Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мұғалімге артылар жүк ауыр

Мұғалімге артылар жүк ауыр
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті. Жаңа заңда қарастырылған позициялардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді.Атап айтқанда, педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту формаларын таңдау бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілді. Педагогке тән емес функцияларға тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген. Осы нормалар бұзылған жағдайда құқықбұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Бұдан бөлек педагог мамандардың балаларын балабақшаға орналастыруда басымдық беру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты сияқты бірқатар материалдық емес ынталандыру қарастырылған. Бұл ретте әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтарға жоғары жалақы төлеу, денсаулығын сақтау, «Үздік педагог» сынды гранттарға әлеуметтік кепілдіктер сақталған. Көзделген нормалардың тағы бір маңызды ерекшеліктерінің бірі – материалдық ынталандыру. Негізгі материалдық ынталандыруларға сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы, барлық педагог үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу және басқа да шаралар жатады. Бұған қоса магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған, яғни мектептерге академиялық дәрежесі бар мамандарды тартуды көздейді.

Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң оларға қойылатын кәсіби талап та арта түсетіні белгілі. «Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бүгінгі ұстазға қойылатын талапты дөп басып тұр. 

Жалпы қоғамның қарқынды дамуы үшін бәсекеге қабілетті, әлеуметтік белсенділіктері дамыған жас мамандарды қалыптастыруда ата-аналармен қатар, білім беру мекемелеріндегі мұғалімдердің ерен еңбектері мен игі істерінің алатын орны зор. Сондықтан педагог мамандығының қазіргі қоғамдағы мәртебесі туралы айту үшін әлеуметтік құндылығын, қоғамдағы орны мен рөлін, ұстаздың білімі мен біліктілігі мәселелерін тереңірек қарастырған жөн.

Қазіргі заман мұғалімі қандай болуы керек? Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын шығар. Қазіргі заман мұғалімі дегеніміз, шын мәнінде, кемелді ұрпақ тәрбиелеуді өмірлік мақсат-мұраты санайтын, өзгелерге өнер-білім үйрете жүріп, өзі де үйрене жүретін сегіз қырлы, бір сырлы жан болуы қажет. Ұстаздар балаларға тек білім берумен ғана шектелмей, сонымен қатар олардың дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде кемелденуі үшін берер тәрбиенің ықпалы да зор болмақ. Ол үшін, ең алдымен, мұғалімнің білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге боларлықтай тұлға болуы шарт.

Өткен жылы Астана қаласында І республикалық педагогтар съезі өтті. Келелі жиынды ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының қызметкерлеріне артылатын жауапкершілік жүгі салмақты екенін атап өтті.– Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз –  ең алдымен, қадірлі маман. Ал ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген.

Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Кейінгі төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. 
Түрлі қиындыққа қарамастан, міндетін адал атқарып келе жатқан барша ұстаздарға алғысын білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.
– Бірінші мәселе – ұстаздардың біліктілігін арттыруымыз керек.

Мағжан Жұмабайұлы «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген. Халқымыз келешектің кілті білімде екенін терең түсінген. Сол себепті ұстазды ерекше қадірлеген. Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын.

Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып барады. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, білім беру саласының алдында ауқымды міндет тұр. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Әрбір бала мектептен сапалы білім алып, жақсы адам, адал азамат болып шығуы керек. Бәріміз осы маңызды мақсат жолында табанды еңбек етуіміз қажет. 

Бақыт СҰРАБАЛДИЕВА, 
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің ғылым магистрі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар