Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаламын қаруға айырбастағандар

Қаламын қаруға айырбастағандар
Ашық дереккөз
Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында болған соғыстардың ішіндегі ең қасіреттісі болды. 1941 жылдың 22 маусымында басталған алапат соғыс миллиондаған адамның өмірін қиды.Жау өтіндегі жауынгер оққа денесін төсеп, көзсіз ерлік көрсетсе, тылдағы елдің жанкештілері арыстанша аласұрып, «Бәрі майдан үшін!» ұранымен күнді түнге ұрды. Қан кешіп жүргені де, ұйқы-күлкісіз еңбек көрігін қыздырғаны да Жеңісті жақындатты, отанын басқыншыдан арашалап қалды.

Белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев өзінің бір мақаласында мынандай деректер келтіреді: «Қазақстан соғыс жылдарында, шын мәнінде, майдан арсеналына айналды. Республика еңбекшілері майдан талаптарына сай еңбек ете жүріп, соғыста аса маңызды стратегиялық мәні бар түсті металдар өндіруде өзінің одақтағы жетекші рөлін нығайта түсті. Соғыс жылдары Қазақстан майданға және қорғаныс өндірісіне қажетті мыстың үштен бірін өндіріп отырды. Майданда атылған он оқтың тоғызын Қазақстанда құйылған қорғасыннан жасадық дейміз. Бұл ақиқат. Республикада сонымен бірге Қоңырат молибден кен орны, Жездідегі марганец өндіру кен орны, Ақтөбедегі Хромтау, Ақшатау молибден-вольфрам, Текелі полиметалл комбинаттары жедел салынып, іске қосылды. Осының арқасында одақтық өндірісте молибденнің 60, висмуттың 65, полиметалл кендерінің 79 проценті Қазақстанда шығарылды», – дейді.

Бұған Шымкенттің қорғасынын, Ембінің мұнайын, Орталық Қазақстанның түсті металын, Қарағандының көмірін қосыңыз. Бұл аз десеңіз, оқтан да қымбат – қазақ даласынан майданға оқ болып атылған астығын айтыңыз! Жамбылдықтар 1942 жылы Брянск майданына 13, 1943 жылы Солтүстік Батыс майданына 16 вагон сыйлық жеткізген. Жаудан босатылған өңірлерге мал, мініске жылқы да берді. Термелеп айта берсек, тылдың майданға қолдауы туралы дерек өте көп.Архив құжаттарынан тыл еңбеккерлері жайлы мәліметтер іздестіріп отырып қаламын қаруға алмастырған майдангерлер жайлы деректерге кез болдық. Көзімізге журналист, жазушы Тұрсынхан Толқынбайұлының «Майданға Жамбылдан аттанған жазушылар» атты мақаласы оттай басылды.Мақалада Жамбыл жерінен қан майданға аттанған Талас өңірінің тумасы Шона Смаханұлы, Кенингсберг түбінде ерлікпен қаза тапқан Рахымбай Құлбаев, ауыл мұғалімі болған Аманғали Сегізбаев, майданда дивизиялық газет редакторы болған Жайық Бектұров, Жамбыл жерінде жасақталған 105-атты әскер дивизиясы құрамында болған Мыңатай Қыстаубаев пен Қалмахан Әбдіқадыров жөнінде жазылған.Алматы қаласындағы Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының кіреберісіндегі мәрмәр тақтада ұрыс даласынан оралмаған жазушылардың есімдері әліпби тәртібімен берілген тізім бар. Онда жамбылдық қаламгер Аманғали Сегізбаевтың есімі бар.Әдебиеттен хабары бар көзіқарақты оқырмандар А.Сегізбаевтың Қостанай облысының Ақсу ауылының тумасы екенін біледі. Молдадан хат танып, өзі де еңбек жолын ауыл мұғалімдігінен бастаған. Баспасөз беттерінде ойлы өлең, өткір мақала, фельетондарымен танылып, 1924 жылы Орынбор қаласындағы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Еgemen Qazaqstan») газетіне шақырылады. Соғыс басталар тұста ол осы газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі екен.Талас өңірінің перзенті Шона Смаханұлы да ел басына күн туғанда бұғып қалмай, қан майданға аттанған. 

Көрші Оңтүстік Қазақстан облысында ұзақ жылдар партиялық басшылық қызметте болған жазушы Әбжапар Жылқышиев те майданға туған жері қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданынан аттанған. Қазіргі таңда аудандағы бір ауыл осы кісінің есімімен аталады.Қордайдың Шарбақты ауылында 1925 жылы дүниеге келген Сансызбай Сарғасқаев та соғысқа қатысқан қаламгердің бірі.Жазушы Жайық Бектұров та майданға Жамбыл жерінен аттанған. Ол 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғанда Алматыдан облыстық газетке бас редактор болып келген. Сол жылдың қарашасынан 1942 жылдың мамырына дейін редактор қызметін атқарған. Ақмола облысы, Қызылағаш ауылының тумасы Жайық Бектұров майданда дивизиялық газет редакторы болған. Елге оралған соң 1958 жылдан бастап ұзақ жыл Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы облысаралық бөлімшесін басқарды.1919 жылы өмірге келген Балтабай Адамбаев Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы болатын. Майданда рота командирі болған. Өлеңдері, деректі әңгімелері, повестері жинақталған бірнеше кітабы бар.Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы мен 4 ұлттық дербес атты әскер дивизиясы, 7 бригада, 50-ге жуық полк, батальон және өзге де әскери құрамалар жасақталды. Олардың бәрін киім-кешекпен, тамақпен қамтамасыз етуде жамбылдықтар ерен еңбектің үлгісін көрсетті.1941 жылы Жамбыл қаласында қараша айында 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясы қауырт құрылды. Облыс басшылығы тікелей жұмылдырылған бұл науқанның қиындығы өз алдына еді. 


Ұлттық болған соң оған білікті кадрларды көптеп тарту керек болды. Бұл ауылда елді еңбекке жұмылдырып жүрген көзі ашық азаматтардың қатарының тағы да сирей түсуіне әкеп соқты. Ол аз десеңіз, жұмысқа жегіліп жүрген атты да майданға жөнелту міндеті қойылды. Бұл әсіресе Жамбылда 105-дербес ұлттық атты әскер двизиясын жасақтауға байланысты шешімнің қабылдануына орай күрделене түсті.Облыстық архивтің 282- қорының 1-тізіміндегі 453- ісінің 29-бумасында 1943 жылдың қыркүйегіне дейін Жамбыл облысында және Жамбыл қаласында қандай әскери құрамалар құрылғаны туралы мәлімет сақтаулы. Осы мәліметке сүйенсек, 1941 жылдың маусым айында 678-жеке атқыштар батальоны құрылды. Осы жылдың тамыз айында 81-атты әскер дивизиясы жасақталды. Соғыс басталған жыл облыс және қала тұрғындары үшін аса қауырт болғанын байқауға болады. Осы жылдың қараша айында Бас қолбасшының бұйрығы бойынша біздің облысымызда 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясы жасақталды. Шілде айында дербес инженерлік-құрылыс батальоны Жамбыл қаласынан майданға аттанды. Осы жылдың соңында облыста газсыздандыру отряды құрылды. 

Жамбыл қаласында жасақталып жатқан ұлттық атты әскер дивизиясының сапына алынып, әскери дайындықтан өткен Қалмахан Әбдіқадыров бұл кезде ел таныған ақын болатын. Әйгілі «Мың бір түн» хикаясын қазақша сөйлеткен жазушы Қ.Әбдіқадыров Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы болатын. Соғыстан аман-есен оралған Қ.Әбдіқадыров Қазақстан Жазушылар одағында, Жамбыл ақынның мұражайында қызмет атқарып, 1964 жылы өмірден өтті. 

Біздің облыстан Қалмахан Әбдіқадыровпен бірге 105-атты әскер дивизиясында қызмет еткендердің бірі Талас ауданының Қызыләуіт ауылында 1922 жылы дүниеге келіп, соғысты Берлинде аяқтаған Мыңатай Қыстаубаев еді. Аға-лейтенант шенінде майданнан оралып, туған ауылында ұзақ жылдар ұстаздық еткен. Бұл кісі Жазушылар одағына өтпеген. Атақтардан да алыс жүрген. Туған ауылы Қызыләуіттегі орта мектеп Мыңатай Қыстаубаев атында.Біз бұл шағын мақалада қаламгерлердің творчестволық шығармашылығына кеңінен тоқталып жатпадық. Осы бағытта қалам тербеген ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлының жазғандарына аз-кем үңілдік. Сонда Жамбыл жерінен қан майданға қатысып қайтқан жазушылардың өмір жолына үңілгендей болдық.

Сағындық Зейнуллаұлы,
облыстық мемлекеттік архивтің 
бөлім басшысы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар