Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қару ұстай білу де қаҺармандыққа баулиды

Қару ұстай білу де қаҺармандыққа баулиды
ашық дереккөз
Жуырда Жеңістің 79 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде «Үздік взвод-2024» атты әскери патриоттық ойындар өтті.

«Шипажай» бастауыш партия ұйымының демеушілігімен өткен жарыстың мақсаты – жастардың бойындағы ұлттық сезім мен патриоттық жігерді ояту. Әрі жас буынның әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру.

Жарысқа 9 взвод қатысты. Нәтижесінде І орынды «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» тобы, ІІ орынды «Тамақтандыруды ұйымдастыру», ІІІ орынды «Автоматика, телемеханика және теміржол көлігіндегі қозғалысты басқару» тобы иеленді. Ал «Калашников» автоматын шашып-жинауда Дәулетжан Киікбай, пневматикалық қаруды атудан Анеля Абдуллаева, қол гранатасын лақтырудан Абдумалик Шамхалов, кермеге тартылудан Арнаби Данашбек, азаматтық қорғаныс құралдарын киюден Нұрбек Ратов, қол күрестен Жаңаділ Айдынұлы, 100 метр қашықтыққа жүгіруден Данил Ердеев үздік деп танылып, арнайы дипломдармен марапатталды. 

Жалпы жастарды әскери білімге үйрету өскелең ұрпақтың отаншылдық рухын оятады. Ал Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінің алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің оқытушысы Бауыржан Суфанов мұндай тәрбие сағаттары мен жарыстарды ұйымдастыру жастардың өз-өздерін шыңдауына үлкен мүмкіндік беретінін айтады.– «Ер қаруы – бес қару» деген бабаларымыз ұлдарының қару өнеріне жетік болғанын қалаған. Өйткені қару ұстаған азамат өзінің ел қорғаны екенін сезінеді. Кез келген жасты батырлыққа баулудың бірден-бір жолы – әскери тәрбие беру және қару өнерін үйрету. Сондықтан жастарымыз қолына қару ұстап көру керек. Әрі өзінің Отан қорғаушы екенін сезінуі тиіс. Сол себепті де бүгінгі жарыстың жастарға берер тәрбиесі зор деп ойлаймын, – дейді Бауыржан Әшірханұлы.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар