Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ана мен бала құқығы – басты назарда

Ана мен бала құқығы – басты назарда
ашық дереккөз
Жақында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

 Аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмей тұрып бұл мәселе қоғамда ашық талқылауға түскен еді. Сол кезде қоғамда «бұл заң қабылданатын болса, баланы отбасынан ажыратып алу оңай болады немесе заң әйелдердің мүддесі үшін жұмыс істейтін болыпты» деген секілді сан алуан пікір пайда болды. Осы орайда біз адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Берікбол Байхожаевтан осы мәселенің нақтысын сұрап білген едік. 

– Негізі заңға енгізілген түзетулер мен өзгертулер бүкіл азаматтық қоғамның белсене қатысып, түрлі алаңдарда алдын ала кеңінен талқыланған мәселелердің нәтижесі бойынша әзірленді. Заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге заң әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді.
Біріншіден, бұл заң отбасын қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, «Неке және отбасы туралы» кодекстің 2-бабына дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету туралы толықтырулар енгізілді. Балаларды адамгершілік және рухани тұрғыда тәрбиелеу ұлттық және дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу рухында жүргізілуі тиіс. Жаңа заңда басқа да түзетулер бар, бірақ дәл осы ережелер стратегиялық мемлекеттік бағдар береді деп санаймын. Ал жаңадан қабылданған заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін деген пікір шындыққа жанаспайды. Сондықтан аталған мәселе бойынша кез келген балама пайымдаулар негізсіз әрі күмәнсіз. Өйткені Қазақстан тек дәстүрлі ұлттық отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын сақтауға қолдау көрсетеді.
Екіншіден, жаңа заң балаларымызды педофилдерден қорғайды. Бәлкім, бұл кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық туралы хабарламалар жиілеп кеткең соң барша қауымды дүрліктірген, көптен күттірген шара шығар. Енді педофилдер өмір бойы түрмеге тоғытылады.
Тағы бір айта кетер мәселе, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаның да қатайтылуы. Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын заңға түзетулер енгізілген болатын. Енгізілген өзгертулерге сәйкес полиция органдарына жәбірленушілердің шағымынсыз, куәлердің айғақтары мен бейнежазбаларға сүйене отырып, зорлық-зомбылық фактісі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік берілді. Түзетулердің қабылдануымен енді тек татуласуға бір мәрте, онда да сотта ғана мүмкіндік беріліп отыр. Дегенмен сол кездің өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың баптары ұрып-соғу, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру әркеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыру сұранып тұрған еді. Өйткені әйелдерге қатысты қылмыстар санының артуы белгілі бір дәрежеде 2017 жылы ҚР Қылмыстық кодекстің тұрмыстық зорлық-зомбылық («Ұрып-соғу», «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») баптарын декриминализациялаудың салдары деп санаймыз. Мысалы, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, отбасылық зорлық-зомбылық қылмыстық кодекстердің жеке баптарында («отбасылық (тұрмыстық) зорлық-зомбылық») бөлектеліп, олар үшін айыппұл түріндегі жазамен қатар, түзеу жұмыстары мен бас бостандығынан айыру көзделген, – деді Берікбол Ұзақұлы.
Сонымен қатар Б.Байхожаев облыста әйелдерге қатысты қанша зорлық-зомбылық оқиғасы орын алғаны жайлы да сөз қозғады. Сөзіне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша, өңірде әйелдерге қатысты 1 443 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгенімен (2022 жылы – 1 646) қылмыстың төмендеу динамикасы байқалған.
– Отбасық-тұрмыстық әйелдерге қатысты қылмыстар 28 пайызға өскен. Яғни өткен жылы 27 дерек орын алған (2022 жылы – 21). Оның ішінде кісі өлтіру 3-тен 4-ке дейін, ауыр қылмыстар 4-тен 10-ға дейін, орташа ауыр қылмыстар 14-тен 13-ке дейін артқан.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы – «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер» дерегі 2 287-ге жеткен. ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы – «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша 817 оқиға, ҚР ӘҚБтК-нің 73-2-бабы – «Ұрып-соғуға» қатысты 924 жағдай тіркелген. Бұрын ұрып-соққаны үшін айыпты ескерту не 10 тәулікке қамауға алынатын. Енді ұрып-соққаны үшін кінәлі 25 тәулікке қамауға алынады немесе 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады не 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. 
Денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін бұрын әкімшілік жаза бойынша ескерту жасауға немесе 15 тәулікке қамауға алу қолданылатын. Енді бұл қылмыстық жауапкершілікке ауысып, 50 тәулікке қамауға алу, 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе 200 АЕК көлемінде айыппұл салу қолданысқа енді.
Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.
Сонымен қатар әйелдер мен балалардың құқын қорғау мақсатында ақпараттық-анықтамалық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі «111» байланыс орталығын құру, әр ауданда Отбасын қолдау орталықтарын ашу, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру туралы нормалар да бекітілді. Бұл іс-шаралар отбасы беріктігін арттыруға және отбасылық құндылықтарды қорғауға септігін тигізеді деп ойлаймын. Сонымен бірге отбасы беріктігін қамтамасыз ету үшін заңды қатаңдатудан бөлек, отбасылық құндылықтарды және отбасын құрудың маңыздылығын жұртшылық арасында кеңінен насихаттауымыз қажет, – деді Берікбол Байқожаев.


Бұл ойды облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев та қуаттап отыр. Ол қоғамда отбасылық институтты қалыптастырмайынша мәселе шешімін таппайтынын тілге тиек етті.


– Қазір отбасының шырқын бұзғандарға, балалар мен әйелдерге күш көрсеткендерді жазалауда заң барынша қатайтылды. Бірақ ең бірінші біздің қолға алуымыз қажет мәселе – отбасындағы тәрбие. Біз отбасылық тәрбиені жөндемей, осыған баса көңіл бөлмей аталған мәселені шеше алмаймыз. Негізі тәртіп бұзған адамды жазалайтын заң бар. Ал адамның тәртіпсіз болуы неден? Әрине, бұл балаға жасында берілген тәрбиеден. Сондықтан біз мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек.
Баланың отбасынан жақын кімі бар? Ұл да, қыз да отбасында толыққанды ата-ана мейіріміне қанып өссе, тәрбиесінде мін болмаса, олардан есейгенде біріне-бірі қол жұмсайтын, бірін-бірі сыйламайтын тәрбиесіз адам шықпайды. 
Сондай-ақ бала үшін оның отбасынан артық ешкімі жоқ. Қазіргі таңда балаға қол емес, дауыс көтерген ата-анаға да жағдай қиын болып тұр. Сондықтан қоғамда балаға да, жас отбасына да көмегін тигізетін орталық не мектептер керек. Егер біз заңды алға тартып, баланы отбасына қарсы қоятын болсақ, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Мысалы, балаға «сен ата-анаңды тыңдама. Ол саған пәлен деп ақыл айтса, сен түген деп жауап қайтар. Өйткені сені қорғайтын заң бар, оның сені ұруға қақысы жоқ» деп отыратын болсақ, ұлт болашағы үшін бұл қиын болады. Ешкім баласын жаман болсын демейді. Өз ата-анасына қарсы шыққан бала ертең Отанға да опа әпермейді. Сондықтан ата-ананың, баланың бір-бірімен қарым-қатынасын тек қоғам болып реттей аламыз.
Ертеде ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесін ойлаған кезде «Ер-азамат жаугершілік және ел қауіпсіздігі үшін үнемі аттың үстінде жүреді. Еркек түздің адамы, ал үй шаруасына, бала тәрбиесіне әйел жауапты» деп, алдымен әйел тәрбиесіне мән берген. Бұрынғы уақытта бала біткен әженің тәрбиесімен өсіп-өнді, сол арқылы бойына парасат жинады. Әже тұрғанда келін құрсағынан шыққан баласын көп өбектей бермеген. Әйел бойындағы күш-қуатын үй шаруасына, ата-әженің қамын жасауға арнаса, бала бағумен әжелер айналысқан. Немересін күнұзаққа арқалап жүріп өсірген. Сол кезде ол өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, білгенін баланың санасына сіңіріп, ненің жаман, ненің жақсы екенін ұғындырған. Қазіргі балаларға «обал болады, ұят болады, жаман болады» десең түсінбейді. Бүгінгі балалар нанды қадір тұтпайды, үстінен аттап өтіп кетеді. Басынан небір нәубетті өткізген, талай қиындықты көрген ата-бабамыз ұрпағының азғындауына жол берген жоқ. Ал біз заман тыныш, барлығы жеткілікті болса да балаларымызға парасаттылықты үйрете алмай жүрміз. 
Барлық мекеме, кәсіпорын, ұйым-ұжым аптаның бір күнінде отбасы сағатын ұйымдастыруы керек. Мұндағы мақсат – әріптестер, ұжымдастар жиналып, отбасы туралы тақырыптарды қаузауы, бір отбасындағы проблеманы шешудің жолын қарастыруды ойластыруы керек. Әріптесінің отбасына қандай қолдау, қандай көмек керектігін анықтап, соны шешуге атсалысуы қоғам үшін үлкен пайда. Осы секілді шаруа кең ауқымда жүргізілсе, жұрттың біріне-бірі қолдау көрсетуі жанданып, бір-біріне деген мейірімі оянып, адамның ішкі жандүниесі гүлденеді, – дейді Р.Нұрақбаев.
Расында да отбасылық тәрбие, отбасылық құндылық дамымаса, қоғамда ажырасу, әйелге қатысты зорлық-зомбылық, балаға күш көрсету тыйылмайды деп ойлаймыз.
Жалпы ұлттық құндылық, отбасылық институт дамуы үшін ұлттық идеология тиісті деңгейде жұмыс істеуі қажет. Ұлттық идеология жұмыс істеуі үшін қоғамда әлеуметтік теңсіздік болмауы шарт. Әлеуметтік теңсіздік орнауы үшін елдің барлығы бірдей дәрежеде күн кешкені абзал. Егер адам қоғамнан, заңнан әділдік таппаса, өзі ашқұрсақ жүрсе, оның идеологияға бас қатырып, ұлт болашағына алаңдауы неғайбіл. Барлық мәселе нарыққа тірелген, бай мен кедейдің арасы алшақтаған, батыстық, еуропалық менталитет етектен алып, жаһандық мәдениет ұлтқа жанасқан мына заманда осының бәрін ретке келтіру оңай емес.

                                                                                                                                                                                                                             "AR-AI"-ақпарат

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар