Педагог пен ғалымды қолдау қабілетті мемлекет құруға жол ашады
- author AR-AY
- 24 мамыр, 2024
- 354
Заңға енгізілген түзетудің біріншісі – белгілі бір ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы бар оқытушылар үшін ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылып, PhD докторы мен ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін төленетін қосымша ақы 25 АЕК-ке өсіп, 92 300 теңгені құрайды, ғылым докторы және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін бұл көрсеткіш 42 АЕК, яғни 155 064 теңге болса, ал PhD докторы және ғылым кандидаты мен ғылым докторы дәрежесі, сонымен қатар профессор ғылыми атағы үшін оқытушылар мен ғалымдарға 50 АЕК, дәлірек айтсақ, 184 600 теңге мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
Сананы тұрмыс басқарады деген пікірді негізге алсақ, заңға енгізілген бұл өзгеріс мемлекеттің кадрлық болашағы мен экономикасын қалыптастыруға атсалысатын университет оқытушылары мен ғалымдардың әлеуметтік жағдайын бірқатар деңгейде шешері анық. Алтын уақытын сан алуан дәріске, практикалық және зертханалық сабақтарға дайындалу, оны білім алушы студенттер жүрегіне дән етіп себу, бұған қоса оларды сансыз олимпиада, конкурстарға дайындау, дипломдық, магистрлік және докторлық диссертация орындату арқылы ғылымға жол ашу, өзінің ғылыми бағыты бойынша жобалар орындау қызметін мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беруге жұмсайтын оқытушы қосымша табыс көзін іздеуге мойын бұра алмайтыны белгілі жағдай. Университет оқытушысының мемлекетті дамыту жолындағы сырт көзге көріне бермейтін қосар үлесі орасан. Орта білім алып келген мектеп түлегінің жалпы білімі болғанымен әлі де белгілі кәсіп маманы емес, яғни оған қандай да бір мамандық «әліппесінің» «А»-дан бастап, «Я»-мен аяқталатын қыр-сырын университет оқытушысы береді. Болашақ дәрігер, мұғалім, ұшқыш, инженер, конструктор, архитектор және тағы да басқа маманның сапалылық коэффициенті жоғары оқу орны педагогының қолында. Бұл дегеніміз, мемлекеттің барлық саласын алып жүретін кадр саясаты осы университеттен басталады деген сөз. Сондықтан да болашаққа жұмыс жасайтын университет оқытушыларының табысы олардың мемлекетке тигізер пайдасына сай болуы заңды құбылыс.
Атап өтетін жайт, ғылыми дәрежелері мен атақтары үшін осындай ай сайынғы қосымша ақы негізгі жұмыс орнында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге де белгіленетін-ді. Мұны да көңілге қонымды және заңды дүние деп есептеуге тұрарлық жағдай. Ата-бабамыздан қалған ұшы-қиыры жоқ жеріміздің қойнауы толы қазба байлықты кәдеге жаратып, отандық өнімге айналдыру – осы ғалымдардың қолында. Мемлекеттің экономикасы мен бәсекеге қабілеттілігі сол мемлекеттің шығаратын өнімімен өлшенетін заманда ғалымдарымызға қолдау керек-ақ.
Заңға енгізілген түзетудің келесі блогы мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін әскери қызметкерлердің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуы үшін білім беру гранттарына квоталар енгізілуімен байланысты болып отыр. Біріншіден, зайырлы елдің азаматы ретінде, Қазақстан Республикасының Заңы бойынша, мемлекетіміздің кез келген азаматы білім алуға тең құқылы. Екіншіден, тепсе темір үзер шағын Отанын қорғауға бағытталған әскери қызметін өтеген азаматқа жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуы үшін білім беру гранттарына квоталар енгізу елі мен жерінің біртұтастығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы азаматтарына білім алу мүмкіншілігін тудырып, әскери тәртіпке үйренген талапкерді белгілі бір мамандық иесі, атап айтқанда, инженер, дәрігер, немесе архитектор ретінде дайындауды – болашаққа бес қадам бұрын қарау деп қабылдау керек.
Түзетулердің үшінші бөлімі кәсіпкерлік субъектілердің қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына қатысты заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Жалпы алғанда, ғылымның бір бөлігін кәсіпкерлік субъектілердің қаражаты есебінен қаржыландыру – біріншіден, ғалымдарымыздың әзірлемелерінің шаң басып сөреде қалмауын қамтамасыз етсе, екіншіден, ғалымдарымыз аталмыш субъектілерде туындайтын ғылыми-техникалық мәселелерді шешу арқылы отандық өнім саны мен санатының артуына себепші болып, өндіріс ошақтарындағы технологияны жетілдіруге бағытталады.
Түзетулердің төртінші блогына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу және ғылым мен ғылыми-техникалық қызметті дамыту үшін тиісті жағдай жасау бойынша бірқатар өкілеттік беріледі. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің ғылыми әлеуетін жергілікті, яғни аймақтық сипаттағы өзекті ғылыми мәселелерді шешуге жағдай тудырары анық. Яғни еліміздің шалғай аймақтарында ғылыми қауымдастықтың қалыптасып, дамуының негізгі бір факторы – жергілікті атқарушы органдырының ғылымды дамыту бағытындағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде іске асыруы болып табылады. Сондықтан бұл өзгеріс те заман талабына сай келеді.Білім мен ғылымның шығынын қолдайтын саясат түбінде діңі мықты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет құруға әкелетіні ақиқат. Педагог пен ғылыми қызметкер әріптестерімді жағымды әрі қуанышты жаңалықпен құттықтап қойғым келеді. Еңбектеріңіз еселене берсін!
Сана ҚАБДРАХМАНОВА,
профессор
Әйеліңе «Әй» деп көр!
Ұқсас жаңалықтар
Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 180 құзыреттілік орталықтары ашылды
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024