А.Серікбаев 1963 жылы Жамбыл ауданының Құмшағал ауылында дүниеге келген. 1998-2003 жылдары ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институтында білім алып, өрт қауіпсіздігінің инженері мамандығын алып шығады. 1984-1986 жылдары №22 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінің өртсөндірушісі, бөлімше командирі қызметтерін атқарады.1987-1992 жылдары №141 дербес әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болады. Сол жылдары «Ең үздік қарауыл» атағына ие болғаны да қажырлы еңбегінің жемісі. 1992-1999 жылдары №22 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінің инспекторы, қарауыл бастығы, ауысым жетекшісі болып, артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтере біледі.1999-2007 жылдары облыстық әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары, шұғыл әрекет бөлімінің бастығы, мамандандырылған жасақ бастығы, күштер мен құралдарды басқару орталығының бастығы ретінде де өзін жақсы қырынан көрсеткен. Сондай-ақ 2007-2008 жылдары өртке қарсы қызмет департаменті үйлестіру басқармасын басқарады.
Жалпы Абсамат Тынықбайұлы қандай жағдай болмасын мамандығына адалдық танытты.Қиындықтар, кедергілер өжет өртсөндірушіні сындыра алмады. Керісінше шарболаттай шыңдады. Кейіпкеріміздің еңбек жолына үңілсек, басын бәйгеге тіккен кездері аз емес екенін байқаймыз. ... 1987 жыл. 31 желтоқсан. Түнгі сағат 00:00 шамасы. Жаңатас қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау кен өңдеу кешенінде өрт шыққаны туралы хабар түседі. Жедел оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер кәсіпорын жұмысшыларына арналған моншаның отқа оранып жатқанын көреді.Ойланып тұруға уақыт жоқ. Тез арада шолу жасауға көшеді. Сол кезде алдында ертерек келген өртсөндірушілердің қателікке бой алдырғанын байқайды.
Яғни жанып жатқан моншаның ішіне кіре алмай, есік алдында тұрып оқпанмен су шаша берген екен. Ұзын дәліз арқылы қою түтін шығып жатқанын байқаған А.Серікбаев ішіне кіруге оқталады.Сығымдалған ауа аппаратын үстіне іліп алып, тәжірибелі өртсөндірушілердің ескертуіне құлақ аспастан қауіпті аймаққа жалғыз өзі кіріп кетеді. Өйтпеске амал жоқ, себебі қарамағындағыларда жоғарыда аталған аппаратты киюге рұқсат жоқ болатын. Негізі арнайы нұсқау бойынша жанып жатқан ғимаратқа жалғыз кіруге болмайды, Сонда да тәуекелге бел байлап, дәлізді бойлап алға қарай жүре берді. Моншаның қабырғалары ағашпен қапталған. Іші жиһазға толы.
Қызыл жалын дес берер емес. Әйтеуір, оқпанмен су беріле бастаған соң оттың күші қайта бастайды.Өрт ошағы ауыздықталған соң моншаның ішінде адамның жоқ екені анықталады. Қарауыл бастығы А.Серікбаевтың алғашқы шыққан өрт оқиғасы осылай сәтті аяқталған еді.Тағы бір естен кетпес оқиға 1989 жылдың қыркүйек айында орын алады. Кешкі сағат 19:00 шамасында өрт сөндіру байланысының орталық пунктіне Жаңатас қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау кен өңдеу кешенінің аумағында орналасқан теміржолдың бойында қамыс жанып жатқаны туралы хабар түседі. Шақырту орнына келген өртсөндірушілер бірнеше қиындыққа тап болады.
– Өрт шыққан жерге жақын маңдағы үлкен шұңқырда су бар екен. Байқасақ, судан бөлек көп жылдан бері шұңқырға төгіліп, жиналған мазутқа да от тиіп, жанып жатыр. Сонымен қатар теміржол жағасында мазут сақтайтын қойма тұр. Ал қойманың ішінде мазут құятын сыйымдылығы 1 000 текше метр болатын екі резервуар орналасқан. Сонымен не керек, өртті жоюға бағытталған жұмыстар басталып кетті. Дегенмен жанып жатқан өрт ошағына оқпанмен су жеткізу қиынға соқты.
Өрттің өршігені соншалық, мазут қоймасына қауіп төне бастады.Қандай жағдай болмасын қойманы өрттен сақтап қалу керек. Сөйтіп, қосымша күш шақыруға тура келді. Жеке құрамға берілген тапсырма – өртті ауыздықтау үшін үздіксіз су жеткізуді ұйымдастыру болатын. Сондықтан суы бар жерлерді тереңдетіп, автоцистернаны су көзіне қойып, гидроэлеватор арқылы су бере бастады. Жеке құрамның белсенділігінің арқасында жұмысымыз жолға қойылды.
Қырсыққанда бір уақытта жел күшейді. Жұмысты одан сайын қиындата түсті. Су өрт ошағына жетпей бетті күйдіріп барады.Өрттің бетін қайтару қиындай берді. Не істеу керек? Көп ұзамай «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры оқиға орнына келіп, қандай көмек қажет екенін сұрады. Басшыға лай-батпақтың ортасына жол салу керек екенін, сөйтіп, желдің бағытын өзгерткенде өрт ошағын тоқтатуға мүмкіндік болатынын айттым. Директор тез арада 40 тонналық «БелАЗ» ауыр жүк көлігі және тағы бірнеше техниканы жұмылдырып, көрсеткен жерлерге топырақ төсеп, әп сәтте жол салды. Осылайша су жеткізу мәселесін шешіп берді. Ақырында таңғы сағат 07:00 шамасында өрт ошағы жойылды.Сенесіз бе, бөлімшеге келген соң аяғымыздағы етігімізді шеше алмай әуреге түстік.
Мазуттың ыстығынан етігім жидіп қалыпты. Амал жоқ, пышақпен етіктің қонышын кесуге тура келді, – деген Абсамат Тынықбайұлы естен кетпес тағы бір өрт оқиғасын айтып берді. 1993 жылдың күз айы. Түнгі сағат 22:00-де байланыс орталығына «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабында орналасқан жеміс сақтау қоймасында шыққан өрт оқиғасы туралы хабар түседі.Дабыл бойынша шыққан бірінші бөлімше шақырған жерге жетіп қалғанда бейтаныс азамат қолын бұлғап тоқтатып: «Қоймада қарауыл болып жұмыс істеймін, қасына жақындаушы болмаңдар. Қоймада 12 тонна аммиак бар, егер жарылса, ешқайсысың тірі қалмайсыңдар, қашыңдар», – дейді де велосипедіне мініп, кетіп қалады. Мұндай жағдайда қорқу өртсөндірушіге жат қасиет. Оқиға орын алған жерге келгенде аммиактың иісі қатты білініп жатты.
Тез шешім қабылдау керек. Көп ойланбастан А.Серікбаев жеке құрамға тез арада тыныс алу аппаратын қолдану жөнінде тапсырма береді. Басты мақсат – аммиактың төгілуін тоқтату. Әйтпесе тұрғындардың өміріне қауіп төнеді. Өйткені аммиак адамның тыныс жолдарын күйдіреді. Қауіп-қатерге қарамастан шұғыл әрекет еткен өртсөндірушілер жарты сағатта кранды бекітіп, аммиактың одан әрмен төгілуіне жол бермейді. Ендігі мақсат – өртті сөндіру.
Қойманың іші өте үлкен болғандықтан әрі будақтап шығып жатқан қою түтін өрттің нақты қай жерден шығып жатқанын табуға мүмкіндік бермейді. Автоцистерналар ағып жатқан «Қарасу» каналына жеткізіледі және сол жерде жауынгерлік қанат жайылып, оқпандар су беруге дайындалады. Қосымша барлау жасалғаннан кейін қойманың төбесіне шыққан өртсөндірушілер түтінді шығару үшін қойманың төбесін ашып, бықсып жанып жатқан қабырғаларға оқпаннан су бере бастайды.
Сөйтіп, таң ата өрт ауыздықталады. Сол кезде А.Серікбаевтың қарамағында қызметте болған бөлімше командирі – Ш.Оразбеков, өртсөндірушілер – Б.Сәрсенбаев, А.Иманбаев, Т.Әлішев және жүргізушілер – М.Фисенко мен Р.Батырқұлов бастарын қатерге тігіп, жан аямай еңбек еткен болатын. Зейнеттегі полковник Абсамат Серікбаев мінсіз қызметі үшін I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлар қызметінің ардагері» медальдарымен, «Өртке қарсы қызметтің үздігі», «Өртке қарсы қызметіне – 100 жыл» мерекелік төсбелгілерімен марапатталған.
Сахи Әбілхайырұлы,
өртке қарсы қызмет ардагері
Тілсіз жаудың тигізетін зардабы көп
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024