arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ғылымы озық ел кез-келген дағдарысты еңсереді - Қасым-Жомарт Тоқаев

Ғылымы озық ел кез-келген дағдарысты еңсереді - Қасым-Жомарт Тоқаев
Ғалымдар отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

«Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды.

Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер. Мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек. Қажет болса, арнайы құжатты дайындаймыз. Ғылым және жоғары білім министріне осы мәселені пысықтауды тапсырамын.

Қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл заң ғылымның дамуына зор серпін береді деп сенемін. Жалпы білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет», - деді Президент. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ғалымдар ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек екенін айтты.

«Сіздер әлемнің үздік ғылыми орталықтарында болып, тәжірибе жинақтап жүрсіздер. Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес.

Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады.

Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын – сапалы, болашағын – жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы. 

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев қазір ел бірлігі, мамандардың кәсібилігі сынға түсіп жатқанын атап өтті. 

«Ашығын айтсақ, елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе әлі де аз емес, түрлі саладағы түйткілдер шешілмеді. Соның салдарын енді көріп жатырмыз.

Қалай десек те, алдымызда – бір ғана жол бар. Біз барлық мәселені міндетті түрде шешуіміз қажет. Бұл – заманның да, халықтың да талабы. Жүйелі жұмыс істесек, барлығы орнына келеді деп ойлаймын. Дәл қазір жасалған іс-әрекеттің игілігін ертең кейінгі ұрпақ көреді. Сондықтан бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып адал еңбек етуіміз керек.

Халқымыз бұдан да күрделі кезеңдерді еңсерген. Бәрін берекелі бірліктің арқасында жеңе білген. Қазіргі жауапты сәтте де мызғымас ынтымағымыз айқын көрініп отыр. Осы ауызбіршілігімізден айырмасын, барлығын да еңсереміз.

Қазақ «Жамандық көрмей, жақсылық болмас» дейді. Елдің бірлігі де, мамандардың кәсіби деңгейі де осындай сын сағатта шыңдалады. Қазір мыңдаған мемлекеттік қызметші құтқарушылармен, волонтерлермен бірге күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Олар апаттың алдын алу, адамдарды құтқару және тасқынның салдарын жою үшін еңбек етіп жүр. Әр азаматтың шынайы отаншылдығы нақты іс жүзінде байқалып жатыр. Халыққа қызмет ету – парыз. Ал қиын-қыстау сәтте туған ел үшін адал қызмет ету – қасиетті борыш», - деп түйді сөзін ҚР Президенті. 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар