Көбіне өзге мемлекетте білім алуға кеткен жастарымыз сол елдің мәдениетін, идеологиясын дін деп қабылдап, қателесіп жатады. Елге келген соң айналасындағы адамдарға, қоғамға шетелден көрген-білгенін насихаттап бастайды. Өзіміздің салт-дәстүр, ғұрып-жоралғы, ырым-тыйымдарға қарсы шығып, ата-бабаларымызды сауатсыз қылып көрсеткісі келеді. Десе де қазақ халқы ежелден Құранды жатқа білген, шариғи заңдарға сусындап өскен халық. Сол себептен барлық ырым-тыйым, тіпті мақал-мәтелдерді де шариғатқа, Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетіне негіздеген. Қазіргі кезде жастар арасында діни сауатын шетелдегі күмәнді білім ошақтарынан алған соң дін мен дәстүрді жарыстырып, салыстыру қоғамда маңызды мәселеге айналды. Дінді дәстүрден жоғары қойып, әдет-ғұрыптарымызды адасушылық, бидғат деп айыптап жатады.
Өзіндік пікірі қалыптаспаған, ұлттық дүниетанымы бойына толық дарымаған, патриоттық сезімі сіңбеген жастарымыздың шетелде діни білім алуы қауіпті. Атеистік идеология халықты рухани бағытта әлсіретіп жіберді, сондықтан тәуелсіздік жылдарында елімізде діни салада вакуум қалыптасты. Салдарынан әртүрлі діни ағымдар пайда болып, әрқайсысы осы кеңістікті қазақ халқы үшін дәстүрлі емес негіздерге және жаңа идеяларға тез толтыруға тырысты.
Бүгінде елімізде дінтану ғылымы даму үстінде. Ал «Дінтану» мамандығы бойынша кадр даярлауда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің рөлі зор. Аталған оқу орындары дінтанумен қатар, «Исламтану» бойынша да мамандар даярлайды. Жоғары оқу орындарында дінтану саласын зерттеген білікті профессорлар, ұстаздар сабақ береді. Сондықтан да діни білімді шет мемлекеттерден емес, өз еліміздегі сенімді ақпарат жүйелерінен, сенімді мамандардан алған дұрыс.
Аягөз ЕСЕН,
облыс әкімдігі дін
проблемаларын зерттеу
орталығының инспекторы