Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қамданған қарғын суға қарсы тұрады

Қамданған қарғын суға қарсы тұрады
6 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жолдады. Президент төтенше жағдайдың зардабын жою бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты міндет

Қош, материалдық шығын өтеледі, кінәлілер жауапқа тартылады. Су тасқынының зардабы жойылып, халық баяғы қоңыр тіршілігіне қайтып оралады. Ендігі маңызды мәселе – алдағы жылдары да қарғын су қарбалас тудырмас үшін не істемек керек?! Осы орайда көпшілікті алаңдатқан мәселеге байланысты бірнеше ұсынысымды ортаға салғанды жөн көріп отырмын. 
Біріншіден, мемлекет су тасқыны болуы мүмкін барлық облыстарға, аудандарға және ауылдарға арнайы мамандар жіберіп, төтенше жағдайды болдырмаудың жекелеген әдістерін анықтауы керек. 
Бірінші әдіс – елді мекеннің ішінен және айналдыра дренаж каналын қазу. Негізі әдістің тиімділігі төмен. Барлық жағдайда қолдана беруге келмейді. Себебі елді мекеннің тұрған жері жазық болғанымен судың ағу бағыты тегіс болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда су ағыны әлсіз болады. Сонымен қатар дренаж каналынан шыққан су келесі ауылға немесе ауданға қауіп төндіреді. Одан бөлек дренаж каналы су деңгейі бірден көтерілгенде өз міндетін атқара алмайды. Яғни су каналға сыймай кетеді. Сондықтан дренаж каналдарын жерасты суы жақын елді мекендерде қолдану тиімді. 
Екінші әдіс – елді мекеннің қыратты немесе биік жерлерде салынуы. Мысал ретінде айта кетейік, бұрын Сырдария өзенінің бойындағы елді мекендер төбелі құмдардың арасына орналасатын. Себебі Сырдарияда сең бұзылып, тасқын басталғанда адамдар қажетті мүлкін, көрпе-төсегін, малын алып, құмның төбесіне шығып кететін.
Үшінші тиімді әдіс – ауылды айналдыра бөген, дамба салу. Бұл әдісті тиімді көру себебім – шағын ауылды дамба жасау арқылы қоршауға көп шығын, уақыт кете қоймайды. Қыста қар қалың түсетін болса, дамбадан сыртқа шығарып отыруға да болады. Биылғы су тасқынында елді мекендер даладан ағып келген судың тасқынынан зардап шекті. Дамбаның ені, оның су ағысына қарсы бетінің ағаш, темір-бетон сияқты материалдармен күшейтілуі маңызды болып саналады.
Осы секілді көктемгі су тасқынынан елді мекендерді сақтау әдістерін зерттеу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Себебі ғалымдардың болжауынша, 2030 жылдарға қарай көктемгі су тасқыны қайталанып қана қоймай, жылдан-жылға оның апатты күші арта береді. Сондықтан биылғы жаз айларында осы бағыттағы жұмыстар Қазақстанда арнайы бағдарлама негізінде белсенді түрде жүргізілуі және мемлекеттің қатаң бақылауында болуы керек.

Серік ӘПЕНОВ, 
Әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық 
университетінің 
профессоры

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар