕВ, 
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар