Өткен жылдың тамыз айында тұрғындардың таңдауымен Жамбыл ауылдық округінің әкімі болып Ақсана Қалыбаева сайланған болатын. Сол кезде Ақсана Жамбылқызының алдында Жамбыл ауылында шешілмеген түйткілдерді тарқатуға қатысты бірнеше міндеттемелер тұрған еді. Соның бірі – аталған елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету. Өйткені орталықтандырылған су жүйесінің тозығы жетуіне байланысты тұрғындарға ауызсу күніне бір сағатқа қана беріледі. Осы мәселе бүгінде шешімін тапты ма? Біз бұл туралы Жамбыл ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ауылдық округ әкімі Ақсана Қалыбаевадан сұрап білдік. Оның айтуынша, ауылда ауызсу жинақтайтын сыйымдылығы 300 текше метр қойма бар. Жамбыл ауылындағы 7 көшеге орталықтандырылған ауызсу толық бармайды. Себебі 2009 жылы қолданысқа берілген ауызсу құбырының тозығы әбден жеткен. Қазіргі таңда ауылдықтарды ауызсумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджетке тиісті өтінім жолданған екен. Ал қалған шаруалар ретіне қарай біртіндеп еңсерілуде.
Жалпы округке қарасты бір ғана Жамбыл ауылы бар. Қазір 231 түтін,1 503 тұрғын бар. 7 көше, 216 ауладан құралған елді мекенде 1 305 тұрғын күн кешіп жатыр. Жамбылдықтардың 651-і экономикалық белсенді тұрғын болса, оның ішінде 240-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 27-сі мүгедектігі бар азамат болса, жұмыссыздар саны – 25.– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы қаралуда. Ауылдық округте 45 жеке кәсіпкерлік нысан мен 33 шаруа қожалық тіркелген. Жылдық бюджетіміз 56 миллион 430 мың теңгені құрап отыр. Жыл басынан осы кезеңге дейін ауылдық округте бюджеттің кіріс жоспары 2 миллион 607 мың теңгеге жетсе, жалпы бюджет шығындарының атқарылуы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Округте 4 900 мүйізді ірі қара, 11 000 уақ мал, 1 482 жылқы, 227 түйе, 975 үй құсы бар. Өткен жылға қарағанда мал саны 10 пайызға өсті, – дейді Ақсана Жамбылқызы.
Округ бойынша соңғы бес жылда аса ауыр қылмыстар және жол апаты, бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша қылмыс тіркелмепті. Содан болуы керек, бұл ауылды былайғы жұрт «қылмыссыз ауыл» деп атайды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА