Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көне жәдігерлер мекені

Көне жәдігерлер мекені
ашық дереккөз
Жамбыл жері талай тарихи оқиғалардың куәгері болып, ғасырлар тоғысында өркениет ошағының орталығына айналды. Ежелден атырапқа даңқы шығып, саудагерлер қаласы атанған төрт қақпалы шаһар шайырлар мекені де болды. Міне, осы даңқы дәуірлеп тұрған кезеңде Тараз туралы дастандар мен аңызға бергісіз әңгімелер де айтылып жатты. Екі мың жылдан астам тарихы бар киелі мекен күні бүгінге дейін жауһар жырлар мен әсем әндерге, тәмсілге толы туындыларға арқау болып келеді.

Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихын халыққа таныту, құндылықтарымызды қастерлеу маңызды да жауапты міндеттердің бірі. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа насихаттауда музейлердің маңызы зор. 

Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық, көркем мұраны сақтайтын орын. Музей – өз елінің және әлемдік өркениеттің мәдени және рухани мұрасын сүюге және түсінуге үйретеді. 
18 мамыр – Халықаралық музей күні. Айтулы мерекені 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесі бекіткен. Ал «Музей түні» алғаш рет 1997 жылы Германияда өткен. Берлин қаласындағы 18 музей қала тұрғындарын түнде қарсы алған болатын. Шараға 30 мыңнан астам адам келген. Екінші рет өткізілген кезде келушілердің саны 50 мыңға дейін жетіп, рекорд орнатылған. Бұл акция әлем елдеріне таралып, танымал бола түсті. Содан кейін 2005 жылы француздар бұл акцияны жыл сайын өткізіп тұруға ұсыныс білдірген. Еуропа кеңесі ұсынысты қабылдағаннан соң «Музей түні» әлемнің 38 еліндегі 2 мыңнан астам музейде өткізілген. Ол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Акция бірінші рет 2006 жылы ҚР Орталық музейінде ұйымдастырылған.

Осы орайда облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарихына тоқталатын болсақ, 1931 жылы 25 тамызда бұрынғы Әулиеата қаласында тарихи жәдігерлер жинақталатын мұражай ретінде ашылған. 1940 жылдары облыстық мұражай болып қайта құрылған. Музейді қайта құрудың тұңғыш ғылыми жоспарын сол кездегі музейдің ғылыми қызметкері, белгілі ғалым, өнертану ғылымдарының докторы Л.И.Ремпель жасаған. 
Облысымыздың 80 жылдық мерейтойына орай 2019 жылдың 25 желтоқсанынан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейі «Көне Тараз» этномәдени кешенінде орналасқан, шығыс стилінде салынған жаңа ғимаратқа көшті. Музей ғимараты 2 қабаттан тұрады. Жалпы аумағы 4 015 шаршы метрді құрайды. Мекеме қорында 72 мыңнан аса бірегей және құнды жәдігер сақталған. Олар: тарихи, археологиялық коллек­ция­лар, нумизматика, тарихи-тұрмыстық заттар, қолжазбалар мен баспа құжаттары және тағы да басқа. Ал музей экспозициялары 4 бөлімге бөлініп, 1 040 шаршы метрде орналасқан. 
1-зал – «Тарихқа дейінгі кезең»
Табиғат бөлімінде бай палеонтологиялық коллекция теңіз жануарларының қатып қалған сүйектері, ағаштар сақталған. Сондай-ақ облыс флорасы мен фаунасы өкілдерінің үлкен коллекциясы қойылған. 
Археология бөлімінде профессор Х.А.Алпысбаевтың ғылыми экспедициясының Қаратау тауларынан тапқан тастан жасалған еңбек құралдарының коллекциясы, адам сүйектері, қола орақ, Сақ кезеңінде табылған заттар, құрбан шалынатын жерлердегі мүсіндер, жебе және найзалардың ұштары, жауынгердің қола дулығасы көрсетілген. 
2-зал – «Тараз қаласының тарихы» 
Мұнда Қазақстандағы ең ежелгі қалалардың бірі Тараз қаласының көне тарихы, өңірде билік еткен Батыс Түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ және Қараханид сияқты аты әлемге әйгілі мемлекеттердің саяси және экономикалық орталығы болғанын растайтын археологиялық қазба деректерімен таныса аласыздар. 
Ұлы Жібек жолы бойында жатқан біздің өлкемізде 50-ге жуық қалашық пен елді мекен болған. Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ірі сауда орталығы – Тараз. Мұнда Тараз тұрғындарының қолынан шыққан сыйымдылығы үлкен астық пен сұйықтықты сақтауға арналған хұмдар, асүй бұйымдары, су құбырлары, шырақтар, сферокон устар, дастарқандар, жерлеуге арналған сауыттар, оссурийлер, қоладан жасалған бұйымдар, хош иіс шығаратын аспаптар, осы аспаптарға арналған тіреуіштер және тағы да басқа заттар көрсетілген.
3-зал – «Қазақ этнографиясы»
Келесі экспозиция Қазақ хандығының құрылу тарихы және қазақ халқының этнографиясына, оның ішінде музыкалық өнеріне, тұрмыс-тіршілігіне, әшекей бұйымдары мен ұлттық киімдеріне, аңшылық және құсбегілік өнеріне арналады. 
4-зал – «Әулиеата кезеңі»
Бұл экспозиция Жамбыл облысының облыс болып құрылуы, Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі экономиканың, мәдениет пен өнердің, білім мен медицинаның даму тарихын баяндайды. 
Өлкенің экономикасының дамуы үшін Түрксіб-Сібір теміржолының құрылысы өте маңызды болды. Түрксіб теміржолын салудың басты мақсаты – Кеңес одағының мақтаны шетелдерден сатып алуға тәуелділігін жою үшін оңтүстік республикалардағы егістік жерлерді мақтаға босатып, ал ол жерлердегі халыққа қажет бидайды Сібірге Қазақстаннан жеткізу болатын. Түрксіб теміржолы іске қосылған кезден өлкеміздің экономикасы тез дами бастады. 
Музей ғылыми зерттеу қызметімен және мәдени ағарту ісімен де айналысып келеді. Сонымен қатар ғылыми мақалаларды жариялап, оқушылар мен студенттерге ғылыми жобамен айналысуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда облыстық музейде 3 бөлім жұмыс істейді. Атап өтер болсақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімі, ғылыми-зерттеу қорларын қамтамасыз ету бөлімі, экскурсиялық және көпшілікке қызмет көрсету бөлімі.
Облыстың және Тараз қаласының Құрметті азаматы атағын алған жерлестерімізге арналған моноблок орнатылған. Толық мәліметтерді музей қызметкерлері жинақтап, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде моноблокқа енгізген. 
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері заманауи құрылғылардың да игілігін көруде. Экспозиция залдарында тақырыптарына сәйкес жәдігерлер, сонымен қатар әрбір залда, музей фойесінде қосымша ақпарат беретін электронды сүйемелдеуіштер (моноблок, TV, интерактивті киоскілер) қойылған. 
Сонымен қатар ата-бабаларымыздың қол еңбегінен туындаған көне жәдігерлерді кәсіби тұрғыда сақтап қалу, ел игілігіне жарату, топтастыру мақсатында «Музейге сый тарту» акциясы жарияланып тұрады. 
Музейде мұраны жаңғырту, сақтау және насихаттау, өскелең ұрпақты өзінің ұлттық құндылықтары мен дәстүрлерін құрметтеу рухында тәрбиелеу мақсатында дәстүрге айналған «Музей түні» акциясы жыл сайын өткізіліп тұрады.
Көне тарих пен бүгінімізді жадымызға сақтап отыратын, көпсалалы жәдігерлердің иесі музейлердің өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Музей – адамзат баласының өмірінде заттық және рухани мәдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден-бір орын. Бұл киелі де қасиетті орын алғашқыда өнер туындыларын сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасып, уақыт өте келе, әдістемелік қызметі жетілген көпсалалы ғылыми-зерттеу мекемесіне дейінгі дәрежеге көтерілді. Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасының алуан түрлілігі мен байлығы өркениетті қоғамның негізгі қалаушы белгісі болып табылады. Қазақ халқының ғасырдан-ғасырға ұштасқан тарихи мұрасын сақтау, өткені мен бүгінін жақындастырып, байланыстыратын құнды жәдігерлерді қорғау – бүгінгі біздің басты міндетіміз. Ата-бабамыздан бізге жеткен тарихи және мәдени нысандарды насихаттау және сақтау мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын табады.

Лаура БАЙТҰРСЫНОВА, 
облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми-зерттеу

жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар