Жалған мәліметтер енгізген: Жамбыл облысында шенеунік сотталды
- author AR-AY
- 15 мамыр, 2024
- 178
Жамбыл облысында қызметтік жалғандық жасағаны үшін жер қатынастары саласы бойынша әкімдік қызметкері сотталды, деп хабарлады Arainfo.kz тілшісі.
Лауазымды тұлғаның жер беру кезінде қызметтік жалғандық жасау фактісін Байзақ ауданының прокуратурасы талдау барысында анықтады.
«Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің бас маманы ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізіп, 4 жеке тұлғаға 465 гектар жалға берілетін жерді заңсыз алуға мүмкіндік бергені анықталды», - делінген хабарламада.
Осы факті бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 369-бабының 1-бөлігі (қызметтік жалғандық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді тіркеді.
«29.04.2024 жылы аудандық соттың үкімімен жергілікті атқарушы органның бас маманы мемлекеттік қызметте белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта енгізілген қадағалау актісі бойынша заңсыз берілген жер телімдері толығымен мемлекетке қайтарылды.