– Құрметті мәдениет және өнер саласының ардагерлері мен қызметкерлері!Сіздерді төл мерекелеріңіз – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен байланысты.
Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәдениет саласын әрдайым басты назарда ұстайды және барынша қолдау көрсетіп отырады.
Жалпы облысымызда мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.Халықтың мәдениетін арттырып, ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосып отырған облыс көлеміндегі мәдениет пен архив мекемесінің саны бүгінгі күні 516-ны құрап отыр.Сондай-ақ облысымызда мәдениет саласын дамыту мәселесі қай кезде болсын назардан тыс қалған емес, оған бөлінетін қаржы да жыл сайын артуда.
2024 жылы салаға 13,3 миллиард теңге қаралса, оның 3,1 миллиард теңгесі 17 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бөлінді. Бұл нысандардың 8-ін биыл ел игілігіне ұсыну жоспарланса, қалған 9-ының құрылысы 2025 жылы аяқталады.
Биыл бірқатар мәдениет үйі мен ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтеді. Оның ішінде неше жыл жөндеу көрмеген Жамбыл аудандық мәдениет үйі және Т.Рысқұлов ауданындағы Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйі бар.Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты (152,6 миллион теңге) есебінен 13 мәдениет нысаны ағымдағы жөндеуден өтеді. Аталған жұмыстар мәдениетті дамытуға, саладағы материалдық-техникалық базаны жаңартуға оң септігін тигізері анық, – деген Ербол Шырақпайұлы салада атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Бұдан соң аймақ басшысы бірқатар қызметкерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, сонымен қатар Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.Атап айтқанда, мәдениет саласының ардагері Раушан Жетібаева (Мойынқұм ауданы), облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері Ербол Қамбатыров, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың кітапханашысы Ләззат Алдабергенова Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Ал Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының дыбыс режиссері Бақытжан Абдалиевке, Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Марал Алтынбековаға, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Анара Алтыбаеваға, Т.Рысқұлов аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің халық театрының меңгерушісі Эльмира Асылбековаға, Меркі аудандық орталықтандырылған мәдениет үйлер және клубтар жүйесінің «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің әртісі Досымбек Андабаевқа Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар Қордай аудандық мәдениет үйі және тарихи-өлкетану музейінің халықтық би ұжымының жетекшісі Зияш Жазықбаеваға, Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Шынаркүл Жұмабековаға, Жамбыл аудандық мәдениет үйінің әдіскері Нұрила Исаеваға, Шу аудандық мәдениет үйінің оркестр әртісі Нұрболат Инкарбековке, облыстық орыс драма театрының әртісі Анатолий Просаловичке, «Тараз» триосының әншісі Ноян Сейділдаевқа, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Серікбаева мен облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Ақсұлу Үсенбаеваға да «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі бұйырды.Сондай-ақ бірқатар сала қызметкерлері мен өнер майталмандары облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Өз кезегінде сала ардагерлері мен қызметкерлері де орамды ойларын ортаға салып, ұтымды ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Айжан ӨЗБЕКОВА