– Әй, сен, мұнда неғып жүрсің? – дейді. Қожанасыр саспастан: – Жаңа бір қатты құйын тұрып, осында ұшырып әкеп тастағаны. Өзімнің де басым әңкі-тәңкі болып тұр, ағайын, тым қатты айқайламашы! – дейді.
– Ал сені мұнда жел көтеріп әкеп тастасын, мына жемістерді кім жұлып тастады? – дейді бақша иесі.
– Мен құйын домалатып жүргенде қарманып қолыма іліккен нәрселерді ұстап едім. Мүмкін сонда жұлынып кеткен болар, – дейді Қожа.
– Ол да солай болсын, ал мына қапқа жемісті толтырған да жел ме? –дейді бақша иесі.– Апырм-ай, осыған мен таңғалып тұр едім, сен де дұрыс аңғардың-ау! Бірақ осында мені ұшырып әкеп тастаған құйынға бір қап жеміс бұйым ба? Сірә, жел көтеріп әкелген маңайдағы бір пақырдың еңбектеп жинаған қауыны мен қабы болар, мен арқалап ала кетермін! – депті Қожа еш саспастан.
АҚ КӨЙЛЕК
Қожанасыр бір күні түнде далаға шықса, есіктің алдында әлдене ағараңдап тұр екен. Жалма-жан үйіне жүгіріп кіріп, мылтығын алып шығып, әлгі ағарғанды атып тастайды да: «Не де болса, ертең көрермін», – деп үйіне кіріп жатып қалады.Ертеңінде тұрып түндегі атқан нәрсесін қараса, ол өзінің жуып, жайып қойған көйлегі екен, мылтықтың оғы матаны шұрық тесік етіпті. Қожа көйлегін әрі-бері айналдырып қарап тұрып: «Апыр-ай, ә, көйлегімнің ішінде өзімнің болмағаныма шүкір, егер өзім болғанда не болар едім?» – депті.
ҚОЖАНАСЫР АТТАН ҚҰЛАҒАНДА
Бір күні Қожанасырдың аттан жығылып жатқанын көріп, балалар сықылықтап күледі. Сонда Қожанасыр үсті-басын қағып жатып:
– Несіне күлесіңдер? Мен өзім де түсейін деп жатыр едім, – депті.
ЕСЕГІМЕ ҰҚСАЙДЫ ЕКЕНСІЗ
Бір күні Қожанасыр жолаушылап жүріп, сол маңды билеп тұрған ханмен кездесе қалыпты. Хан отырып:
– Менің Алмашұбар деген атым бар, шапқанда көз ілеспейді, – деп мақтанады.
– Менің асыл текті есегім бар. Ақырса – дауысы айшылық жерге жетеді, – дейді Қожанасыр.
– Мен ақырғанымда қызметші нөкерлерім «құдіретті ханымыздың дауысы арыстанның ақырғанынан да күшті» деуші еді, сенің есегің менен де қатты ақыра ма? – дейді хан.
– Тақсыр, сіздің ақырғаныңызды естіген жоқ едім. Айқайлаңызшы, көрейін, – дейді Қожанасыр.
Хан тамағын қырнап-қырнап алып, айқайлап қоя беріпті.
– Тақсыр, шынында да өзіңіз менің есегіме ұқсайды екенсіз, – депті сонда Қожанасыр.
Байқау жеңімпаздары марапатталды
Ұқсас жаңалықтар
Ғасыр құрылысының басшысы Оразалы Қантаев туралы бір үзік сыр
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024