Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шарапаты мол шәууәл айы

Шарапаты мол шәууәл айы
Ашық дереккөз
Аса мейірімді Алла Тағала пендесіне оразаның құндылығын кеш түсініп, қасиетті айда жіберіп алған кемшіліктерді толтыратын Шәууәл айының оразасын берді.

Шәууәл айы – Рамазанның біткенін білдіретін, Айт мейрамының келгенін сүйіншілейтін ай.Шәууәл айының тарихы исламға дейінгі дәуірден бастау алады. Бұрынғы арабтар бұл айды жамандыққа ырымдап, ерлі-зайыптылардың осы айда бас қосуы дұрыс неке болмайды деген сенімде болған. Себебі ерте заманда үйленгісі келген жастардың бірнеше жұбы дәл осы Шәууәл айында қатерлі оба ауруына шалдыққан деген аңыз бар екен. Сондықтан олар сол тағдырдың қайталануынан қорқып, Шәууәл айында үйленбеу керек деп есептеген. Шәууәлда үйлену қажет болса, аспанға көгершін ұшырып, соның ұшуына қарай әрекет еткен. Ұшырылған құс оңға не алға қарай бағыт алса, олар мұны жақсылыққа балап, Шәууәлда үйлене беретін. Ал егер әлгі құс ұшқан бетте сол жаққа не кейін қарай бағыт алса, олар мұны жаман ырымға балап, үйленуді тоқтатқан. Алайда адамдардың тағдыры құстың немесе уақыттың емес, Алла Тағаланың қолында екенін білмеген. Осылайша ислам діні келісімен мұндай соқыр сенімдер өзінен-өзі ұмытыла бастады.

Қос дүниенің сардары Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы айда Айша анамызға үйленіп, негізсіз тыйымның тамырына түбегейлі балта шапты. Бұхаридың «Сахихында» Айша анамыздың (р.ғ.) өзі бұл жайлы: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) маған Шәууәлда үйленді және менімен Шәууәлда шаңырақ көтерді. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қай әйелі оның алдында маған қарағанда сүйіктірек болып еді?!» – деп айтқан. 
Яғни Ислам діні мұндай жалған сенімдердің күшін жойып, Алланың мейірімін ешкімнің де шектей алмайтынын халыққа түсіндірді. Құран Кәрімнің «Юнус» сүресінің 107-аятында: «Егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, онда Оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол оны құлдарынан қалаған кісіге береді. Ол өте Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», – деп айтылған. Демек, пендеге пайда да, зиян да бір Алладан ғана болатыны Құранда ашық баян етілді.Он екі айдың ішінде Шәууәл айы ғана мейраммен басталады. Ол – Ораза айт мерекесі. Оразадан кейінгі бұл мейрам қуанышпен келетін болғандықтан айтпен басталатын Шәууәл айы да мұсылмандар үшін қуаныш сыйлайды. 

Рамазан айындағы парыз оразаны өтеп болғаннан кейін Шәууәлдағы қосымша құлшылықтардың ең негізгісі – алты күндік ораза басталады. Яғни осы айда Алла Тағалаға нәпіл ғибадаттар арқылы жақындай түсу мүмкіндігі туады. Муслимнің «Сахихында» келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууәлда алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады», – деген. Бұл хадис Шәууәлдағы алты күн оразаны тұту Аллаға сүйікті амал екенін білдіреді. 

Отыз күн оразаға Шәууәлдағы алты күнді қосып тұтудың бір жылдық оразаға тең келуін шариғат ғалымдары былай түсіндіреді: Әрбір жақсылық кемінде он еселенеді. Рамазандағы отыз күніміз үш жүз күнге татыса, одан кейінгі Шәууәлдағы алты күніміз алпыс күнге тең келеді. Ахмадтың «Муснәд» жинағында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан оразасын ұстаса, бір ай он айға тең келеді. Ал айттан кейінгі алты күннің оразасы екі айға тең. Барлығы бір жылдың оразасына тең», – деп айтқан.

Бүгінгі күні халық арасында «Рамазанда түрлі себептермен өтелмей қалған парыз оразаның қазасын Шәууәл оразасының алдында өтей ме, әлде керісінше ме? Шәууәлдағы нәпіл оразаны бекітсек, қаза болған парыз оразасы өтеле ме? Әлде екеуіне екі бөлек ниет етіп, екі бөлек ұстау керек пе? деген сауалдар көп. Осыған орай бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері былай жауап береді: «Рамазанда түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған адам Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады».
Бұл ретте Рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы екенін ескерген жөн. Ал Шәууәл айында 6 күн ораза тұту Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті болғандықтан, ең алдымен, оразаның қазасын өтеу абзал. Сондықтан алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс.Алла Тағала ниетімізді қабыл еткей!

 А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар