Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Күй анасын, сүй, Алашым!

Күй анасын, сүй, Алашым!
Қазақ күй өнерінің атасы Құрманғазы болса, анасы – Дина Нұрпейісова.

Алла Тағала тұла бойына тылсым өнер дарытқан күйші Дина Кенжеқызы ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамында әйел баласының басында кездесетін сан түрлі қиындықтың бәрін жеңіп шығып, жеке тұлға ретінде өзіне жүктелген аманатты келешек ұрпаққа аман тапсырды. Ол аманат – қазақ күйі, домбыра шанағындағы тылсым дүние болатын. Күй анасын еске алу мақсатында жуырда Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында Дина Нұрпейісованың жыр алыбы Жамбыл Жабаевпен кездесуі жайында «Күй анасы» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. 

Іс-шара барысында күйшінің өмір жолы мен шығармашылығын баяндайтын бейнеролик көрсетіліп, жыр алыбымен жолығуы туралы баяндалды. Ал Тараз қаласындағы Оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогі Ләззат Әубәкірова Дина күйшінің өмірі мен шығармашылығы туралы сөз қозғап, «Өрлеу» ән-саз студиясының «Жігер» домбырашы жігіттер үштігін ортаға шақырды. Жас өнерпаздар Динаның ұстазы болған Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін орындаса, орталықтың тағы бір оқушысы Бекасыл Мырзақұл Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр» күйін көпшілікке тарту етті.
Сондай-ақ «Жаңабаевтар» отбасылық халықтық ансамблінің жас өнерпаздары, Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназияның оқушылары тыңдармандарға Құрманғазының күйлерін тарту етті. Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы Інжу Жандарбек Жамбыл Жабаевтың «Балалар, аманбысың, шырақтарым» өлеңін оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді. 
Сонымен қатар іс-шара барысында Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері Асылжан Шайділдаев пен Фарида Метеркұлова, «Жаңабаевтар» отбасылық халықтық ансамблінің мүшесі, күйші апамыздың аттасы Дина Әбдіхалықова сөз сөйледі.

Гүлгауһар БҮРКІТБАЕВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият 
және тарихтану орталығының
мәдени ұйымдастырушысы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар