Елімізде соңғы жылдары сәбилердің шала туу көрсеткіші артқан. Бір жылда әлемде шамамен 15 миллион бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Бұл балалардың миллионнан астамы туғаннан кейін физикалық және неврологиялық ақаулардың әртүрлі түрлерінен зардап шегуі мүмкін. Ал облысымызда жыл сайын 26-28 мың нәресте дүниеге келсе, оның 2 000-ға жуығы шалабайлар екен.
Жуырда облыстық перинаталдық орталыққа арнайы ат басын бұрып, періштелер мекенінің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Орталықтың неонатология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде сәбилердің адам қатарына қосылуына барлық жағдай жасалған. Бізді жансақтау бөлімінің тренер медбикесі Роза Шалабаева қарсы алды. Жылы жүзді медбикенің салада қызмет етіп жүргеніне 31 жыл болыпты. Жансақтау бөліміне кіріп барғаннан-ақ қарбалас тірліктің куәсі болдық. Ағзасы дамымай, өкпесі жетілмеген шақалақтардың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер мен медбикелер уақытпен санаспай аянбай еңбек етуде.
Жансақтау бөлімінде салмағы небәрі 500 келі болатын сәбилер де жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, аналардың көбісі 23 және 27-апта аралығында босанып қояды екен.
Роза Жылқыайдарқызы әр бөлімді аралатып көрсетіп, құрал-жабдықтар мен аппараттарды таныстырды. Тәжірибесі мол медбикеден жүкті әйелдердің неліктен ерте босанып қоятынын сұрадық.
– Бірден-бір себебі – әйелдердің өз денсаулықтарына салғырт қарауы. Күйбең тіршілікпен бала, ата-ене, күйеу, үй тірлігі деп жүріп уақытылы ем алмайды. Ауырса дәрігерге қаралмай жүре береді. Күтінбейді. Ас-ауқатқа да дұрыс қарамайды, – дейді Р.Жылқыайдарқызы.
Шала туған нәрестелер бөлімінде көбіне көпжылдық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді екен. Әрине, жастар да аз емес. Біз барған күні бірінші реанимация бөлімінде емдеуші дәрігер Арайлым Айтоқова қызмет атқаруда екен.
– Бағзы заманда ата-бабаларымыз шала туған нәресте ұстауға, көтеруге ыңғайсыз болғандықтан тымаққа салып өсірген деп естиміз. Бүгінде медицина дамыған. Тура ананың құрсағында жатқандай ылғалдылықты бере алатын арнайы аппараттар бар. Тым ерте туған нәрестеге аппарат анасының жатырында жатқандай күй сыйлайды. Арнайы кувез аппаратына саламыз. Кувездің температурасы әрқашан баланың аптасына байланысты +36-37 градус болып тұрады. Мұнда балалар мерзіміне, салмағына қарай жатады. Біз ерекше күтім жасаймыз. Шалыс қозғалтуға, тым көп көтеруге болмайды. Өзінің тәртібі бар.Шала туған баланың асқазан-ішек жолдары дамымай, өкпесі жетілмей туады. Реанимацияға түскен баланың, ең әуелі, өкпесін ашу үшін дәрі егеміз. Жүйке жүйесінде өзгерістер болмауы үшін қарынішілік қан кету орын алмауын қадағалаймыз. Мұқият, мәпелеп, нәзік түрде күтім жасаймыз, – деді жас дәрігер Арайлым Жуанышқызы.
Ал неонатология бөлімін сауатты маман, білікті неанотолог дәрігер Талғат Толықбаев басқарады. 30 мыңға жуық баланың өмір сүріп кетуіне себепкер болған Талғат Жорабекұлының бөлмесіне бас сұқтық. Халықтың алғысын арқалап келе жатқан ақ халатты абзал жан жақсылықтың қайтарымы қашанда жақсылық екенін тілге тиек етті.
– Неонатология – жас ғылым. Яғни нәрестелердің күтімі, физиологиялық, даму-өсу заңдылықтарын, тамақтандыру, емдеу және қалыптастыру мәселелерін оқытып, үйрететін медицина ғылымының бір бөлігі. Педиатрия саласы жеке сала ретінде XIX ғасырда дамыса, неонатология XX ғасырда дамыды. Шала туған нәресте деп жүктіліктің 37 аптасына дейін туған сәбилерді атаймыз. Шала туған балалар – медициналық және әлеуметтік проблема. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын шалабайлардың саны азаяр емес. Аналар көбіне жатыр мойнының әлсіздігінен ерте босанып қойып жатады. Бір себебі осы. Екінші себеп – жүктіліктің асқынуы. Гипертензиялық жағдайдың көбеюінен, – дейді Т.Жорабекұлы.
Талғат Толықбаев – білікті дәрігер. Жары Ақбота Толықбаева қалалық ауруханада функционалды диагностика бөлімінің терапевт дәрігері. Отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиелеуде. Ұл-қыздарының бәрі ата-анасының жолын қуып, медицина саласында білім алуда.Орталықта шала босанып қойған аналармен де кездестік. Несібелі Қыдырәлі есімді жаңа босанған ана Меркі ауданынан келіпті. Жүрек дертімен ауырады екен. Әрі қан қысымы көтеріліп, 26 аптасында босанып қойыпты.
– Дәрігерлер мен медбикелерге мың алғыс. 900 грамм болып туған сәбиім екі апта жансақтау бөлімінде жатты. Аллаға шүкір, бөлім мамандарының арқасында біз қайта табыстық. Есімін Айша деп қойдық. Қазір 29 апта болдық. Өкпені ашатын CPAP аппаратында жатыр. Аппарат арқылы демалып тұр. Зонт арқылы сүт берудеміз. Маған медбикелер аппаратты қосуды, ана сүтін қалай беруді үйретіп, көрсетіп қойған. Бірлесіп өмір сүруге талпынып жатырмыз. Балада сору рефлексі болмағандықтан 32 аптаға дейін зонт арқылы тамақтанады, – дейді жас ана.
Мерзімінен бұрын босанған ананың тағы бірі – Жансая Балықбаева. Орталықта екі айдан бері жатыр. Ерте суы кету салдарынан тұңғышын 26 аптада босанып алған. Сәбидің есімі – Айлин.
– Сәбиім 725 грамм салмақпен өмірге келді. Бойы – 30 сантиметр. Жиырма алтыншы аптада өмірге келгендіктен іш құрылысы толық дамымаған еді. Өздігінен демала алмады. Баланы бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Дәрігерлер баланың ағзасында инфекцияның көп екендігін айтып, «үміт аз, кез келген жағдайға дайын болыңыз» деп ескертті. Осындай қиын кезде баламды аман алып қалу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, сәбиімнің өміріне араша болған Талғат Жорабекұлына және медбикелерге аналық алғысымды білдіремін, – дейді Жансая.
Бір қызығы, жыл сайын дәстүрлі түрде 17 қарашада шала туған балалардың халықаралық мерекесі аталып өтеді екен. Аман-есен дүниеге келіп, өсіп-өнген шалабайлар мен олардың ата-аналары келіп, кеңес алып, мерекенің көрігін қыздырады екен.– Білесіз бе, осы уақытқа дейін қаншама сәбиге шуағымызды шаштық. Әрбір бала үшін анасымен бірге жылап, тілеуін тіледік. Денсаулығында кінәраты болмауына, адам қатарына қосылып кетуіне барынша жағдай жасадық. Соларды көргенде қуанып қаламыз. Алладан кейінгі шебер жандармыз ғой деп кейде мақтанып, масаттанып қаламыз. Біздер сәбилердің амандығы үшін күресушілерміз. Өмір үшін жанталасушылармыз. Қайтарымын күтпейміз, – деп Роза Жылқыайдарқызы тебірене сөйледі.
Роза Жылқыайдарқызының айтуынша, жүкті аналар ерте босанып қоймауы үшін емханалар жақсы кеңес беріп, тыңғылықты жұмыс істеуі керек екен. Күйзелістен сақтанып жүруді, аурудың алдын алуды қадағалау емхана дәрігерлерінің міндеті деп есептейді. Көбінде бір рет шала босанған әйел екіншісін де шала туып қояды екен. Мұны «жатырдың есте сақтауы» деп атайды. Рефлексті түрде мерзімінен бұрын туу кейде осылай да жалғасып жатады.
Шала туған баланың да көрер жарығы, шырағы бар. «Құдайсыз қурай да сынбас» деген. Бүгінде жаңа технологиялардың арқасында республика бойынша 90 пайыз шала туған шақалақ аман қалуда. Мерзімі жетпеген балалардың бәрі ауру болып туады деген де жаңсақ пікір. Күтімі мықты болса, өз уақытысымен туылған балалардан да ақылы асық, алғыр болары анық. Оны тарих дәлелдеген.
Эльмира Байназарова