Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Су тасқыны: мал шығыны өтелуде

Су тасқыны: мал шығыны өтелуде
ашық дереккөз
Ауылшаруашылығы

Ауылшаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин су тасқыны салдарынан малынан айырылған шаруалардың өтемақыны қалай алатынын түсіндірді.

Елімізде су басқан аймақтарда ахуал тұрақталып, мал шығыны өтеліп жатыр. Келтірілген залалды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссиялардың жұмысы барысында табиғи апаттан 8,2 мың ауылшаруашылық жануарларының өлгені анықталды. 


Олжас Тілебалдин өлген жануарларды утилизациялау жұмыстары ветеринариялық қызметтердің бақылауында екенін жеткізді. Сондай-ақ шығу тегі күмән келтіретін етті сату туралы таралып жатқан ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын айтты.


– Өлген мал басы бойынша деректер үнемі жаңартылып отырады. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд облыс әкімдіктерімен бірге өлкен жануарларды жинау және жою жұмысын жүргізіп жатыр. Бұған дейін топырақта Сібір жарасы спорасының болуына жүргізілген талдау нәтижесі теріс нәтиже көрсетті. Бүгінде су басқан аймақтардағы эпизоотиялық жағдай тұрақты және ахуал Ауылшараушылығы министрінің бақылауында, – деді Олжас Тілебалдин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.


Сондай-ақ министрлік өкілі республикалық штабтың хаттамасында өлген малдың шығынын өтеу алгоритмі бекітілгенін атап өтті. 
– Алгоритм бойынша, су тасқыны салдарынан өлген ауылшаруашылық жануарларының барлық иесі өтемақы алуға құқылы. Бүгінде Қостанай облысында ауылшаруашылық жануарларының 780 малына 113,2 миллион теңге, Ақтөбе облысында ауылшаруашылық жануарларының 753  малына 98,3 миллион теңге сомасында өтемақы төленді. Қарағанды облысында ауылшаруашылық жануарлары бойынша залал толығымен өтелді. Батыс Қазақстан облысында өтемақыға 187,4 миллион теңге бөлінді, өтінімдерді қабылдау рәсімі жүргізіліп жатыр.


Меншік иесін анықтау жануарлардың біріздендіру нөмірін ауылшаруашылық жануарларының біріздендіру дерекқорымен салыстыру арқылы, ал мал тіркелмеген жағдайда куәгерлерді тарта отырып, залалды өтеу жөніндегі комиссияның актісімен анықталады. Ауылшаруашылық жануарларының иелеріне өтемақы төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көзден де жүргізіледі, – деді ресми өкіл.


Өлген мал басы бойынша өтемақыны алу үшін не істеу керек?
Малдың иесі жергілікті жерлердегі залалды өтеу жөніндегі комиссияға өтініш беруге тиіс, сондай-ақ барлық өтінімді жергілікті әкімдіктер құрған тек ресми комиссияларға беру керек.


Осыдан кейін өтемақы төленеді.
Деректерді жинаумен айналысатын әртүрлі штабқа ұсынылған ақпарат төлем үшін негіз болып саналмайды. Су тасқыны кезінде ауылшаруашылық саласы бойынша қосымша сұрақ туындаған жағдайда Ауылшаруашылығы министрлігі жанындағы жедел желіге (8 717 2 57 33 58, 8 747 094 33 81) хабарласуға болады. Ол таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:30-ға дейін жұмыс істейді, – деді Олжас Тілебалдин.

«AR-AI»-ақпарат
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар