Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаһармандар халыққа үлгі

Қаһармандар халыққа үлгі
ашық дереккөз
Биыл Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы, бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына – 100 жыл. Саналы ғұмырын туған елінің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласын нығайтуға арнаған ірі әскери қайраткердің туған күні қарсаңында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті әскери кафедрасының ұйымдастыруымен «Жас қыран-2024» атты әскери-патриоттық іс-шара өтті.

Жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, Отан үшін отқа түсіп қыршынынан қиылған, қандас, қарулас азаматтарды еске алу мақсатында өткен мән-маңызы жоғары іс-шараға Жуалы, Байзақ, Жамбыл аудандарының орта мектеп оқушылары, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті әскери кафедрасының студенттері мен оқытушылар құрамы және 14157 әскери бөлімінің «Оқу орталығы», 85395 әскери бөлімінің мамандары қатысты. Ал іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысы, генерал-майор Қуаныш Үштаев, Б.Момышұлы атындағы 85395 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жәнібек Құранбеков, 14157 әскери бөлімінің командирі, полковник Шоқан Мұсабеков, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры Эльмира Абдинова тікелей қолдау көрсетті.Салтанатты жиынды басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек құттықтау сөзбен ашты. Ол Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлікке толы өмірі жастарға үлгі екенін, ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған іс-шара өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің бір құралы екенін баса айтты.
Жиында Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітап» атты көптомдық кітаптарының көрмесі өтті. Сұрапыл соғыстан елімізді аман сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырған қазақ батырларының ерлігінен сыр шертетін кітапхана қорындағы әдебиеттерге «Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев», «Мой передний край», «Ұлт батырлары», «Ұшқан ұя», «Айтылмаған ақиқат» ,«Майдан жыры мен сыры» секілді тағы басқа кітаптарға кең көлемді шолу жасалды. Сонымен қатар қатысушыларға Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың соғыс жылдарындағы ерліктерінен кеңінен ақпараттар берілді. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының соғыс жылдары белінен тастамай асынып жүрген қылышын көзінің қарашығындай сақтаған марқұм Жақсылық Сәтібековтің өмірлік жары Азиза Қалықұловаға көрмеге жиналған барша қауым алғыстарын білдірді.
Кездесу барысында студенттерге арнайы практикалық-әскери техникалар көрмесі, қару-жарақ көрмесі, дрондар мен «Skylark» ұшқышсыз ұшу аппаратының көрмесі, «Далалық асхана» мен солдат казармасына экскурсия жасалды. Экскурсия барысында мамандар болашақ Отан қорғаушыларға бронды тасымалдағыш (БТР), автоматты станокты гранат лақтырғыш (АГС-17), Калашниковтың жетілдірілген пулеметі (ПКМ), танкке қарсы қол гранат лақтырғыш (РПГ-7В), Другуновтың мергендік винтовкасы (СВД), Калашников автоматы (АК-74), станокты танкке қарсы гранат атқыш (СПГ), Макаров тапаншасы (ПМ), миналар, мина атқыштар, Д-30, Урал ВМ-21 аппараттары жайлы толық түсіндірді.
Мамандар жастарға техника мен қару-жарақтың, арнайы қорғаныс және байланыс құралдарының үлгілерін ұсынып, олардың мақсаты мен сипаттамаларын жете түсіндіріп берді. Оқушылар мен студенттер заманауи қазақстандық жауынгердің қаруларын көріп қана қоймай, қолдарына ұстап, ерекше сезімге бөленді. Әскери бөлімді аралау барысында болашақ Отан қорғаушыларға сарбаздардың тұрмысымен танысуға, олармен әңгімелесіп, әскери қызметшілердің өмірі туралы көптеген қызықты ақпараттар алуға мүмкіндіктері болды. Сондай-ақ арнайы дайындалған «Далалық асханада» болып, онда сарбаздар тағамынан дәм татты. Казармаларды аралап, сарбаздардың тұрмыс-тіршілігімен танысып шықты.
Іс-шараны ұйымдастырушы, әскери кафедраның аға оқытушысы, доғарыстағы майор Құрманбек Оңалбеков барша келген қонақтарға алғысын білдіріп, аталған іс-шара еліміздегі жас сарбаздардың, азаматтардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, Отан қорғау жайындағы мақсаттардың орындалуына үлкен ықпалын тигізетінін тілге тиек етті. Жас буынды осы бастан өз Отанын қастерлеп, құрметтеуге жетелейтін, өнегелі тәлім-тәрбие беретін іс-шараларды ұйымдастыру басты мақсаттардың бірі екенін жеткізді. Өз кезегінде әскери бөлімде өткізілген осы іс-шара алдағы уақытта талапкерлердің болашақ мамандығын анықтауға көмектеседі деген үмітін білдірді.
Отанды риясыз сүю – әр азамат үшін қастерлі парыз. Бұл ретте жас буынның бойында отансүйгіштік пен патриоттық сезім қалыптастыру аса маңызды. Сарбаздардың Отан алдындағы борышы мен жүктелген міндеттерді мінсіз атқаруы білімгерлердің көңіліне ерекше әсер еткені сөзсіз. Жиын соңында студенттер әскери бөлім басшылығына және іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

AR-AI ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар